08 Маусым, 2012

Дүбірге толы дүние

246 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Дүбірге толы дүние

Жұма, 8 маусым 2012 6:58

СИРИЯ: ТҰЙЫҚҚА ТІРЕЛГЕН САЯСАТ

Қазір әлемдегі ең қанқұйлы қақтығыстың орталығы Сирия болып отыр. Ондағы жағдайды Башар Асад пен оппозициялық күштер арасындағы қақтығыс деуден гөрі оларды жақтаушылар арасындағы тартыс деп сипаттаған жөн болар.

 

Жұма, 8 маусым 2012 6:58

СИРИЯ: ТҰЙЫҚҚА ТІРЕЛГЕН САЯСАТ

Қазір әлемдегі ең қанқұйлы қақтығыстың орталығы Сирия болып отыр. Ондағы жағдайды Башар Асад пен оппозициялық күштер арасындағы қақтығыс деуден гөрі оларды жақтаушылар арасындағы тартыс деп сипаттаған жөн болар.

Мамырдың ая­ғындағы Хула қала­сындағы қырғын­нан кейін Сирия президенті Башар Асадты жақ­тау­шы­лар қатары сиреп қалғаны анық. Осы оқиғадан кейін уәжге тоқ­тай­­тын­дар кінәларын мойындаса керек еді. Ал Асадтың айыпты басқа­лар­ға аударғысы келетіні байқалады.

БҰҰ мәліметіне қарағанда, сол Хула қаласына жасалған шабуылдан 116 адам қаза тауып, 300-ден астам адам жараланған. Байқаушылардың мәлімдеуінше, 20 адам артиллериялық атқы­лау­дан қаза тапса, жүзге тарта адам биліктің қолдауындағы әскери­лен­ген Шаббийя құрамасы әре­кеттерінің құрбандары болған.

Ал бұл қырғынды Асад «қа­руланған лаңкестік бандиттер­дің» әрекеті санайды. Мұны АҚШ-тың БҰҰ-дағы өкілі Сьюзен Райс басқаша байыптайды: «Сирия үкіметі айтқан сөзді растайтын ешнәрсе жоқ. Бұл кезекті өтірік». Артиллериялық атқылау­дан біраз адам қырылғаны бел­гі­лі. Ал үкімет күштеріне қарсы жақта артиллериялық қарулар жоқ. Қала халқын қырғандар сол артиллериялық атқылаумен үй­лес әрекет жасаған. Әлде бұл арандатушылардың әрекеті ме екен деген де ойға қаласың.

Сөз басында бүгінге дейін 13 мың адамның қазасына соқ­тыр­ған қақтығыстың бір сипаты деп Башар Асад билігін қолдаушы­лар мен оны айыптаушылар ара­сын­дағы тартысты айтқан едік. Егер Ресей мен Қытайдай қол­дау­шылары болмаса, Сирия бас­шылығы өз халқына қарсы күш қолдану саясатын жүргізе алмас еді. Оларды қатты айыптаған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің ал­ғашқы шешімдерінен кейін-ақ халықаралық қоғамдастық айт­қа­нынан шыға қоймас еді. Да­мас­кіні қолдаушылар өздерінің вето құқын пайдаланып, БҰҰ шеші­мін қа­был­даттырмай тас­тады.

Башар Асадтың өз билігін күшпен ұстау саясаты бәрі­бір тұйыққа барып тірелетінін соңғы Хула қаласындағы қақтығыс айқын көр­сетті. Мұнда би­­лік­ті жақтайтын әскериленген ді­ни құрылымның белсенді әре­кет­ке көшкені әсте де Асадтың жағ­дайын жақсарта қоймайды, қайта ел қауымын діни тұрғыда бөл­шек­теп, жағдайды шиеленістіре түседі. Және Асадты қолдайтын азшылық алауиттер қауымының көпшілік сүниттер қауымынан күші басым болуы екіталай.

Дамаскіні айыптаушылардың қатқылдау әрекеттерге көшкені аңғарылады. Еуроодақтың Сырт­қы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Кэтрин Эштон Сириядағы жағдай өзінің ең қиын шарықтау шегіне жетті, одан әрі төзу мүм­кін емес деп мәлімдеме жасады. Батыстың көптеген елдері, атап айтқанда, АҚШ, Жапония, Канада, Германия, Ұлыбритания, Италия, Франция, Болгария, Испания, Австралия, Сириядан өз ел­ші­лерін шақырып алды. Бұл Батыс әлемінің мұсылман қауымын бөлшектеуге бағытталған қада­мы­нан бас тартпайтынын, дегені­не жетпей тынбайтынын аңғар­та­тындай. К.Эштонның сөзі де осы көзқарасты бекемдей түседі.

БҰҰ мен Араб мемлекеттері лигасының арнаулы өкілі Кофи Аннан жоспары да, соған байланысты оның Башар Асадпен талай кездесуі де әзірге күткен нәтиже бере қойған жоқ. Соны ескерген Сирия көтеріліс­шіле­рі­нің әскери кеңесі енді Асадқа қарсы қарулы әрекетке көшеті­н­дік­терін мәлімдеді. Енді халық­аралық қоғамдастықтың бұл шие­леністі келісім жолымен ше­шуі қиынға түседі.

 

МЫСЫР БИЛІГІНІҢ ТОЛҒАҒЫ ҚАТТЫ

Бұл елдегі президент сайлауының маңызы тек Египеттің өзімен шектелмейді. Араб дүниесінің жетекші еліндегі билік сипаты бүкіл аймаққа ықпал етеді деп қорытынды жасауға да болған­­дай. Өйткені, Каирге қарай бой түзейтін елдер де баршылық.

Сайлаудың ал­ғашқы туры өтіп, ондағы айтыс-тартыс, тіпті атыс-шабыс артта қалған­дай болса да, екін­ші турдағы күрес қы­зуы одан жоғары болмаса, әсте кем түспейтіндей көрінеді. Бұрын бәйгеге көп адам қосылып, әркім солардың арасынан озып шығуды ойласа, енді қарсылас екеу ғана. Мұны жекпе-жек десе болар. Қалай да қар­сы­ласыңды жығу – мақсат. Бұл жолда қарсыластар әдіс таңдап жатпайтынын аңғартып та отыр. Оған бір мысал – бұрынғы әуе қарулы күштерінің басшысы, премьер-министр болған Ахмед Ша­фиктің қарсыластары оның сайлау шт­а­бының үйін өртеп те жіберген.

Алғашқы турдың қорытын­дысы шығарылып, «Мұсылман бауырлар» қозғалысы негізінде құрылған Азаттық және әділет партиясының көсемі Мохаммад Мурси мен Ахмет Шафик екінші турдың күресіне қосылып кетсе де, Тахрир алаңына шыққан мыңдаған адам сайлау нәтижесін жоюды, екінші турға шыққан екеуді қатыстырмай жаңа сайлау өткізуді талап етіп жатқаны да бұл елдегілерді онша таңдандыра қоймайды. Бұл елде ақылға сыймайтынды талап ету үйреншікті жай. Ал сол алаңға шыққандар Карама партиясының негізін қалаушы Хамдин Саббахидың кандидатурасын ұсынады.

Осы кезде президент сайла­уына айтарлықтай ықпал ететін оқиға болды. Жұрт көптен күт­кен Хусни Мүбәракқа соттың үкі­мі шықты. 84 жастағы бұры­н­ғы президент өмірлік абақтыға жабылу жазасына кесілді. Көп­ші­лік мұны жеңіл жаза санайды, атылуы керек еді дейді. Отыз жыл бойы билік тізгінін ұстаған Мүбәрактың да ел ішінде сүйен­гені, тірегі бар. Олар бір күн іш­ін­де құрып кеткен жоқ. Дауысқа олар да қатысады.

Мысырлықтар­дың алдында таң­дау тұр. Қазіргі уақытта рево­лю­ция­лық рухта әре­кет жасап жатқан исламистердің жолы және басқарудың батыстық өркениетіне жақын бұрынғы билік жасап кеткен нұсқа. Ертең билікке қолы жеткен соң исла­ми­с­­тер шариғат заңына ойысар болса, ол күннің күнінде қалың қауымның көңілінен шыға қоя ма? Әйтпесе, елдің отыз жыл еңсесін басқан Мүбәрактың қа­лыптастырған тәртібі қайталанар болса, жұрт одан не ұтпақ? Дауы­с берер алдында жұрт осындай екі сұраққа жауап іздейді.

Сарапшылар қазір екі үміт­кердің мүмкіндіктерін таразыға салып, тон пішіп жатыр. Егер ел­дегі қалыптасқан жағдайға орай революциялық рухтағы қауым мен барлық исламдық күштер бір бағытта жұмыс істей алса, олар­дың қолы жеңіске жақын екен. Қанша даттағанмен, Мүбәрак режімінде, кебегін алып тастаған күнде, әлемдік өркениеттің ұры­ғы бар, біраз адам одан күдер үзген жоқ. Мысырлық мұсылман арабтар осы екі үміткердің қай­сысын қалаймыз деп, оң-сол­да­рын есептеп жатқанда, елдегі он пайыздай христиан арабтардың таңдауы айқын – олар исламиске емес, Шафикке дауыс береді.

Дауыс беретін күнге де көп қалған жоқ. Екеудің бірі жеңіске жетіп, елдің ең жоғары қызметіне сайланады. Бірақ бұл ел үшін бұдан кейін билік мәселесіне нүк­те қойылады деу қиын. Соң­ғы уақыттағы оқиғалар бұл елде көпшілікке азшылық бағынуға тиіс дейтін дәстүрлі демокра­тия­лық қағидат мойындала қоймаға­нын аңғартқан. Көбіне билікке тас лақтыратын көше демократи­я­­сының қолы ұзын. Ол әлі Мысыр елінде өзін көрсетеді.

Мамадияр ЖАҚЫП,

«Егемен Қазақстан».