Медицина • 14 Наурыз, 2019

Монополистермен мәмілеге келу тарифті төмендетуге мүмкіндік береді

717 реткөрсетілді

Алматы облысының прокуратурасы өңірдегі сумен жабдықтау мекемелерінің жұмысын тексеріп, олардың суға белгіленген тарифті орынсыз көтергенін анықтады. Яғни, өткен жылы аймақтағы 220 мың тұрғын су тұтынғаны үшін 400 млн теңгені монополист компанияға асыра төлеп келіпті.

Аймақтағы су бағасын тарифтік сметаға негізсіз шығындарды қосып есептеу арқылы тұрғындардың қалтасын қаққан компанияның бірі - «Талғар Су» мекемесі екен. Бұл мекеменің 37 мың тұтынушыға  артық баға есептеу арқылы жинаған қаржысы 78 млн теңгеге жеткен. Енді прокуратураның талабы бойынша «Талғар Су» мекемесі тұтынушыларға артық төлемді қайтарады. Сәуір айынан бастап талғарлықтар суға төмендетілген тариф бойынша ақы төлеп, бұрынғы соманың қаншалықты қайтарылғаны түбіртекте бөлек көрсетілетін болды. Айтпақшы, Жетісудың 60 елді мекенінде су тұтыну тарифінің анықталмауының кесірінен қызмет ұсынған компаниялар су бағасын өз қалауынша белгілеп, ақша алып отырыпты. Мұны да прокурорлар анықтаған.

Тариф демекші, облыста жыл басынан коммуналдық қызмет ақысы айтарлықтай төменген екен. Атап айтқанда, қоқыс шығару қызметінің құны 154 теңгеден 135 теңгеге дейін, жедел саты қызметінің ақысы 15,3 теңгеден 13,5 теңгеге дейін арзандаған. Жекелеген қалалар бойынша да тариф біршама арзандап, Қапшағай қаласында жылу үшін алынатын төлемақы 19,4  процентке,  ыстық су 23,9 процентке түсті. Талдықорғанда да жылу ақысы 9,3 процентке төмендесе, ыстық су үшін алынатын тариф 10 процентке азайған.  Сондай-ақ, Талдықорған қаласында бұрын электр қуаты үшін алынатын баға 16,39 теңге болып келсе, жыл басынан ол 10,4 процентке дейін төмендетіліп, 14,68 теңгені құраған екен. Тарифтердің арзандауынан кейін компаниялардың шығынға батып қалмауы үшін жергілікті бюджет есебінен өтемақы төлеу де жолға қойылды. Осы мақсатқа әкімдік 1,7 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырған.

- Біздің облыста 135 монополиялық нысан бар. Олардыкң ішінен 57 мекеме тарифті түсіріп, уақытша өтемақылы жүйеге көшті. Алдағы уақытта да тарифтердің орынсыз көтерілмеуін қадағалап, монополистермен мәмілеге келетін боламыз,- дейді Алматы облысы бойынша табиғи монополияларды және бағаларды реттеу бөлімінің басшысы Айжан Сәрсембайқызы.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Алматы облысы

 

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Біз - «BIRGE»!

Сайлау • 24 Мамыр, 2019

Мергендер Мюнхенде жүр

Спорт • 24 Мамыр, 2019

Мас араны омартаға кіргізбейді

Экология • 24 Мамыр, 2019

Ұқсас жаңалықтар