14 Наурыз, 2019

Нота-құстар әнмен тербеген ескерткіш

1757 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда таңғажайып бір ескерткіш бар. Маңына үнемі құстар үйіріліп, үркіп ұшса да алысқа ұзамай, айналсоқтап қайта келіп, тұғырдағы тас мүсінді баурай қонақтап жатады. Шырайлы шаһарда күн кешіп жатқан соң біздің байқағанымыз бен көргеніміз ғой...

Нота-құстар әнмен тербеген ескерткіш

Ол – Мемлекеттік орталық музейдің сол иығын ала жай­ғасқан даңқты композитор Нұр­ғиса Тілендиевтің ескерт­кіші. Енді бұл құбылыстың астарында қандай тылсым күш, нендей сиқырлы сыр бар деңізші?! Әрине, ең алды­мен композитордың әйгілі «Құс­тар әні» санаңызға жылт еткізіп сәулесін шаша қоя­ды. Содан, «бұл өзі құстар әле­мін айрықша сазды әнімен әлди­леген композитордың шы­ғар­машылық зор еңбегінің қай­тарымы-ау» деген дүрия кө­ңілмен жымиып, ой құшасыз. Шынайы үйлесімдік жүрегіңізді шым еткізеді. Құдірет-ай!.. Көкірегіңді «Құстар, құстар сызылтып ән салады, Сол әнімен тербетеді даланы...» деп басталатын Тілендиев әні кернейді.

Қараңызшы... әнеу бір «көк­темді қанатына қондырған» көк кептер, ұлы дарынның сұқ саусағының ұшын ғана әдейі көздегендей болып, қа­лық­тай келіп қонды. Бейне дәл осы сәт саң­лақ сазгердің оң қо­лын­дағы дирижер таяқшасы да баяу тербеліп, нота-құстарды үр­кітіп алмайын дегендей ас­қан ептілікпен сермеліп бара жат­қандай... Салтанатты көріністі сырт­тай бақылап тұрудың өзі бір ғанибет! 

Қас-қағым сәтті қалт жібер­мей таспаға іліп түсірген қазақ фотожурналистикасының маэс­тро-майталманы, сезімтал ше­бері – Нұрманбет аға Қизатұлы. 

Жыл-он екі ай осылай! Кө­гершін құстардың композитор ескерткішін айналып ұшып, ай­малап қонып, дамыл таппай жүргені... Ғажап!

Талғат СҮЙІНБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ