14 Наурыз, 2019

«Хат қоржын»(14.03.2019)

5897 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»(14.03.2019)

...сүйсініс білдіреді

Путиннен Алғыс хат алған ардагер

Ресей президенті Владимир Путиннен соғыс ардагері, биология ғылымдарының докторы, профессор Зұлқарнай Сеитовке соғыс кезіндегі Курск доғасындағы болған шайқасқа қатысып, ерлік жасағаны үшін және Курск доғасындағы шайқастың аяқталғанына 75 жыл толуымен құттықтап, Алғыс хат жолданған. 

Алғыс хатта сол қан майданға қатысып, ерлік жасаған З.Сеитовті құттықтай отырып, болашақта да зор денсаулық, бақыт, табыстар тілеген, әрі тарихта қалған Курск доғасындағы шайқастың жеңіспен аяқталуы – Екінші дүниежүзілік соғыстың бетбұрыс сәті болған  үлкен тарихи оқиға екендігі айтылған. 

З.Сеитов Сталинградты қорғауға 1942 жылы қыркүйек айынан бастап араласып, үлкен ерлік көрсеткен, «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. 1943 жылдың наурыз айының ортасында Ленинградқа жақын жерде қоршауда болып, 3 айдан соң қоршаудан босаған. Одан кейін Берлинді азат етуге қатысқан.

Соғыстан соң ғылым жолына түсіп, аспирантурада оқып, кандидаттық, докторлық диссертация қорғаған. «Қазақ бальзамының» авторы, сүт өнімдерін жете зерттеген биохимик. «Құрғақ қымыз», «Құрғақ шұбат» алу жолдарын бірінші болып өндіріске енгізген. 

Төлеужан ӘБІШЕВА, 

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті биология кафедрасының доценті 

 

...үлгі тұтады

Оқушылардың қызығушылығын оятты

«Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері аудан мектептерінде дәріс өткізіп, парк жұмысымен, сонымен қатар паркке тиесілі аумақтармен таныстырды. Бұл өңірдің аң-құсы мен орманы бақылауда болатындығын, яғни заңсыз аңшылық пен заңсыз ағаш отау заңмен қудаланатындығынан хабардар етті. «Табиғи кешендер мен объектілерді өсіру» және табиғатты пайдалану бөлімінің мамандары алмалардың арғы атасы саналатын «Сиверс алмасы» туралы толығырақ мәлімет беріп, алма тұқымдарын көбейту жоспарымен таныстырып өтсе, «Ғылым, ақпарат және мониторинг» бөлімінің қызметкерлері Тарбағатайдың флорасы және фаунасымен таныстырып, соның ішінде «Қызыл кітапқа» енген жан-жануарлар мен өсімдіктерін зерттеп, ғылыми жоба жазбақ ниеттерімен бөлісті. «Экологиялық ағарту, рекреация және туризм» бөлімінің мамандары еліміздегі және ұлттық парктегі туристік аймаққа айналуы мүмкін деген әсем жерлер туралы сөз қозғап, оқушылардың қызығушылығын оятты. Өрт сөндіру бөлімнің мамандары тілсіз жаудың алдын алу мен өрт кезіндегі техника қауіпсіздігімен таныстырды. Осылайша мекеме қызметкерлері 3 ай көлемінде 19 ауылдық округке қарасты 40 мектептің 3200 оқушысына, колледж бойынша 100 студентке таныстыру жұмыстарын жүргізді.

Айгерім ҚОНАЕВА, 

Қаулан ҚҰСМАНҰЛЫ 

Шығыс Қазақстан облысы

 

...сақтандырады

Аралас некеге абай болсақ...

Қазiргi күнi аралас некеден туған балалардың саны көбейiп келедi. Солардың бiрi – менiң танысым Алина есiмдi жас бойжеткен. Оның әкесi – қазақ, шешесi – корей. Осы мәселе жайында Алинаның ойын бiлмекшi болып әңгiмеге тартып едiм, оның жауабы мынадай болды: «Мiне, мен де кәмелеттiк жасқа толдым. Мектептi қазақ тiлiнде бiтiрсем де, ес бiлгелi корей тiлiн қоса меңгердiм. Бiрақ отбасымызда қазақ тiлiнде де, корей тiлiнде де сөйлеспеймiз. Күнделiктi қолданысқа орыс тiлi ыңғайлы. Ата-анамның екi дiн өкiлi мен екi түрлi ұлттың адамы болғаны менi қатты қинайды. Бала күнiмде оған аса мән бермейтiнмiн. Өсе келе ата-анам менiң тәрбиеме байланысты көп жанжалдасатынын байқадым. Екеуi екi жақтап, маған өз салт-дәстүрлерiн, әдеп-ғұрыптарын үйретiп әлек болады. Бiздiң үйде екi ұлттың да, екi дiннiң де мерекелерi тойланып, жоралғылары орындалады. Нақты бiреуiне көшейiн десем, әкемнiң де, анамның да көңiлiн қимаймын. Содан кейiн менi «Мен кiммiн? Кейiн балаларыма не үйретемiн?» деген сұрақтар жиi мазалайтын болды...»

Алинаның оқиғасынан басқа, қытай азаматшасына үйленген қазақ жiгiтiнiң басынан өткергенiн естiп, жағамды ұстадым. Қазақ жiгiтi қытай қызына үйленiп, одан бала сүйедi. Алайда көп ұзамай нәресте шетiнеп кетедi. Қандасымыз баласын шариғат заңдарына сай жер қойнауына тапсырмақшы болғанда, әйелi қарсы шығыпты. Ол өз дiнiне сай жерлемекшi болыпты. Артынан екеуi сол үшiн сотқа жүгiнiптi...
Мен мұны неге айтып отырмын? Қазақ жiгiттерi мен қыздары шетел азаматтарымен некелеспес бұрын ойланар деген үмiтпен...

Дана РУСЛАНҚЫЗЫ

АЛМАТЫ

 

...сенім артады

Діннің ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі

Маңғыстау аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Заңғар асу» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Дін және рухани құндылықтың ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі» тақырыбында мектеп оқушылары мен дінтану пәні мұғалімдерінің, сондай-ақ мектеп басшыларының қатысуымен алқалы жиын өтті.

Кездесуде «Ақ жол – жастар» жастар қанатының жанынан құрылған «Ақ жол» жастар театрының әуесқой әртістері драматург, ұстаз Өтен Аxметтің «Ананың ақ сүті» атты шығармасын саxналады. Жастар қойылымында жат діни ағымдардың көздеген мақсаттары, олардың зардаптары, қоғамға төндірер қаупі мен жағымсыз әсерлері, дәстүрлі емес діннің жетегінде жүріп үйінен безіп, діни сауатсыздықтың құрбаны болған қазақ жастарының тағдырын сахналады. Туындыда белең алған оқиғалардың бірі – жалғыз ғана отбасындағы жағдай арқылы қоғамдағы тұтас трагедия көрсетілді.

Әсерлі қойылымнан соң аудан әкімінің орынбасары, ҚМДБ-ның насиxат және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы, «Заңғар асу» қоғамдық қорының директоры сөз алып, ауыл жастарына бүгінгі таңдағы діни көзқарас туралы өз ойларын ортаға салса, ұстаздар мен оқушылар өз пікірлерімен бөлісті.

Аллаберген ҚОНАРБАЕВ

Маңғыстау облысы