Мамандардың айтуынша, тек мұз еріп, өлі балықтар су бетіне қалқып шығып жатыр. Бұл жағдай жергілікті тұрғындарды алаңдатпай қоймады. Жағдайға бейжай қарамаған атыраулықтар өткен жексенбіде өзен жағалауына шығып, тазарту жұмыстарына қатысты. Алдағы аптада тағы да қалалық сенбілік ұйымдастырылады.
Жайық суы қаншалықты қауіпсіз? Күн сайын дерлік өзеннен сараптама алып отырған Ұлттық сынама орталығының мамандары алаңдауға негіз жоқ дейді. Атырау облыстық әкімдігінде Орталық коммуникациялар қызметінің брифингіне қатысқан Қауіпсіздік Кеңесінің Экологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының мүшелері де осы пікірді қуаттады.
Комиссия Жайыққа барып, теплоходпен өзен бойын жүріп өтті. Жайық маңындағы Жамбыл ауылының тұсында 3 метр тереңдікте сүңгуірлер көмегімен Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті, Экология департаменті және «Қазгидромет» ӨММ қызметкерлері химиялық су сынамаларын алды. Сүңгуірлердің айтуынша, өзен түбінде өлі балық табылмаған. «Амангелді» балық шаруашылығы кооперативінің балық аулау аумағы да комиссия назарынан тыс қалмады.
– Дәл қазір бір аулағанда шамамен 200 келі балық ауланды. Оның 3,5 келісі өлі балықтар. Өлген балықтар қаңқасы мұзда қатып қалғандықтан еріп, су бетіне қалқып шығып жатыр. Қазір балықтың аз болатын кезеңі. Күн жылына сәуір айынан бастап уылдырық шашып, жылдағы үрдіспен балық көзі көбейеді, – дейді «Амангелді» кооперативінің қызметкері Өтеген Бисалиев.
Бақытгүл БАБАШ,
«Egemen Qazaqstan»