Театр • 14 Наурыз, 2019

Тіршілік – театр

670 реткөрсетілді

Кешкілік көше-көшедегі кептелістер сейіліп, күні бойғы у-шу саябырсып, таң атқанша созылатын түнгі думандар өз кезегін күтіп тұрған шақта мынау қаланың аз да болса еркін тыныс­тап, ақырын ғана ыңылдап ән салатын тамаша бір сәті туа­ды.

Биік-биік үйлердің терезе­лерінен жымыңдап, бірінен соң бірі оянып жатқан көңілді шамдар күлімсіреп, қызылды-жасылды перделердің тасасынан сыртқа қуана-қуана сығалайды. Аппақ қарға оранған ақпанның аязынан беттері қызарып, бойлары тоңазып келіп, жып-жылы ұядай пәтерлерінің табалдырығынан аттай бере ищай деп тітіркеніп, сырт киімдерін шешіп жатып өздерінің бүгінгі тіршіліктеріне іштей есеп беріп, жеңіл ғана ты­ныс­тап, иә болмаса, терең күр­сініп жататын жұрттың қылығы бір­­түрлі қызық та күлкілі көрі­неді.

Қызық дейтініміз – ертең де осынау тынымсыз тіршіліктің бүгінгідей жалғаса беретіні, ал енді, күлкі шақыратыны – мі­не, осындай бір-біріне ұқсас күн­дердің оларды жүйрік пойыздай зымырап әлдеқайда алып бара жататындығы...

Әйткенмен, осы бір тынымсыз, тойымсыз тіршіліктің де аз-кем аялдап, тыныс алатын сәті болады.
Айталық, ертең өзіңізді жа­лық­тырған күнбе-күнгі жат­танды маршрутыңыздан жаңылып, сү­йікті жарыңызбен немесе сырлас досыңызбен бірге театрға барыңызшы.

Құдай ақы, сіз де демаласыз, сізді мазалаған тіршілік те демалады.

Шын айтам. Маған сенбесеңіз, әдейілеп барыңыз, көріңіз.

Иә болмаса, Концерт залына кіріп, ән тыңдаңыз. Көңіліңіз сергіп, қанаттанып, көк аспанға самғап қайтқандай боласыз.

Әй, бірақ... Дейсіз ғой. Білем. Концерттен шыққан соң да сол баяғы күйбің-күйбің тіршілік есік алдында күтіп тұрады.

Келісем. Иә, иә, толық келі­семін. Ендеше, сол тынымсыз тір­шіліктің өзін де театр деп қа­былдайық. Сонда бәлкім, ол да қызық болып көрінер. 

Тек әйтеуір, алдыңызға биік-биік мақсат қойып, асқар тау­дай асыл армандарға жетуге ұмтылыңыз.

Себебі, Ұлы өнердің ең ардақ­ты міндеті де сол емес пе?!

Нұрғали ОРАЗ,

«Egemen Qazaqstan»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ереймендегі ел мұрасы екшелді

Руханият • Бүгін, 12:20

Қарттарға кітап сыйлады

Қоғам • Бүгін, 12:14

Фронт-офис ашық алаңға айналады

Аймақтар • Бүгін, 12:13

Ұқсас жаңалықтар