Тарих • 15 Наурыз, 2019

Дәнел Әлкейқызы: Марғұлан мұрасы – ұлттық руханиятымыздың қазынасы

1126 реткөрсетілді

– Дәнел Әлкейқызы, қазақ археоло­гиясының негізін қалап, бар ғұмырын ғылымның сан-саласына арнаған Әлкей Хақанұлының мұрасын жи­­­нақ­­тап, насихаттауда үлкен еңбек етіп келесіз. Бірнеше бағыттағы зерт­теу­­лерді жүйелеудің, жарыққа шы­ға­рудың оңайға соқпағаны белгілі. Қа­­зіргі кезде де әке мұрасының ма­­ңыз­ды бөлігімен жұмыс істеп жатқаны­­ңыздан хабардармыз.

– Әкем Әлкей Марғұлан өмірінің барлық сәулелі сәттерін ғылыми зерт­теулеріне арнады. Ол кісіні ұлы ға­лым, ғажайып тұлға ретінде ғылыми ор­та әлдеқашан мойындаған. Киелі қа­зақ топырағының рухани кеңістігін зерт­теуде алғашқылардың бірі болып тарихтың сан ғасырлар бойы жа­­сырын жатқан құпияларын ашты. Қа­зақстанның батыс шекараларынан бас­тап Орталық Қазақстанды, солтүстік-шығыс және шығыс аймақтарын мың­даған шақырымдарға шарлай жүріп, қо­ла дәуірден, ежелгі көшпелілерден ор­та ғасырларға дейінгі сакральды ес­керт­кіштерді, көне қазақ тайпалары мекендеген жерлерді ашып, сипат­тау­мен айналысты, халқымыздың эпи­калық аңыздарын, дәстүрлері мен сал­­тын зерттеді. Марғұлан еңбектері та­қырыптық жағынан ауқымды зерт­теулерімен ерекшеленді. Ондағы әлем мәдениеті мен қазақ халқының дәстүрлі құндылықтарының үйлесімі іргелі ең­бек­терінің негізіне айналды.

– Сіз медицина ғылымдарының кан­дидатысыз, ал гуманитарлық са­лаға бет бұруыңызға қандай жағ­дай­­лар әсер етті? Әкеңіз туралы ой тол­­­­ға­ғанда қандай сәттер есіңізге ора­лады?

– Мен ес білгелі әкем үнемі экспедицияларда жүретін. Қалаға оралған сәтінде қағаз бен қалам серігі болды. Тіптен, қонаққа, театрға барып сергіген кездерін көрген емеспін. Демалысының мәні кешкілік өзен жағалай серуендеп келіп, бізбен бір мезгіл шүйіркелесу еді. Жұмыстан қатты қалжыраған сәтінде қолына домбырасын алып, күй тартып, «Екі жирен», «Жиырма бес», «Сырымбет» сияқты әйгілі әндерді әуелеткенде көз алдыңда ұлан-ғайыр қазақ даласы мен көне қалалар сағымдай мұнартқандай болатын. Көшпенділер әлемі, аңыздар атырабы жанына жа­қын болғаны соншалық, ғасырлар қойнауының құпияларын ашуда алдына жан салмады. Иә, әкемнің үйдегі әрбір қимылы менің назарымда болды. Оның ерекше мейірімі, ашық та жарқын мінезіне қайран қалатын едім. Ғалым ретінде қаншалықты жанкешті еңбек еткенін кейіннен архив құжаттарымен айналыса бастағанда көз жеткізе түстім. Көзімді ашқалы көргенім еңбекқор ғалымдардың өмірі болды. Сондықтан да әкем осы өмірге келгендегі парызы мен міндетін қалтқысыз атқарып кетті.

– Яғни, ғылыми бағытыңызды бас­­қа арнаға бұруыңызға әке еңбегіне де­ген ерекше ынтызарлық ықпал ет­кені ғой...

– Ақиқатын айтқанда, менің медицина саласына баруымды анам қалаған еді. Мәскеуден аспирантураны тәмамдап келгеннен кейін бірден биологияға да, медицинаға да бармаймын деп шешім қабылдап, гуманитарлық салаға бет бұрдым. Зейнет жасына жеткенге дейін Фи­ло­софия институтында еңбек етіп, бүгінге дейін Әлкей Марғұлан атын­­дағы қор аясында әкемнің мұрасын жинақтаумен, жарыққа шығарумен ай­налысып келемін. Әбікей атамның екі қызының бірі Райхан отандық герантологияның негізін алғаш қалаған ғалым болса, менің анам – Раушан Таш­кент медицина институтын 1939 жылы тәмамдағаннан кейін Алматы медициналық институтында профессор В.В.Зикеевтің жетекшілігімен хи­рургиялық госпиталь кафедрасында еңбек етіп, кандидаттық диссертациясын жазды. Ал 1961 жылы Қазақ радиология және онкология институтында абдоминальды хирургия бөлімінің меңгерушісі бола жүріп, өңештің қатерлі ісігіне қатысты докторлық жұмысын бастады. Осы саланың ауыртпалығын арқалай жүріп өлім-жітім көрсеткіші жағынан дүние жүзі бойынша жоғары тұрған Атырау өңірінде экспедицияларда болып, аймақтағы өңеш ауруының белең алу көрсеткіштерін, тұрғындардың тұрмысы мен тамақтану үрдісін зерттеді. Бүгінде анамның есімі С.Асфендияров атындағы медицина университетіндегі Еңбек даңқы алаңында жазылған. 

– Абылай туы астында Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай батырлармен бір­ге жоңғарларға қарсы күрескен Ол­жабай батырдың ұрпағы Хақан атаңыздың есімі еліне елеулі тұлғалар қата­­рында аталады. Ұлт мұраты жолында күрескен батыр бабаларынан рух алған ғалым Әлкей Марғұланның өс­кен әрі білім алған ортасы да ерекше болғаны белгілі.

– Олжабай батырдың Абылай хан­ның ту ұстаушысы әрі мемлекет билігін нығайтуға үлес қосқан тұлға болғандығы әкемді үнемі рухтандырып жүрді. Ел тәуелсіздігінің, азаттығының жолында күрескен Олжабай батырдан тараған ұрпақ та жаман болмасы игі. Ал Хақан атам­ның да көзі ашық, көкірегі ояу, пара­сатты жан болғандығы әкемнің тәр­биесінен аңғарылатын. Әжеміз Нұрила да руханияттан қара жаяу емес-ті. Ұлына қазақтың жыр-дастандарын жаттатып өсірген Хақанның отбасына Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Жаяу Мұса, Имантай Сәтбаев сынды тұлғалардың жиі келіп, ша­ңырағында қазақтың аңыз-ертегілері, халық әндерінің жиі шырқалғандығын әке естеліктерінен, ол кісінің ұлттық салт-дәстүрге, тұңғиық тарихына арналған зерттеулерінен аңғаруға болады. «Ғалым болып қалыптасуыма Сұлтанмахмұт Торайғыров, Қаныш, Әбікей Сәтбаевтар, Хакім Иманбеков, Жағыпар Серкебаев, Жаяу Мұса әсер етті» дегені де бар ғой­ естеліктерінде. Мен нағашы әжем Ха­­­ми­даның тәрбиесінде болып, шарапатын көріп өстім. Әжем біртоға, аз сөзді, салмақты жан болатын. Дәмділеп асын пісіріп, ыңылдап ән айта жүретін. «Бір бала» әнін жиі айтушы еді. Әжем 1953 жылы дүниеден өтті. Ал на­ғашы атам Әбікей болса 37 жылғы реп­рес­сияның құрбанына айналды. Семей се­минариясының ағартушысы болып еңбек еткен атамның есімі кейіннен ақталды, алайда қайда жерленгені біздерге әлі беймәлім.

– Әлкей Хақанұлының ұлттың мұрат-мүддесі жолында еңбек еткен алаш арыстарының бірқатарымен таныстығы да осы Семей семинария­сында басталды емес пе?

– Иә. Семей семинариясында Жү­сіп­бек Аймауытұлы, Әлихан Бөкей­хан, Ахмет Байтұрсынұлы сынды көптеген Алаш тұлғалары еңбек етті. Кейіннен олардың қатарына Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезовтің қосылғаны белгілі. Әкемнің Мағжан Жұмабаевпен таныстығы да осындағы газет редакцияларында басталды. Ал Мұхтар Әуезов әкемнің білім алып, оқуын әрі­ қарай жалғастыруына барынша­ ақыл-кеңесін берген жан. Екеуі Ле­нин­­град қаласындағы Шығыстану инс­­титутының түркiтану және тарих­филология факультеттерiнде қа­тар оқыды. Бартольд, Крачковский, Марр, Олденбург, Самойлович сияқты ғалым­дардан тәлім алып, КСРО Ғылым академиясының академигі А.Ферсман, профессор С.Руденко, А.Миллер,т.б. ұйым­дастырған археология және этнография экспедицияларына қатысты. Әлихан Бөкейханмен бiрлесе жұмыс істеп, әдеби-мұрағаттық материалдар жинауға кірісті. 

– Академик Ә.Марғұланның есімі Орталық Қазақстандағы қола дәуі­рінің өркениеті болған Беғазы-Дән­дібай мәдениетімен тікелей байланыс­ты. Сырдария, Талас, Шу өзен­дерінің бойы мен Тараз, Отырар, Сай­рам, Сау­ран, Сығанақ сияқты қала­­лар мәде­ниетін әлемге танытты. Ғалым­ның осы еңбектерін насихаттауда қандай жұмыстар атқарылуда?

– Ғалым-зерттеуші орыс оқымыс­тыларының қазақ даласы тек көшпелiлер мекенi деген тұжырымдарын жоққа шығарып, ежелгі өркениет орталығы болған Қазақстан туралы еңбектердің авторы ретінде Орталық Қазақстанда қола дәуіріне тиесілі Беғазы-Дәндібай мәдениетін аша отырып, Сарыарқаның ежелгі тұрғындарының ғажайып туын­дылары шоғырланған осы дара мә­де­ниетті зерттеді. «Сарыарқа. Қола дәуі­ріндегі тау-кен ісі және металлур­гиясы. Жезқазған – көне және ортаға­сырлық металлургия орталығы (Милы­құ­дық қалашығы)» зерттеулерін жинақ­тады. 

Орталық Қазақстанның көптеген ежелгі кен орындарында шахталар, ұң­ғымалар, кен жуу және өңдеуде пайдаланатын су шұңқырлары мен еріту қазандықтарының орны сақталып келген. Кен өндіру ісі және металлургия ежелгі кезеңнің өзінде үлкен өндіріс ошағына айналған. Онда тіптен ірі шах­таларда жүздеген тоннаға дейін кен өн­дірілген. Ірі көлемде мыс балқытудың нәтижесінде айырбас бағамы мен мыс экспорты пайда болды. Бұл қызмет түрінің көлеміне қарап керуен жолымен Римге, Қытай және т.б. елдерге мыстың экспортталғанын көреміз. Бұл деректерді соңғы жылдардағы өзге мемлекеттер архивтеріндегі деректер де растап отыр. Осы зерттеулері «Ор­талық Қазақстандағы Беғазы-Дәндібай мә­дениеті» еңбегіне топтастырылды. Ондағы ауқымды мавзолейлер, ежел­гі кеншілер мен металлургтердің ме­кендері, біздің заманымызға дейін сақ­тал­ған қола бұйымдар соның дә­леліндей. Сырдария мен Жетісуда пай­да болған алғашқы қалалар туралы жазды. Отырар, Тараз, Сауран, Сы­ғанақтағы қазбаларды зерттей отырып, көне қалалардың болғандығын дә­лелдеді. Көшіп-қону феноменінің пайда болу жағдайларын сипаттады, қазақтардың ерекше құрылыстары мен сакральды ескерткіштерін көрсетті. Соның негізінде «Көне қазақ жерiнiң қалалары мен құрылыс өнерiнiң тарихы» аталатын көлемді монографиясын жариялады. Ғалым шығармаларының бірінші томында Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаев «Қазақтың ұлы ғалымы Әлкей Марғұланның және оның ізінен ерушілердің жанкешті еңбегі Қазақстанның аумағында 4 мың жыл бұрын пайда болған өркениетті танудың бастамасы болды» деп атап көрсеткен еді. Осы орайда Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында технологиялық жаңашылдықтың дархан даламызда жаңа заманға дейін де болғандығы туралы мәселе көтеруі ұлттық тарихымызды әрі қарай тереңдете зерттеуге мүмкіндік беріп отыр. 

– Бірқатар деректерде ғалым қай­­та­ланбас, айрықша рөлге ие ең­бек­­терінің біразын жариялап үлгер­ме­гендігі айтылады...

– Әкем «Қазақстан архитектурасы» еңбегіне материалдарды ұзақ жылдар бойы жинастырып, өмірінің соңына қарай аяқтап үлгерді. Бұл еңбегінде қазақ жеріндегі архитектура мен құ­рылыс ісінің эволюциясын көрсете біл­ді. Жоғарыда айтып өткенімдей, әкем­нің өмірі экспедициялармен және жазу-сызумен тығыз байланысты болды. Экспедициядан көптеген материалдар әкелетін. Қазақ сақарасының күнгейі мен теріскейін түгел шарлап, құнды ма­териалдар жинады. Далаға деген ынтызарлығы соншалық, 3-4 айлап үйде болмай, дала әлемін зерттеді. Ал кезекті іссапардан оралған бетте жазу үстеліне отыратын. 1975 жылы денсаулығы сыр беріп, жүрегі ауыра бастаған сәтте тоқтау салып, әрі қарай ағзаға салмақ салуға болмайтынын ескерттік. Әкем көзі тірісінде осынау мол мұрасын жариялауды мақсат етті. Бойындағы бар ғылыми дарынын сала отырып, қазақ ғы­лымына қажетті дүниелерді қағазға түсіріп кетуге асықты. Көзі тірісінде санаулы еңбектері ғана жарық көрді. Ғалымның қаламынан туған Мәшһүр Жүсіп мұрасы, түркі эпосы, Едіге мен Орақ-Мамай туралы, «Шоқан және Манас», «Қорқыт», т.б. еңбектері құн­дылығы жағынан дараланып тұрады.

– Ғалымның сан-салалы еңбектері сіздің жинақтауыңызбен кейіннен 14 том болып жарық көрді. Осы басы­лым­дардың өзінде ғалым еңбек­терін толық­тай қамту мүмкін бол­ма­ға­ны бел­гілі. Бірде үш томға жуық зерт­теу­лердің жинақталып жат­қандығы туралы айтып қалған едіңіз... 

– «Мәдени мұра» бағдарламасы жүзеге асқан тұста Елбасының атына арнайы хат жазуымыздың нәтижесінде ғалым еңбектері 14 томдыққа топтас­тырылды. Әкемнің қандай еңбе­гін алсақ та, баға жетпес құнды зерттеу­лерімен ерекшеленеді. Мысалы, «Қазақ халқы­ның қолөнері» үш томдық еңбегінде дала шеберлерінің темірден, ағаштан, тері, сүйек, киіз, матадан жасаған және үйге қажетті киім, кілем, зергерлік бұйым­дар сияқты материалдық мәдениет бұйым­дары көрсетілген. Оның барлығы ірі кө­лем­дегі суреттер арқылы бейнеленген халықтың көркем шығармаларының сипат­тамасы бойынша шоғырланған, маз­мұны жағынан ерекше еңбек, қазақ қол­данбалы өнерінің энциклопедиясы іспетті. Қазіргі заманда да қолданысқа қажетті ат әбзелдері, арбаға арналған дөңгелек, тез жиналып, құрылатын киіз үй, салт аттының киімдері, қару сияқ­ты ерте заманда ойлап табылған бұйымдарсыз көшпенділер феномені пайда болмайтын еді. «Қазақ халқының көне замандағы ақындық өнерінің шеберлері», «Қазақтың көне тайпалары және Қазақ хандығының қалыптасуы», т.б. еңбектерінің тарихи маңызы жоғары. 

– Тарихи деректер ғалымның Ле­нин­град, Мәскеу, Сібір, Тәш­кеннің архивтерінде көп жұмыс істе­генін ай­ғақтайды. Осы зерттеулері ба­ры­сында Шоқан еңбектеріне көп уақы­тын арнағанын білеміз.

– 1957-1967 жылдары Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұраларын жинайтын топқа жетекшілік етiп, таңдамалы және 5 томдық шығармалар жинағын жарыққа шығаруға басшылық жасады. Ғалым еліміздің шалғай аудандарына археологиялық және этнографиялық экспедициялар ұйымдастырды. Әкем Шоқан еңбектеріне «түпсіз тұңғиық, мұхиттағы айсберг іспетті» деп баға беріп кетті. Олай болса, Шоқан ілімін зерттеу бүгінгі жас ғалымдардың еншісінде. Әл­кей Марғұланның туғанына 110 жыл толуына орай Шоқан жайлы көптеген зерттеулерін Павлодар университетіне табыс еттім. Университет мамандары сол архивтерді сандық жүйеге көшіріп, Қазақстанның Ұлттық архивінің қорына тапсырғаны мәлім. 

– Ғалым зерттеулерінің қатарында араб қарпінде жазылған деректер де кез­деседі екен. Оның бүгінгі ғылым тіліне аударуда қандай жұмыстар жасалуда? Сондай-ақ ғалымның әлі де жинақталып болмаған еңбектері бар екендігін айттыңыз. Оларды дайындау, жүйелеу жұмыстары қалай іске асуда?

– Бүгінде тағы да үш томға сұра­­­нып­ тұрған бірқатар еңбектері бар. Алайда архив құжаттары Петерборда сақ­талған «Ханские ярлыки», сондай-ақ Қазан университетінде болуы мүмкін «Казахская средневековая письменность» еңбегі әлі де толықтырып жи­­нақ­тауды қажет етеді. Қола дәуірден бер­гі дәуірлерге дейінгі «Қазақтардың мә­дениеті» орыс тілінде жазылған мо­нографиясын қазақ тіліне аудару, жа­рыққа шығару да алдағы уақыттың ен­шісінде. Ғалым зерттеулері арасында шағатай тілінде жазылған бірқатар қолжазбалары сақталған. Олар монография емес, хаттар, шағын естеліктер мен мақалалар. Жазбалардың ішінде Әуезовке қатысты бірқатар деректер кездеседі. Осы құжаттар негізінде бұ­рынғы жазғандары бар, кейінгі деректермен толықтырып, «Әуезов және Мар­ғұлан» мазмұнды жинағын шығару қажеттілігі туындап отыр. Сондай-ақ академик Шафик Шокиннің ұсынысы бойынша ғылыми библиографиясын, яғни, барлық еңбектерінің сипаттамасын жасаудың отандық ғылым үшін маңызы зор. Марғұлан мұрасындағы кез келген тақырып әлі де тереңдетіп зерттеуді қажет етеді. Ана бір жылдарда Павлодардағы Бұқар жырау музейінің қызметкері Марван Хамитованың бас­тамасымен Құндыкөлде Ә.Марғұлан музейі ашылып, ғалым еңбектері ха­­­қында кан­дидаттық диссертация қор­ғалды. Мар­ван Хамитова «Ғұлама, ғалым, азамат, тұлға» кітабын жарыққа шығарып, тағы бір еңбегін баспаға да­йындап қойды.

Алдағы уақытта Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты, сон­дай-ақ жас ғалымдар тарапынан «Рухани жаң­ғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары аясында Марғұлантану бағытында тың ізденістер жалғасын табады деген сенімдемін.

Кезінде академик Қаныш атамыз ғалым Оразай Батырбековке «Әлкейде үлкен қазына бар. Айтқан әрбір сөзі құнды. Соны шашау шығармай әрі өзі­мен бірге әкетпей тұрғанда қағазға тү­сіріп алуға тырысыңыз» деп әзіл-шы­ны аралас мұқияттаған екен. Бүгінде сол қағазға түс­кен құнды зерттеулер­ халқымыздың баға жетпес рухани мұрасына айналды. Осы рухани мұрамызды тереңдетіп зерттеудің, әлем тілдеріне аударудың қазақ тарихының жарқын беттеріне жол ашатыны сөзсіз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 Әңгімелескен Эльвира Серікқызы,

«Еgemen Qazaqstan»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Кеуректің ащы дәмі

Қазақстан • Кеше

Ұлы дала өрнектері

Аймақтар • Кеше

Өгіз аяң өндімейді

Аймақтар • Кеше

Ғарыш пен жарыс

Қоғам • Кеше

Ұқсас жаңалықтар