«ХХI ғасырдағы сауда тренді – тұтынушының ыңғайына бейімдеу. Себебі сауда алаңында соңғы сөзді тұтынушының талғасы айтады. Сондықтан, тұтынушының тілінде сөйлесіп, бағыт-бағдарын солардың талғамымен үйлестіре алғандар ұтылмайды», - деп атап өтті Қайрат Мәжібаев.
Қайрат Мәжібаев, сондай-ақ қазақстандық ритейлер – тауар жеткізушілер мен бөлшек сауда секторындағы негізгі бағыттар жөнінде тоқталып өтті. Оның пайымдауынша, Қазақстанда сауда нүктелері, интернет сауданың 68 пайызы Алматы, Астана тәрізді ірі қалаларда, 32 пайызы ауылдарда шоғырланыпты.
2018 жылдың қаңтар-желтоқсан айларындағы бөлшек сауда көлемі 8845,3 млрд теңгені құрады, бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 6,4 пайызға артық. Nielsen талдау компаниясының жариялаған дерегі қазақстандық FMCG (күнделікті тұтынатын тауарлар) нарығы өткен жылмен салыстырғанда, құндық көрсеткіште 3 пайызға өскенін айтады. Азық-түлік өнімдері 5 пайызға, сусын (сыраны қоса алғанда), азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен темекі өнімдерінің құны – 2% артқан.
Asia Park» СОО компаниясының атқарушы директоры Арман Махановтың айтуынша, 2018 жылы баға көтерілгеніне қарамастан, жаңа дүкендер ашылып, нарықтың бүкіл қатысушыларының табысы артқаны да байқалды.
2018 жылғы қаржы, экономикадағы әлемдік фактор ықпал ете алмаған бірден-бір сала – электронды тауарлар нарығы болыпты. Жиында бас қосқан сауда өкілдерінің пайымдауынша, Жылдың ең өтімді тауары – смартфон болып тұр. Нарықта бірнеше үрдістің қатар дамып келе жатқаны 2018 жылы қаттырақ сезінген: Қытайлық тауар үлесінің артып, сонымен бір мезгілде әлемдік брендтермен мүмкіндігі мен сапасы бірдей болса да, бағасы арзан тауарларға сұраныс артқан.
Жиынға қатысқан сарапшылардың сөзінен ұққанымыз,– 2018 жыл Қазақстан кондитерлері үшін өте қиын болыпты. Импорттың өсуі салдарынан отандық кондитерлік өнімдердің сатылымы төмендеді. Импорт бір жылда 25 пайызға өсті, ол нарықтың 57-58 пайызын құрап тұр. Импорттың артуына шетелдік өнімдердің арзандығы себеп болып тұр, әсіресе ресейлік өндірушілер демпингке жол беріп, яғни бағаны қолдан төмендетіп, басқыншыл саясатпен нарықты жаулап жатыр. Олардың қаржылық ресурсы үлкен.
Ал украиндық импорт шамамен 5 пайызға төмендеді. Жалпы алғанда, Қазақстан жылына 170 мың тонна кондитерлік өнім импорттайды: 140-150 мың тоннасы Ресей Федерациясынан келсе, шамамен 20 мың тоннасы Украинадан тасымалданады. Жағымды өзгерістер туралы айтар болсақ, биыл Қытай, Кавказ бен Ресейге экспортталатын тауар көлемі 20 пайызға артты, шамамен 35 мың тоннаны құрайды. Айтпақшы осыған дейін бөлшек сауда нарығының мамандарын дайындау мәселесі ЕАЭО және Орталық Азия елдері шеңберінде шешімін таппай келген. Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Қазақстанның сауда индустриясы және сарапшылар одағы осы олқылықтың орнын толтыруға тырысқан. Нәтижесінде келесі жылы ЕАЭО және Орталық Азия елдерінде ритейлердің жоғары мектебі ашу туралы шешім қабылданып, Қазақстан мен Ресейдің ритейлерлері шеберлік сабағын оқытады деген байлам жасалған.
Форум жұмысы ертең жалғасады
Ертең ЕАЭО және Орталық Азия елдерінен келген 250 ден астам тауар өндірушілер мен сауда нүктелері арасында келісімге қол қойылады. Айтпақшы бүгінгі жиыннан белгілі болғаны қазақ нарығында жеңіл өнеркәсіп бұйымдары және сүт өнімдерімен танымал болған қырғыз ағайындар бізге жаңа қырынан танылғалы отыр. Олар кептіріліп, ұнтақталған жемісті, сұйытылған ірімшік, құрт, жентті қазақ нарығына әкелуге тас-түйін дайын отыр.
Гүлбаршын САБАЕВА,
«Еqemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ