Аймақтар • 14 Наурыз, 2019

Грант құны - 98 миллион тенге

965 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

 С.Бәйішев атындағы ғылыми-техникалық бағытта мамандар әзірлейтін Ақтөбе университеті 1996 жылы құрылған. Арада өткен 20 жылдан астам уақыттың ішінде аталған университет 5000-нан астам студент оқитын іргелі оқу орнына айналды. 

Грант құны - 98 миллион тенге

Мұнда тек өз республикамыздан ғана емес, сонымен бірге Өзбекстан мен Ираннан келіп оқып жүргендер де бар. Жоғары оқу орнының материалдық-техникалық базасы әлемдік білім беру стандарттарына жауап бере алады. Оны республикамыздағы өзге ЖОО-лардан ерекшелеп тұрған басты жәйт  - өз технопаркінің жасақталғаны. Бұған «Зерек» деген атау қойылған.

Таяуда бәйішевтіктер екінің бірінің қолы жете бермейтін тағы бір жетістікке қол жеткізді. Олар ҚР Білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті белгілеген «Өнімді инновацияны қолдану» жобасының жеңімпазы атанды. Осы арқылы ұйымшыл ұжымқұны 98 миллион тенге тұратын грантқа ие болды. Бұл биылғы жылы бәйішевтіктер ұтып алған екінші ірі көлемдегі грант болып отыр. Өткені бұған дейін жоғарыда аталған «Зерек» технопаркі 47 миллион тенгелік мемлекеттік грантты ұтып алған болатын. Қомақты қаражаттардың өз орны мен мақсатына жұмсалуын бақылау техника ғылымдарының докторы Байзақ Исақұлов басқаратын «Зерек» технопаркінің құзырына жүктелген. Грант арқылы бөлінген салмақты соманы университет ғалымдары құжаттарды ағылшын тілінде ресімдеудің сан қырын үйреніп күнделікті дағдыға айналдыруға  және халықаралық ғылыми жобаларға жол ашудың амалдарын іздестіруге жұмсайтын болады. Біздің өңірлік жоғары оқу орнының тең жеңімпаз атанған Қазақ-Британ техникалық университеті секілді мүйізі қарағайдай жоғары оқу орнының қатарында тұруы біз үшін үлкен жетістік, биік мерей дейді, - С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті «Рухани Жаңғыру» орталығының директоры Мұхтар Миров.

Темір Құсайын,

«Egemen Qazaqstan»

АҚТӨБЕ