Көбіміз жаңа дәуірге сай өмір сүруіміз керек, артқа қарайлай бермей алға озу міндет, ескі етектен тартады, ол архаизм сөздер секілді сананы күңгірттендіріп, жаңаны жатырқатады деп, сол кезеңнің кемелдігіне ұйып, оны үкілеп, көкке көтеріп жүргенде Дәркембай Шоқпарұлы: «...Қолөнер дегеніміз не? ...Ол − талай ғасырлар кезеңінен өтіп түрленіп, жаңарып келіп, атадан балаға мұра ретінде бізге жеткен дәстүрлі де қасиетті өнер. ...Қолөнер адам баласының әсемдікке, нәзіктікке деген ұмтылысын, сол бағытта табиғатты өзінше таңбалап бедерлеуін, сұлулықты іздеуге деген құштарлығын танытады. Ол арқылы біз үлкен рухани-эстетикалық тәлім алып, өнер әлеміне қанат қағамыз» − деген тұжырымын алға тартып, «Қазақ халқын жер жүзінің көп халықтарынан ерекше көрсететін қасиеті – ол мәдениеті мен өнері, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі. Қазір жастар арасында Еуропа мәдениетіне еліктеу, солықтау үрдісі басым. Өз халқының тілін, мәдениетін жете білмеген адам – басқа елдің мәдениетімен алысқа бара алмасы анық», − депті. Бұл нағыз ұлт ұлының ақиқат сөзі. Осы ақиқатты сөзімен де, ісімен де дәйектеп, халқымыздың ою-өрнегін, тері, ағаш, металл өңдеу тәсілдерін, ер-тұрман, қару-жарақ, саз аспаптары, ыдыс-аяқ, өзге де ұлт құндылықтарын жасап, оның ежелгі дәуірден келе жатқан тарихын таратып, қолдану жолдарын, тұтыну ерекшеліктерінің ғылыми негізін жазғаны және бар. Арғы-бергі замандардағы жұртымыздың баға жетпес қазынасын зерттеген өзге ел оқымыстылары мен өз ғалымдарымыздың, зиялыларымыздың еңбектеріне зейін қойып, хаттай болып сақталып қалған деректі шеберлікпен «тірілтіп», көргеннің көз жауын алатын дүниелер жасаған. Ел ішінде ескерусіз қалған көненің көзіндей жәдігер жауһарларымызды жинап, оны қайта өңдеп, уақытқа қарай жаңғыртып, түрлендіріп отырған. Әр жаңғыртқан туындылары туралы мағлұмат беруді де есте ұстаған. Айталық, қару-жарақ атауындағы қару ұғымына – барлық ұрыс құралы жатады десе, жарақты − қорғаныс құралы, яғни дулыға, сауыт, қалқан, жеңсе, тізелік, тағы басқа дейді. Қазақтың кезіндегі ер қаруы – бес қаруын: садақ, қылыш, найза, айбалта, шоқпар екенін, оны қолдану жайын нақтылайды.
Иә, қазір ұлттық қолөнерді қолға алып жатырмыз. Бұл жалпыхалықтық дәстүрге де айнала бастады. Ол Елбасының Рухани жаңғыру жөніндегі идеясынан кейін, тіпті кең қанат жайды. Бір кездері Дәркембай бір өзі шарқ ұрса, енді ұлт болып ұйысу үстіндеміз. Қайталап айтамыз, сол құндылықтардың қайта өмірге келуі мен жаңаруындағы бастау басында Дәркембай Шоқпарұлы секілді ұлт ұлдары тұрғанын ешкім жоққа шығара алмаса керек.
Сөз басында айттық, атакәсіпті ол нәсіп деп емес, ұлт құндылығы, бабалар қалдырған асыл мұра деп білді. Дүрілдеген кеңес дәуірінде шаң бастырып, жоғалтып алмайық деп, ел ішінен маржандай теріп, елдік сипатқа қайтсем жеткіземін деді. Оған бір мысал, аз-кем адамдар ғана айналысып, әрі кетсе малшы қауымға жүген, ноқта, қамшы өрумен шектеліп келген тері өңдеу ісін ғылыми тұрғыдан зерттеп, тері түрлерін ажыратып, пайдаға асыру жолдарын сараптап, қайсысынан қандай ұлттық бұйым жасауға болатынын тайға таңба басқандай анықтады.
Осы арада Дәркембай Шоқпарұлының бәрін өзім білемін демей, саз аспаптары жөнінде жазып қалдырған адал сөзін еске түсіре кетсек дейміз. Ұлттық саз аспаптарының білгірі, тіпті шырақшысы атанған Болат Сарыбаев тірнектеп жиған 400-ден астам аспапты көзі барға көрсету үшін пәтерінен мұражай жасақтап, жанқиярлық еңбек еткенін тілге тиек етіп, «шекпенді шенеуніктерден көзінің тірісінде лайық бағасын ала алмай кеткендігі өкінішті-ақ...» − деп, 1979 жылы Венгрияға барған сапарында А.Лящковский деген поляк жігіті ұстап отырған, атасынан мұра болып қалған мұражайды көргенін, оған бастап барған, қиянда жүрсе де қазақ жерін, қазақ жұртын түп-тамырына балаған, өмір тағылымы мол, мұрасы ұшан-теңіз, фәни дүниеден бақи дүниеге аттанғанда қазақ топырағы бұйырған Иштван Қоңыр екенін, онда әртүрлі музыка аспаптарын байқағанда бірге болған азаматтар «Шіркін, болаттай Болат ағаның коллекциясының негізінде осындай мұражай бізде де болса ғой» − деп армандағанын еске түсіреді. Ол ойларын ұлтты түсінетін, Алаш рухты тұлға, сол кезде Мәдениет министрінің орынбасары қызметінде жүрген Өзбекәлі Жәнібековке жеткізгенде бірден қолдап, іске кіріскендерін, бұл бастама Д.Қонаевтың да құлағына тигенде, ол кісі де құп алғанын, соның нәтижесінде Өзағаңнан: «Дереу экспонаттар әзірлеу керек», деген нұсқау түскен соң, өзі бас болып, этнограф ғалымдар Х.Арғынбаев, О.Хаймолдин, көнекөз қариялармен кеңесе отырып, А.Хасенов, А.Құмаров, Қ.Егізбаев, Ж.Үмбетов, М.Сыпатаев, Ж.Байжігітов, өзге де ізбасарларымен 60-қа жуық экспонатты әзірлеп, оған мұражайлардағы барды қосып, 1981 жылдың 24 сәуірінде Ықылас атындағы Республикалық саз аспаптар мұражайы шаңырақ көтергенін айтады. Болат Сарыбаевтай саңлақтың үміті ақталып, жолын жалғағандар жоралы істің даңғыл жолға түсуіне себепші болады. Сол мұражайдың жанынан құрылған фольклорлық-этнографиялық «Сазген» атты ансамблінде қолданған зергерлік бұйымдар мен музыкалық құралдардың дені Дәркембайдың қолынан шығыпты. Сөйтіп иненің жасуындай болса да өз үлесін қосқан екен. Ұлт жақсысының ұлтқа қажет іске дәнекер болғанын қалай айтсақ та жарасып тұр емес пе?! Мұндай еңбекті ол кезде екінің бірі атқармағаны анық.
Кеудесі күркілдеп тұрса да сөзі зіркілдеп тұратын заманда ұсталықты ұлықтаған Дәркембай Шоқпарұлы «Тәу етіп, төске сүйеп маңдайларын, Кәріптік атама айтып жағдайларын. Түрлі бұйым соқтырып ақ әжелер, Таңғалып қағушы еді таңдайларын. Дүкеннің пірі – Дәуіт пайғамбарым, Атқарған көңілімен ойға алғанын. Қолдай гөр! Иә пірім! деп сыйынамын, Қолымда сақадай сай саймандарым. Мал қалмады әкемнен, талғалмады, Мақсұт еттім өнерді жалғағанды. Ден қойдым қолөнерге – атамұра. Айтшы кім, сол өнерге таңғалмады» − деп өз жайын өлеңмен айтқан ол он саусағынан маржандай төгілген жауһарларын өз жұртымызға ғана танытып қоймай, әлемдік деңгейде өткен көрмелерге де қойған. Мысалы, Нью-Йорк халықаралық сауда орталығында өткен және Францияның Ренн қаласында болған «ЭКСПО-2001» көрме-жәрмеңкеде шебердің туындылары көптің назарын аударған. Сол секілді, салған суреттері мен қолынан түймедей түйіліп шыққан зергерлік бұйымдары, былғарының бабын тауып, оған ою-өрнек салып, таспа тіліп, тарамыс таратып жасаған заттары, ағаш пен металдан істеген туындылары өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап-ақ Венгрия, Чехославакия, Румыния, Үндістан, Бирма елдеріндегі, Мәскеу, Новосібір, Омбы қалаларындағы көрмелерден орын алған. Туындыларына Дәркембай ұста деп қол қоятын болған.
Оның музыка аспаптарын жаңғыртып, ұлттық киім үлгілерін жасаумен қатар, тілек білдіргендермен тізе қоса отырып, мұражай ашуға ұйытқы болғанына да дәйек аз емес. Соның бірі, бұрынғы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институты, қазіргі Ұлттық университетте «Ақтұмар» мұражайын жасақтауға қолғабыс еткені еді. Ондағы «Әйел әлемі» атты этнографиялық композицияда Дәркембай кеңесімен: кішкентай қыз бала, бойжеткен қыз, қалыңдық, ана, әже бейнесі, қазақтың жауынгер арулары секілді бөлімдер, қыз, ана, әже тұтынатын дүниелер орын алған екен.
«Жалғыз шапқан ат жүйрік» демей, Шоқпарұлы шәкірт тәрбиелеуге де көп көңіл бөліпті. 90-жылдардың басында кіндік қаны тамған Ақши ауылынан «Асыл» атты еліміздің барлық өңірлерінен − қазақтың киелі қолөнерін білсем, таныссам, үйренсем деп келген үлкен-кіші талапкерлерді оқытатын мектеп ашқан. Ол кейін «Дәркембай мектебі» аталып кетті. Ұлт қызметшісі, қолөнерді тірілтудегі өрен жүйрік, санасы сара саңлақ ол тұста Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында профессорлық қызметті қоса атқарыпты. Өз мектебіндегі талапкерлер мен студенттерге қатар білім бере жүріп, ізденушілерге, қалың қауымға керек деп 200-ден астам мақала жазған. «Ер қанаты», «Өрім өру», «Домбыра жасау», «Қазақтың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері», «Бесікке бөлеу», «Қазақтың қолданбалы өнері», «Қазақтың қол өнері», сонымен қатар «Ай-алқа» атты өлең кітабын жарыққа шығарған. Салған суреттері, жасаған мүсіндері өз алдына бір әлем. Оған қоса ұлттық өнердің отын сөндірмей, ошағын қоздатудың жолдарын насихаттап, үйренсең білесің, білсең жеңесің деп, ұлт қолөнерінің әліппесін өзі ұсталықтан бастағанын, ұстамдылық адамды, шыдамдылыққа тәрбиелейтінін, шыдамдылықтың шыңына жеткен адам ғана шеберлікті жетік меңгеретінін айтып, «Шебердің қолы ортақ» атты бағдарламаны теледидардан жүргізгені жұрттың есінде болар. Асанәлі Әшімовтің режиссерлығымен қойылған «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» көркем фильмінде Қарабайдың бейнесін келістіре сомдап, Б.Қайырбековтің «Шебердің оралуы», Н.Ахтановтың «Зергерлер» деректі фильмдеріне де атсалысқан екен. Осынша тірлікке бой алдырған азаматты сегіз қырлы, бір сырлы емес, сексен қырлы десек, жараспай ма?
Осы жерде атажұртындағы өзі іргетасын қалап, түптің түбінде қазаққа қызмет етсін, ұрпақ ұйытқысына айналсын деген ізгі ниетпен шаңырағын көтерген Дәркембай Шоқпарұлы атындағы мұражай туралы айтар болсақ, оның жалпы көлемі 365 шаршы метрді құрайды. Бұл күндері мұражайда 2400 экспонат бар. Экспозициялық зал көлемі − 210 шаршы метр. Көрме залдарындағы: «Жігітке жетпіс өнер де аз», «Үй жиһаздары мен ыдыс-аяқ», «Халық саз аспаптары және зергерлік бұйымдар», «Саятшылық және аңшылық», «Ер-тұрман, қару-жарақ, құрал-саймандар», «Дәркембай Шоқпарұлының үй жиһаздары» деген 6 бөлім жұмыс істеп тұр. Бөлмелердегі атына қарай топтастырылған заттар да, жазылған анықтама деректер де, өлеңдерімен астастырылған тұстар да – бәрі келісті де көркем. Берер тағылымы, үйретер үлгісі өлшеусіз. Бір адамның осынша құндылықты жинап, ретке келтіруі ерлікке пара-пар іс, тіпті жанкешті жұмыс екені еш дау тудырмайды. Бағалай алсақ – ұлттың бағы, ұрпақтың мақтанышы. Шіркін, бар қазақ Дәркембайдай зерек болса, ешкімге есеміз кетпес еді.
1946 жылдың 23 мамырында өмір есігін ашып, 60 жастың белесіне 3 күн қалғанда, нақтылай түссек, 2006 жылдың 20 мамырында бақилық болған Дәркембай Шоқпарұлының ұлт қазынасына қосылған бай мұрасы азат елдің олжасы десек, қателеспейміз. Оларды жұртқа әр қырынан танытуға, жеткізуге, ісін жалғап, атын жаңғыртып, ұрпаққа үлгі етуге қазір кең жол ашылды десе болады. Оған мүмкіндік берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рухымызды оятқан мақалалары дер едік.
Осындағы ұлы идеялар негізінде Дәркембайдай зиялы әкенің, ұстыны бөлек ұстаның, шынайы шебердің ой-арманын жалғап, өзі кеткенмен, көзі, артындағы сөзі болып, өнегесін өрістетіп жүрген ұлы, өзі де суретші, этнодизайнер Дәулет Дәркембайұлымен жүздескенімізде, ол әке аманатына адал екенін аңғартты. Дәркембай мұражайындағы жұмыстарға тоқталып, өзімен бірге жоғары білімді Мәди, Ринат, Жанболат, Дәулетбек, Мақпал секілді ұлт құндылықтарының құнын білетін өрімдей жас азаматтардың аз айлықты қанағат етіп, қызмет жасап, жәдігерлерімізді зерттеп, жаңғыртып, үлестерін қосып жүргенін айтты. Неше түрлі көрмелерге әке мұрасымен қоса, өздерінің де қолдарынан шыққан дүниелерін апарып қоятындарын жеткізді.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты еңбегіндегі «Өз тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатып, отаншылдық тәрбие беру мектеп қабырғасынан басталуы тиіс. Сондықтан мектептер мен барлық өңірлердегі өлкетану музейлерінің жанына тарихи-археологиялық қозғалыстар құру маңызды», деген сөзін алға тартып, «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашуға толық мүмкіндігіміз бар» − деген байламына ден қойып, әкесі іргесін қалап кеткен мұражай жанындағы мектепті заманға қарай қайта жасақтап, ресми түрде ашылса деген тілегін білдірді. Ол «Шамамыз жеткенше, әке мектебіне, мұражайына келген азаматтарға жағдай жасаймыз. Алыс өңірлерден үйренсек деп ат арылтып жететіндер де бар. Оларды өз баспанама орналастырудан басқа амалым жоқ» деген Дәулеттің сөзінен кейін, шағын білім беру ұясын ел деңгейіндегі ұлттық қолөнер мектебіне айналдырсақ, тіпті мұражай жанына шағын қалашық тұрғызып, мектеп пен шеберхана жұмысымен ұштастырсақ, Елбасы айтқан дуалды оқыту үрдісі қолөнер бойынша да қалыптасар еді, мұны есті адам ескерсе, есе кетпес еді деген ой мазалағаны рас. Ондай игі қадам ауылды көркейтіп, қаншама маманға жұмыс табылып, Алматыдан 60 шақырым жердегі мекенге келушілер көбейіп, туризм дамып, кеткен шығынның орны толар еді. Әрине, кей азаматтар орындалмайтын іс деп қалса, біз Абай бабаны еске түсіріп, «Ондай болмақ қайда деп, Айтпа ғылым сүйсеңіз», деген сөзіне сүйеніп, ұлт құндылығына Мемлекет басшысы ерекше көңіл аударған тұста ниет болса, болмайтын іс жоқ дегіміз келеді. Оның үстіне Президент Нұрсұлтан Назарбаев жақында Жастар жылының ашылу салтанатында ұрпаққа үлкен үміт артып, оларға ерекше мән беру керектігін, ауыл-елді көркейту үшін «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында инфрақұрылымды дамытып, жергілікті жерлердің кадрлық әлеуетін күшейтуді тапсырып, «Мемлекет қоғамда жасампаздық, бастамашылық, шығармашылық, еңбекқорлық рухын қалыптастыруға баса мән береді. Халқымыздың «Ақыл – жастан, асыл тастан» деген нақыл сөзі бекер айтылмаған. Біздің жастарымыздың бойында мұндай қасиеттер бар», деп зор сенім білдірді. Дәркембай ісін ілгері сүйреп жүргендер жастар екенін еске сала кетейік. Дәркембай Шоқпарұлының өнегесін үлгі етіп, мүмкіндік жасасақ, ауылға жастар бет алып, Президент айтқан халықтық іс шешімін табары анық.
Біз шебердің жарық көрген кітаптары жайында айттық. Әлі де кезегін күтіп жатқан еңбектері аз емес. Оның қатарында «Қазақтың ұлттық саз аспаптары», «Ою-өрнек теориясы», «Этнографиялық этюдтер», өлеңдері, өзге де жазбалары жетіп-артылады. Егер көзіқарақты, ойы алымды азаматтар Дәркембай Шоқпарұлының бар мұрасын жинап, бірнеше том етіп шығарса, ұлт құндылығына қосылған мол мұра болар еді.
Жалпы, Дәркембай мұрасы өлшеусіз байлық. Сол байлықты өзі жер басып жүрсе, құнын естір құлаққа құяр еді. Амал не, ұлының үні көп жерге жетпей жүрген секілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында қадап айтқандай, «Бүгінде төл тарихымызға оң көзқарас керек» екені сөзсіз. Бұл сөзге бақсақ, Шоқпарұлының ұлт тарихына қосқан орасан үлесін, жеке адамның тірлігі демей, жетелі жұрттың арнасы кең қазынасына қосылған дүние деп біліп, қай-қайсымыз да білек сыбана қолдасақ, қолөнердің көп сыры ашылып, жақсы дүниелердің жарыққа шығары хақ.
Осы арада мына бір ұсынысымызды да білдіре кетсек дейміз. Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, қолөнер шеберінің туған жері Ақши ауылымен іргелес жатқан Бәйдібек елді мекеніндегі екі білім ордасының бірі Н.Островский атында. Осы білім ордасына ұлтым, жұртым, халқым, оның мол қазынасын қайтсем сақтап қаламын деп бүкіл саналы ғұмырын арнаған Алаш текті арысымыз Дәркембай Шоқпарұлының атын беріп жатсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Бұрын бұл мәселе көтеріліп барып, аяқсыз қалыпты. Асылын ардақтаған халықтық үлгіге бағып, ел-жұрт, ауыл, аудан, облыс басшылары қайта қолға алса, ештен кеш жақсы болары сөзсіз.
«Егер өнер-білімді үйренуден қашсақ, ол надандық болар, жақсылық болмас. Мен өнер-білім үшін орысшылмын», депті дана Абай. Орысшыл дәуірдің өзінде қолөнерге бар ғұмырын арнаған Дәркембай Шоқпарұлы да Абай сөзіне зейін қойып, зердесіне түйіп, бір институт атқаратын істі іркілмей ілгері сүйрегені ақиқат. Енді осы ақиқат тірліктің заман талабына сай түлеуіне, жаңаруына, түрленуіне қамқор болсақ, қыр-сырына ден қойсақ, арысымыздың ажары ашылып, қалдырған қазынасы халық игілігіне жарап, ұлттық мұра толығып, ол ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, «Халықтың игі дәстүрі – біздің асыл мұрамыз» (Б.Момышұлы) деген сөз шындықтың шырайын кіргізер еді.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Egemen Qazaqstan»