13 Наурыз, 2019

Қостанай облысында санитарлық авиация тікұшақ пайдалана бастады

1098 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алыс елді мекендерден ауруларды Қостанай облыстық ауруханасына жедел жеткізудің мүмкіндігі кеңейе түсті. Үш айдан бері облыстық санитарлық авиация тікұшақты пайдалана бастады. Облыстық ауруханасының арасында тәжірибелі нейрохирургі бар бригадасы шалғайдағы Денисов аудандық ауруханасының шақыртуына тікұшақпен барып, бір сағаттың ішінде ауруды қарап, жағдайы нашар болған соң алып қайтты. Бүгін кешке қарай тағы да сол аудандағы хал үстінде жатқан ауруға реанимотолог дәрігер Ирина Шапко тікұшақпен кетті.

Қостанай облысында санитарлық авиация тікұшақ пайдалана бастады

«Біз шалғайдағы елді мекендерден науқастарды неғұрлым тез жеткізсек, оны емдеудің нәтижесі де жақсы болады. Ал мұндай жағдайда тікұшақ ең жылдам көлік болып табылады. Оған арнайы ұшу, қону алаңы керек емес, аурухананың алдындағы алаңға қона салады, сондықтан оған әл үстінде жатқан ауруды қинамай жеңіл саламыз. Біз осыдан 2-3 күн бұрын Денисов аудандық ауруханасынан әл үстінде жатқан науқасты осы тікұшақпен облыстық ауруханаға жеткіздік. Осы жолы да Денисов ауданына бара жатырмыз, науқасты облыстық ауруханаға алып кетуіміз де мүмкін.Тікұшақтың артықшылықтары көп. Іші ауруға жедел жәрдем көрсетуге лайықтап жасалған, бір жарым сағатқа жететін оттегі балондары бар. Іші ұшаққа қарағанда жылы» деді дәрігер Ирина Шапко.

«Казавиааспас» авиа компаниясының өкілі Азамат Молдағалиевтің айтуынша, тікұшақ ең алдымен жылдамдықты қамтамасыз етеді, сондықтан денсаулық сақтау саласының қызметіне қолайлы. Астанада құрастырылған тікұшақ бүгінде республикамыздың облыстарында жиі пайдаланылады.

«Тікұшақ 700 шақырымға дейін тоқтамай ұшады. 400 литр жанар-жағар май құйылады. Өкінішке қарай, Қостанай өңірінде облыс орталығынан басқа жерде май құятын орын тек Арқалық қаласында ғана бар. Бұрын Торғай кентінде болатын, ол жерде қазір әуежа й да жоқ. Алдағы уақытта шалғай аудандарға қауіпсіз ұшу үшін әр жерде сол өңірден тікұшаққа май құятындай мүмкіндік жасалатын болады» дейді Азамат Рамазанұлы.

Облыста дәрігерлер жылына санавиациямен 46, кей жылдары 60 рет аудандар мен қалаларға шығады. Кейбір аудандар тым шалғай болғандықтан санитарлық авиация қызметіне өте зәру. Тікұшақ бұл саланың қызметін жандандыра түсетін болады.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай