Өнер • 15 Наурыз, 2019

Жас талант таныған Түркия

1439 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Астанадағы «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығында Жастар жылының аясында Юнус Эмре түрік мәдени орталығының ұйымдастыруымен жас суретші Назерке Кемелбаеваның «Түркия қазақстандықтардың көзімен» атты жеке сурет көрмесі ашылды. 

Жас талант таныған Түркия

Көрменің ашылу салтанатына Түркияның Қазақ­стандағы Төтенше және өкі­летті елшісі Невзат Уянык, дип­ломатиялық корпус өкіл­дері, Парламент депутаттары мен зиялы қауым қатысты. 

Жас суретші 15 жасынан бастап Астана қаласындағы «Балалар сурет мектебі. ЮНЕСКО клубы» атты мектепте қосымша сурет өне­рін оқып, академиялық білім ал­ған. Қазіргі таңда түрік мәдени орталығында түрік тілін үйренуші, Қазақ ұлттық өнер университеті «Сценография» факультетінің 5-курс студенті. Назерке Ке­мел­баева өзінің алғашқы сурет көрмесін Түркия еліне арнап отыр. Көрмеге сурет­шінің түрік елінің мәдени тыныс-тіршілігі мен рухани құн­дылықтарын айшықтайтын 40-тан аса жұмысы қойылды. Шы­ғармалардың арасында Түр­кияның түрлі қалаларында орналасқан ескі мәдени мекендер – «Мевлана кесенесі/ Конья», «Акдамар шіркеуі/Ван», «Ысқақ-Паша сарайы/ Аары» мен ежелгі қалалардың «Понт патшаларының мазарлары/Амасья», «Румели Хисар бекінісі/Ыстанбұл», «Ежелгі Эфес қаласы/ Измир» суреттері де бар.

– Түркияның сұлулығын бір ғана суретпен жеткізу мүмкін емес. Сондықтан да бүгінгі көрмеге қойылған туын­дыларым арқылы осынау ғаламат өлкенің бар ғажабын жан-жақты қырынан ашуға, көрсетуге тырыстым. Мен үшін Түркия – талабыма шабыт сыйлаған таңғажайып мекен. Әсіресе тарихи мекендері мен айналасын қоршап жатқан асау теңіздерінің толқыны жан дүниемді айрықша се­зімге бөледі. Содан шабыт алдым. Әрине жеке шығар­машылығыма арналған ал­ғашқы көрмем болғаннан кейін қатты толқып тұрмын. Жастарға үлкен мүмкіндік сыйлап, шабытына шабыт үстейтін осындай жобалар мен бағдарламалардың көп болуын тілеймін. Бұл біз секілді жас шығармашылық иелерінің өзіне деген сенімін арттырып, тың серпіліс сыйлайды. Осы тұрғыда мені қолдап, мүмкіндігіме сенген барша ұстаздарым мен аталмыш көрмені ұйымдас­тырушыларға алғысымды білдіремін», – дейді көрме авторы. 

Көрмеде куә болғаны­мыздай, суретшінің жұмы­сында Түркияның тарихи ме­кендерінен бөлек, теңіз тақырыбы кеңінен қамты­лыпты. Сонымен қатар түрік халқының тұрмыстық ты­ныс-тіршілігі, салт-дәстүрі мен өнері де жан-жақты әрі түр­лі ракурста сөйлейді. Жас суретшінің қолтаңбасынан жастық романтика мен нәзік лириканың иірімдерін аңғару қиын емес. Өзіндік стилі мен көркем көре білу эстетикасы сәтті қабысқан қылқалам иесі болашағынан зор үміт күттіреді.

Назерке ЖҰМАБАЙ, 

«Egemen Qazaqstan