14 Наурыз, 2019

Астанада ұландық жауынгерлер ұрыларды құрықтады

1005 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеше сағат кешкі 21:40 шамасында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүрген Ұлттық ұлан сарбаздары ақша, ұялы телефон және құжаттар тауып алады.

Астанада ұландық жауынгерлер ұрыларды құрықтады

Әскери жасақ бастығы кіші сержант Меліс Қырғызбаев қасындағы патрульдер Ясин Жылқыбаев және Ерлан Өтегеновпен бірге Дүкенұлы көшесін қадағалап келе жатып, жерде жатқан қара түсті ерлер сөмкесін (барсетка) байқап қалады. Ішінде 27200 теңге, жеке куәлік, банк карталары және  «Samsung А3» ұялы телефоны бар екен.

Табылған телефонға тура осы сәтте ер адам хабарласып, барсеткасын жоғалтқанын айтады. Мәліметті растау үшін ішіндегі ұялы телефонның маркасын да атайды. Кездесу барысында құжаттар мен телефондағы мәліметтердің көмегі арқылы табылған заттың иесі осы кісі екеніне көз жеткізген жауынгерлер, оны әскери жасақ кезекшісінің көзінше иесіне қайтарады.

Осы жағдайдан сәл бұрын аталмыш әскери жасақ тағы бір қырағылық үлгісін танытқан болатын. Дәлірек айтсақ, рация арқылы Жеңіс даңғылында орналасқан «Буфет» дәмханасынан А есімді азаматшаның ұялы телефон ұрлап кеткені жөнінде хабарлама берілген болатын.

Көп ұзамай, жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде сарбаздар Бөгенбай батыр-Уәлиханов көшелерінің қиылысынан осы ақпараттағы белгілерге сырт келбеті сәйкес келетін әйелді байқайды. Ол да форма киген әскерилерді көргенде, бағытын күрт өзгертіп, сезік туғызады. Құжатын тексеру барысында, оның А.есімді азаматша екені және дәмханадан расында «Айфон 5» телефонын ұрлап кеткені анықталады. Күдікті Сарыарқа аудандық ішкі істер басқармасының полиция бөлімшесіне жеткізілді.