– Бақытбек мырза, сіз еліміздегі саяси элитаның арасында соғыс өртін көрген, Ауған жерінде жауынгерлік борышын өтеген санаулы азаматтардың бірісіз. Биыл Ауғанстаннан Кеңес әскерінің шығарылғанына 30 жыл толып отыр. Осы тарихи оқиғаға елімізде қаншалықты мән берілуде?
– Сіз айтып отырған тарихи оқиғаға біздің елімізде айрықша мән беріліп отыр. Бір ғана мысал, Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Ауғанстандағы әскери іс-қимылдарға қатысқан азаматтарымызды соғыс тоқтауының 30 жылдық даталы мерейтойымен құттықтап, майдангерлерге мемлекеттік деңгейде басым көңіл бөлінуінің бір көрінісі ретінде жуықта, яғни 13 ақпан күні мені жеке қабылдады. Жүздесу кезінде Нұрсұлтан Әбішұлы Ауған соғысының алыбы, «Қара майор» және «Паншер патшасы» атанған даңқты қолбасшы, Қазақстан Қарулы Күштерінің полковнигі Борис Керімбаевтың қайтыс болуына байланысты оның туған-туысқандарына көңіл айтты.
Кездесу кезінде емен-жарқын отырып әңгімелестік. Мен ел Президентін Ауған ардагерлерінің хал-жағдайы жөнінде құлағдар еттім. Бұдан бөлек, Ауған ардагерлерін қолдау, олардың жастар арасындағы әскери-патриоттық тәрбиедегі рөлін арттыру, Жолдауды жүзеге асыру мақсатында Қорғаныс министрлігі құрған «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдердің әскери-патриоттық қозғалысын дамыту, мектептерде отаншылдық тәрбиені күшейту шаралары жайында баяндадым.
Қазіргі таңда Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың тікелей қолдауымен «Ауғанстаннан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылуының 30 жылдығына арналған іс-шараларды өткізу жөнінде» жоспар-жоба әзірленді. Қорғаныс министрлігі ұсынған бұл жоспар мүдделі мемлекеттік орган басшыларының, атап айтқанда, Үкіметтегі 10 министрдің бірлескен бұйрығымен бекітілді. Осының барлығы – аталған маңызды датаға мемлекеттік деңгейде үлкен көңіл бөлініп отырғанын білдіреді. Сонымен қатар 30 жылдыққа арналған саналуан әскери-патриоттық, спорттық, мәдени және басқа да бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылды.
– Елімізде Ауғанстандағы әскери іс-қимылдарға қатысушылар мен мүгедектерге әлеуметтік қолдау көрсету жөнінен қандай шаралар атқарылуда. Осыған тоқталып өтсеңіз?
– Дәл қазір ел аумағында әрқилы әскери ұрыс-қимылдарға қатысқан 21 мың 908 азамат тұрады. Осының ішінде Ауған ардагерлерінің саны – 18 мыңдай. Бұларға әлеуметтік қолдау көрсету «Ұлы Отан соғысының қатысушыларына, мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер және оларды әлеуметтік қорғау туралы» заңымен реттеледі. Яғни, Ауған ардагерлері жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушылармен теңестірілген. Сондай-ақ, Ауғанстанда немесе басқа сырт мемлекеттерде әскери міндетін өтеу кезінде мүгедек болып қалған әскери қызметшілерге жеңілдіктер көрсету ісі де жоғарыдағы заңмен реттелуде. Мысалы ай сайын:
-соғысқа қатысушыларға теңестірілген адамдарға – 6,19 айлық есептік көрсеткіш немесе 15 630 теңге;
-соғыс мүгедектеріне теңестірілген адамдарға – 7,55 айлық есептік көрсеткіш немесе 19 064 теңге;
-соғыс қимылдары кезiнде қаза тапқан (хабарсыз кеткен) немесе сол кезеңде жаралану, контузия, зақымдану, ауру салдарынан қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына – 4,59 айлық есептік көрсеткіш немесе 11 590 теңге көлемінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау көзделген.
Одан кейін 1995 жылы 28 сәуірде қабылданған «Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестiрiлген адамдарға берiлетiн жеңiлдiктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне, оларға теңестірілген тұлғаларға, сондай-ақ Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің және тылдағы әскери қызметкерлердің барлық санаттарына бірінші кезекте тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша норма қарастырылған.
Алайда, 2017 жылы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес, жоғарыда аталған тұлғалар санатынан мемлекеттік қордан бірінші кезекте тұрғын үй алуға тек Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері ғана құқылы. Нәтижесінде екі заң арасында қарама-қайшылық туындап отыр. Яғни, бір заңда бізді Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестіреді, ал екінші заңда бұл құқық жоқ.
Қазіргі таңда елімізде 1 мың 746 интернационалист-жауынгер баспанаға зәру күйде. Тарата айтсақ, Алматы қаласында – 420, Астанада – 350, Шымкентте – 162, Ақтөбеде – 88, Қарағандыда – 81 және басқа өңірлерде Ауған ардагерлері үй кезегінде тұр. Осы мәселені шешу үшін Үкімет және салалық мемлекеттік органдармен тізе қоса жұмыс жасаудамыз. Осы мақсатта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанынан арнайы ведомствоаралық комиссия құрылды. Ардагерлерді алаңдатқан барлық мәселелер аталған комиссия аясында көтеріліп, шешімдері пысықталуда.
– Жалпы зайырлы қоғамда барлық әлеуметтік мәселе заң арқылы шешіледі. Осы орайда, бір сұрақ туындайды. Яғни, жаңадан қабылдануы тиіс «Ардагерлер туралы» заң жобасында қандай өзгешеліктер бар?
– Жаңадан қабылдануы тиіс «Ардагерлер туралы» заң жобасының қолданыстағы заңнамадан айырмашылығы: онда ардагерлердің бекітілген 5 санатының орнына 9 әлеуметтік қорғалатын санат қарастырылған. Бұлар – Ауғанстандағы және басқа да өңірлік әскери шиеленістердің қатысушылары және мүгедектері, ядролық қаруды сынауға және радиациялық апаттардың зардаптарын жоюға қатысушылар мен мүгедектер секілді санаттар. Сонымен қатар жобада Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілген адамдар арасынан дербес санаттарды даралап шығару ұсынылуда.
Алайда заң жобасында ұсынылған әдістер ТМД көлемінде келісілген, 1994 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан ратификацияланған Ұлы Отан соғысы қатысушылары мен мүгедектеріне, басқа мемлекеттердің аумағындағы әскери қимылдардың қатысушыларына, қаза тапқан әскери қызметкерлердің отбасылары санаттарына жеңілдіктер мен кепілдіктерді өзара тану туралы Келiсiмге сай келмейтіні анықталды. Заң жобасын ұсынылған редакциясында қабылдау сол Келісімнен шығуға немесе көпжақты жаңа Келісім жасауға мәжбүрлейді.
Бірақ бұл ардагерлер туралы жеке заң әзірлеу қажет емес дегенді білдірмейді. Қайта осы заң жобасын әзірлеу көкейкесті болып отыр. Себебі өмірдің өзгеруіне байланысты қолданыстағы заң нормаларының бірқатары өзектілігін жоғалтты. Мәселен саяжай үйлерiн сатып алу және тұрғызу, әрi бау-бақша аумағын жайластыру үшiн жеңiлдiктi несие алу, бау-бақша серiктестiктерiне (кооперативке) қабылдану сияқты ескірген нормаларды алып тастау керек. Оның орнына жаңа заң жобасында ардагерлерді әлеуметтік қолдау бойынша тың ұсыныстар қарастырылуы тиіс.
– Ауған соғысы ардагерлері құрған қорлар мен қоғамдық бірлестіктер бар. Олардың атқарып жүрген жұмысы жайлы айта отырсаңыз?
– Елімізде республикалық және өңірлік деңгейдегі 300-ге тарта ардагерлер ұйымы, оның ішінде Ауған соғысы ардагерлері мүддесін көздейтін 110-нан астам қоғамдық ұйым жұмыс жасайды. Осылардың ішінде Ұлы Отан соғысы және Ауған соғысы ардагерлеріне қамқорлық көрсетіп, ел көлемінде патриоттық шаралар ұйымдастырып келе жатқан бірегей ұйым – «Сауап» қоры да бар. Мысалы «Qazaqstan ardagerleri» қауымдастығы ұйымдастыратын әскери-патриоттық, мәдени іс-шараларға, ғылыми-тәжірибелік конференцияларға, өңірлердегі және республикалық деңгейдегі ардагерлер атындағы көптеген спорттық турнирлерге аталмыш қор қолдау көрсетіп келеді.
Осы қор Ауған соғысына және ондағы біздің жауынгерлеріміздің ерліктеріне арналған кітаптар, деректі фильмдердің шығуына, оның тегін таратылуына демеушілік жасап, мұрындық болуда. 2006 жылы осы қордың қаржылай қолдауымен Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалі, «Намыс» төсбелгісі, т.б марапаттар пайда болды. 2015 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай, қор Алматыдағы Б.Момышұлы атындағы Республикалық әскери мектеп-интернаты аумағында Бауыржан бабамыздың жаңа ескерткішін орнатты.
– Соңғы кездерде Ауғанстан соғысына қатысты Кеңес Одағының саясатын «басқыншылық» деп бағалайтын көзқарастар да айтылып жүр. Бұған сіздің пайым қандай?
– Ауған соғысына қатысқан ннтернационалист-жауынгер ретінде менің айтарым, біз ол жаққа ақы алып, келісімге отырып, жалдамалы әскер ретінде аттанған жоқпыз. Отан алдындағы борышымызды өтеуге бардық. Бастапқыда тіпті қан майданның ортасына түсетінімізді де білмедік. «Ауған еліне интернационалдық көмек көрсетуге бара жатырмыз» деген ниет болды. Соғыстың аты – соғыс. Мен, қара басын емес, қарулас досының өмірін қорғау жолында шейіт кеткен бауырларымызды қаһарман дер едім.
Ол кезде әскерге жаңа шақырылған, негізінен жасы 18-20 жас аралығындағы мұрты енді ғана тебіндеп шыққан бозбалаларды Ауғанстанға апарды. Оң-солын танымайтын олар арамдық пен әділетсіздіктің құрбаны болғанын білмеді. Өзіміздей мұсылмандардың неліктен тұтқиылдан тап беріп, қырып салуға құштарланғанын түсінбейтінбіз.
Өзі қатарлас құрбы-құрдастары бейбіт Отанда, бақыт құшағында ән шырқап, би билеп, қызық пен шаттыққа бөленіп жатқанда, жасы 18-20-ға жаңа толған жас өскіндерге Ауған даласында қан кешіп, зар құсып, өлім туралы ойлануға тура келді. Сағыныш сарыны бойды буғанда, соғыс үстінде бір сәт көкке көз жіберіп, осы көк күмбез аясындағы туған аулымызды, ондағы ата-ана мен бауырды, қатарлас құрбы-құрдастарды қамыға еске алатынбыз.
Рас, кез келген соғыстағыдай, ақ жолдан тайып, ардың ала жібін аттағандар да кездесті. Алайда жауынгерлеріміздің көбінің жергілікті жұртшылыққа деген қарым-қатынасы достық пейілде және құрметке құрылды. Операциялар барысында Ауған армиясының бөлімшелерін тамақтандыруды және киім-кешек, басқа керек-жарақпен жабдықтауды жиі өз мойнымызға алатынбыз. Бізге жүгінген Ауғанстан тұрғындарына әрдайым медициналық көмек көрсетілетін. Аш балаларға азық-түлік берілетін. Тіпті егін жинауға да көмектескен жағдайлар болды. Арықтар қаздық. Әлеуметтік маңызды объектілер тұрғыздық...
–Егер Кеңес Одағы баса-көктеп кірмегенде, Ауғанстанның тағдыры қалай болар еді? Осыған әскери сарапшы ретінде не айтасыз?
– Бейбітшілік құсы бір ұшса, қайта қонбайды. Сондықтан біз еліміздегі тыныштықтың қадірін білуіміз керек. Бұған дәлел – Ауғанстан жағдайы. Отыз жыл бұрын тұтанған өрттің жалыны әлі сөнген жоқ. Өткен ақпан айында «Qazaqstan ardagerleri» қауымдастығының қолдауымен, «AfgQaz» ұйымы Алматы және Астана қаласында қазіргі Ауғанстан мәселесіне қатысты ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Осында көп дүние айтылды. Қазіргі Ауғанстан саясатына сараптамалар жасалды.
Жоғарыдағы жиында сөз болған кейбір тұжырымдарға тоқталар болсақ, Кеңес Одағы мен ауған билігі әу бастан жақсы қарым-қатынаста болған. 1919 жылдың 28 ақпанында Аманулла хан өз елін тәуелсіз деп жариялады. Оны Кеңес елі бірден қолдап, қаржылық көмек қолын созды. Екі ортада жер дауына байланысты Ауғанстан мен Пәкістан арасында қақтығыс туындады. Пәкістанды АҚШ қолдады. Ауғанстан басшысы Мұхаммед Дауд Кеңес Одағына жүгініп, қару-жарақ көмек алды. Нәтижесінде, 1973 жылы Ауғанстан жеке республика болып жарияланды.
Бірақ кешікпей Дауд бастаған ел басшылары Кеңес Одағымен жақындасудан бас тартып, 1978 жылдың сәуірінде ауғандық белді коммунистік қайраткер Мир Акбар Хайбер қастандықпен өлтіріледі. Оны жерлеу рәсімі үлкен шеруге ұласады.
Сол тұста Ауған армиясының бүкіл офицерлік құрамы кеңестік даярлық орталықтарынан өткен болатын. 1978 жылдың 27 сәуірінде іріктелген бронды танкілік бөлімдер Кабулдағы Даудтың сарайын қоршап алды. Тағы бір бас көтерген бригада әуежайды басып алды. Нәтижесінде Мұхаммед Дауд пен оның бүкіл отбасы өлтірілді. Осылайша «Сәуір төңкерісінің» арқасында АХДП лидерлері (ішінде Бабрак Кармаль бар) билік басына келеді. Алайда кеңестік саяси реформаның үлгісі ретінде Ауған елінде мұсылман діни қызметшілерін қудалау ісі моджахедтердің пайда болуына, азамат соғысының жаңа күшпен жаңғыруына апарып соқтырды. Осыдан кейін-ақ барлық жерде толқулар басталды. Ауғанстан билігі бұған жаппай тұтқындаулармен және наразы көшбасшылардың көзін жоюмен жауап берді. Осыдан кейін 1979 жылдың жазында АҚШ Президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Збигнев Бжезинский президент Картерді ауғанстандық көтерілісшілерге көмек көрсетуге көндіреді.
Сәуір төңкерісінен кейін билеуші күш – Ауғанстан халықтық-демократиялық партиясы Кеңес Одағынан әскер кіргізуді сұрап, ең кем дегенде 20 рет жүгінген. Кеңестік Бас штаб әскер кіргізу жоспарын әзірлей бастайды. Осылайша Ауғанстанға Кеңес әскерлерінің Шектеулі контингенті енгізілді.
– Түсінікті. Ауғанстанның қазіргі жай-күйіне қатысты қандай сараптама айтасыз?
– Бүгінде ауған жерінен АҚШ өз әскерін әкетуді бастады. Дегенмен, тұрақты армия орнын «жеке әскери компаниялар» (Private military company) деп аталатын жалдамалы әскерлер басады деген болжам бар. Өйткені әскердегі азаматтардың жатжұртта қырылуын қоғам ауыр қабылдайды. Ал «жеке компаниялардағы» жалдамалы баскесерлердің сұрауы жоқ.
Бақылап отырмыз, бүгінде АҚШ қарулы оппозициямен, соның ішінде тәліптермен келіссөзге келуге күш салуда. Өткен қаңтар айының соңында Қатарда «Талибан» қозғалысы АҚШ өкілдерімен 17 жылдық соғысты тоқтату туралы келісім бойынша бірқатар уағдаластықтарға қол жеткізді. Келіссөздерге қатысушы тараптар бейбіт келісімге қол қойылған соң, 18 ай ішінде шетелдік әскерлер Ауғанстаннан шығарылатыны жөнінде мәмілеге тоқайласыпты. Тәліптер америкалықтарға «Ауғанстанды «Әл-Қаида» және «ДАИШ» террористік ұйымдарының АҚШ пен оның одақтастарына шабуыл жасайтын база есебінде пайдалануына тосқауыл болуға» кепілдік берді деген ақпарат бар. Әзірге олардың талаптарын америкалық тарап қабылдаған-қабылдамағаны белгісіз. Бірақ 2018 жылғы маусым айында «Талибан» 17 жылдық қақтығыста алғаш рет атысты тоқтататынын жариялады. Өз кезегінде, Ауғанстан үкіметі де өз әскеріне осыған ұқсас бұйрық берген.
Ауғанстан Ислам Республикасының қазіргі президенті Мохаммад Ашраф Ғани тәліптерге Кабулда, Нангархар немесе Қандағарда кеңсе ұсынуға дайын екенін мәлімдеді. Алайда «уақытша Үкімет құруға» қарсы. Өз кезегінде, «Талибанның» катарлық өкілдігі басшысының орынбасары Шер Аббас Станикзай тәліптердің Ауғанстанның қолданыстағы конституциясын қолдамайтындарын жеткізіп, оның заңдық күшін мойындаудан бас тартты. Әйткенмен, тәліптер конституциялық құрылым идеясына қарсы емес және бұл басты құжатты дін өкілдері мен сарапшылар бекітуге тиіс деп есептейді.
Яғни, мемлекеттік құрылымды реформалауды қалайды.
Бүгінде ауған елі халық өкілдерінің құрылтайы «Лойа Жырғаны» өткізуге дайындық жұмыстарына кірісті. Оған Ауғанстанның барлық этностық топтарының өкілі қатыспақ. «Лойа Жырға» ел астанасы Кабулда алдағы наурыз айының соңында өтеді деп күтілуде. Білуімізше, оның күн тәртібіне тым ұзаққа созылып кеткен әскери-саяси дағдарысты бейбіт жолмен шешу жолдарын іздеу мәселесі шығарылып отыр. Президент Ашраф Ғани «Лойа Жырғада» ауған халқы бейбіт келіссөздер бағдары және Ауғанстанның болашақтағы басқару жүйесі жайында алқа құрып, ақыл қосатынын мәлімдеді. Бұдан бөлек, бұрынғы қарулы содырларды ауған қоғамына кіріктіру, босқындарды елге қайтару проблемалары қаралмақ.
Қалай болғанда да, ауған жұрты үшін сырт күштерді сұғындырмай, өзара бітім мен келісімге келуге, барлық шиеленісті бейбіт жолмен шешуге бұдан басқа балама жоқ.
Ауған елінің бағдары бұлыңғыр болғанымен, келешегі қараң емес. БҰҰ мәліметінше, Ауғанстан – әлемдегі ең жас елдер «бестігіне» кіреді. Онда халықтың 68 пайызы – 25-ке дейінгі жастар! Сондықтан әлемдік қоғамдастық оларға игі ықпал етіп, тұрақты және тату қоғам құруына, жарқын болашақты өз қолдарымен жасауына жәрдемдесе алады.
– Сіз атап өткендей ауғанстандықтардың тату қоғам құрып, тұрақты дамуына әлем қауымдастығы көмек қолын созуда. Мұндай сауапты іске біздің ел де атсалысып отыр. Солай емес пе?
– Бұл ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша еліміз 2010 жылдан бастап, 2020 жылға дейінгі аралықта 1 мыңдай ауғандық студентті оқыту, Ауғанстан үшін мамандар даярлау міндеттемесін қабылдады. Оларға қазақстандық ең үздік жоғары оқу орындарында, сондай-ақ колледждерінде заманауи, сапалы тегін білім алу мүмкіндігі берілді. Студенттердің бірнеше тобы өз отанына оралып, қазір өз еліне еңбек сіңіруде. Ауған жастарына арналған оқыту бағдарламасы жалғасын табады. Қазақстан Үкіметінің шешімімен, 2019-2020 жылдары Ауғанстан әйелдеріне жоғары білім беруге қосымша стипендиялар бөлінеді. Қазақстан қаражатына Ауғанстан елінде «Талукан – Құндыз – Ширхан – Бандар» асфальтты жолы төселді.
Қазақстан халықаралық деңгейде ауған жағдайын қалыпқа келтіруге күш салып, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалығы кезеңінде де Орталық Азия мен Ауғанстан мәселелеріне айрықша мән берді. Себебі кез келген елдің орнықты дамуы әлемдік қана емес, өңірлік үдерістерге тікелей байланысты. Ауған жерінде орнықты өркендеу болмаса, тек Орталық Азияны ғана емес, бүкіл дүние жүзін тұрақсыздық жайлайды. Ал Ауғанстандағы тұрақтылық – Орталық Азияның қауіпсіздігіне төнер қатердің, есірткі тасқынының, терроризм індетінің, босқындар легінің азаятынын білдіреді. Елбасы осыны ойлап отыр.
Әңгімелескен Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»