Осылайша, 50 жылда ел жаңарып жатса да, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті де сол үрдісті бұзбай, кешегі «ЖенПИ»-дің аты аңызға айналған ансамблінің өнерін жалғастырып келеді. Ал осы аптада Алматының айшықты оқиғасы – «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблінің 50 жылдығына арналған «Аңызға айналған «Айгүл» атты шығармашылық кеш болды. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өткен концертте ансамбльдің бірнеше буыны қатар өнер көрсетіп, әке-шешелерімізді жастық шағына саяхат жасатты.
Кеш шымылдығы «Аңызға айналған «Айгүл» атты театрландырылған қойылыммен ашылды. Онда жарты ғасырлық тарихы бар өнер ұжымының құрылу тарихы, даму кезеңдері және шығармашылығы салтанат құрды. Қойылым режиссері Медет Ағабыловтың айтуынша, қойылым барысында отандық эстрадада тек қана қыздардан құралған алғашқы ансамбльдің ерекшелігі мен өрнегіне басымдық берілді. Ал мерейтойлық кештің ресми бөлімінде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің өнер ұжымының мерейтойына жолдаған құттықтаулары оқылды.
«Оқу орнының студенттерінен құралған «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблінің құрылуы қазақ өнерінің тарихындағы айтулы оқиға болғандығы белгілі. Ансамбль әлемнің көптеген мемлекетінде өнер көрсетіп, еліміздің мәдениетінің танылуына және дамуына елеулі үлес қосты. Қазақ эстрадасында тек қыздардан құралған алғашқы ұжымға әр жылдары мәдениет саласының майталмандары жетекшілік жасап, оның шығармашылығының өрістеуіне ұйытқы болды» дейді Қыздар ұлттық университетінің ректоры Гауһар Алдамбергенова.
Осы арада айта кететін болсақ «Айгүл» квартетінде алғашында Ағайша Исағұлова, Құрманай Омарова, Марфуға Жүнісова, Гүлнар Бегалиева, Дина Ерғалиева, Жібек Оспанова өнер көрсетсе, вокалды-аспаптық ансамблінде Сақыпжамал Ұзақбаева, Меңсұлу Жексембекова, Ақмарал Артықова, Зәуреш Әлібекова, Гүлзада Бехтеолова, Әйгерім Дайырбаева, Қарлығаш Нұртазина, Роза Ерназарова-Алисова, Галина Қарамолдаева, Ұлжан Айнақұлова, Тамара Асар және Кәмшат Жолдыбаева сынды дарындар болғанын атау парыз.
Қазіргі күнде «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблінің құрамы қайта жаңартылып, репертуары жаңа әндермен толықтырылған. Ұлттық сарынды сақтай отырып, заманға лайық+ дүние жасау – бүгінгі айгүлдіктердің басты мақсаты. Жаңа құрам екі жыл ішінде қазақ, түрік, ағылшын тілдеріндегі жаңа әндерді репертуарына енгізді. Ансамбльдің қазіргі көркемдік жетекшісі Талғат Темірғалиев екенін да айта кетейік.
Әсем әуен, сахнадағы нәзіктігімен танылған «Айгүл» ансамблі жастарды өнерге, жан-жақтылыққа, сұлулыққа, музыканы сүюге тәрбиелейтіні сөзсіз.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ