Спорт • 15 Наурыз, 2019

Қазақстан дзюдошыларының қарсыластары кімдер?

1030 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

15-18 наурыз аралығында Ресейдің Екатеринбург қаласында дзюдо күресінен «Гран Слэм» турнирі өтеді. Бұл жарыста 47 мемлекеттен келген 355 балуан бақ сынайды.

Қазақстан дзюдошыларының қарсыластары кімдер?

Айтулы доданың алғашқы айналымдарында Қазақстан ұлттық құрама командасының мүшелері кімдермен белдесетіні белгілі. 60 кило салмақтағы Ғұсман Қырғызбаев жарысты екінші айналымнан бастайды. Ол ресейлік Гамзат Зайырбеков пен жапониялық Юма Ошима арасындағы тартыстың жеңімпазымен жолығады.

66 кило салмақтағы Елдос Жұмахановтың тұсаукесер кездесудегі қарсыласы – португалиялық Серджи Олейник. Есет Қуанов черногориялық Юсуф Нурковичпен күреседі. 73 кило салмақтағы Мадияр Сембаев молдовалық Ион Накумен, Бекәділ Шәймерденов грекиялық Георгиос Маркариянмен күш сынасады.   

81 кило салмақтағы қос балуанымыз да екінші кезеңде сайысқа түседі. Бекжан Әбдуәлиев бразилиялық Юду Эдуардо Сантоспен, Руслан Мұсаев швециялық Виктор Бусшпен белдеседі. 90 кило салмақтағы Ислам Бозбаев италиялық Никлоас Мунгвай мен босниялық Милетичтің арасындағы бәсекеде үстемдік танытқан дзюдошымен айқасады. 100 кило салмақтағы Виктор Демьяненко ресейлік Кирилл Денисовпен күрессе, +100 кило салмақ дәрежесіндегі Ерасыл Қажыбаев қырғызстандық Бекболат Тоқтоғоновпен иық тіреседі. 

Сондай-ақ осы турнирде Ақмарал Науатбек (48 кило) Севара Нишанбаева (57 кило) Ақниет Тұрдан (63 кило), Иоланта Бердібекова (63 кило), Зере Бектасқызы (70 кило), Мөлдір Нарынова (70 кило), Зарина Райфова (78 кило), Камила Берліқаш (78 кило) және Гүлжан Исанова (+78 кило) сынды балуандарымыз боз кілемге шығады. 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»