Қазақстан • 15 Наурыз, 2019

Асқар Мамин 2019 жылғы ІЖӨ өсімін 5%-ға жеткізуді тапсырды

1045 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Премьер Мамин мырза  2019 жылғы ішкі жалпы өнім өсімін 5%-ға жеткізуді тапсырды. Ұлттық экономика министрі Дәленов максимум 3,8%-ға жеткізе алатынын айтады. Ал S&P сарапшылары көрсеткіштің 1,8% ғана болатынын болжап отыр.

Асқар Мамин 2019 жылғы ІЖӨ өсімін 5%-ға жеткізуді тапсырды

Таратып айтсақ, «Бірқатар өңір өнеркәсіп, құрылыс салалары мен негізгі капиталға инвестиция көрсеткішінде қалып келе жатыр. Осы орайда жауапты мемлекеттік органдар мен әкімдіктер шараларды қолға алып, жылдың I тоқсанында оң көрсеткіш көрсетуі керек» деп тапсырды Министрлер кабинетінің басшысы.

Премьер-министрдің бұл тапсырмасы бірінші кезекте Ұлттық экономика министріне қарата айтылғаны анық. Ал Қаржы министрі Дәленов бұл көрсеткішке жету мүмкін еместігін қазірден ескертіп, ары кетсе биыл 3,8%-дық өсім ғана көрсете алатынын айтып отыр. «Түрлі факторларды ескере отырып, номиналды ІЖӨ 2019 жылы 64,3 трлн теңге болмақ. Бұл алдыңғы есептеуден 323,5 млрд теңгеге көп. Жан басына шаққандағы ІЖӨ көлемі 9,4 мың АҚШ доллары болады» деді Қаржы министрі Дәленов.

Расымен де, қолда бар мәліметтерге сүйенсек, 5%-дық өсім біздің шекпенімізге сыймайтындай болып көрінеді.

Осы пікірді қолдайтындар өсімнің бұл көрсеткішке жете алмау мүмкіндігіне екі негізгі дәлелді алға тартады.

Біріншіден, былтыр Брент мұнайының орташа бағасы 72-73 доллар шамасында болғанда ІЖӨ өсімі 4,1% болғаны есімізде. Ал 2019 жылғы қара алтынның болжамды бағасы 63-67 доллар аралығында. Нақтырақ айтсақ, АҚШ Энергетикалық мәлімет агенттігі биыл Брент маркасының орташа құны 63 доллар болады деп болжаса, Goldman Sachs орташа бағаны 65 доллар деп жорамалдап отыр. Ал Дүниежүзілік банк 67 доллар болады деп болжайды. Яғни, ең оптимистік болжамдардың өзі мұнай бағасының биыл былтырғыдан 7-8 пайызға төмен болатынын көрсетіп отыр. Екіншіден, Қазақстанда мұнай өндірісінің төмендеуі. Естеріңізде болса, былтыр Қазақстан мұнай өндіруден абсолютты рекорд орнатып, бір жылда 90,4 млн тонна қара алтын шығарған.

Ал биыл көрсеткіш 89 млн тонна болатынын таяуда Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлімдеген еді. Оған Дәленов та қосылып отыр.

«Мұнай өндірісі былтырғымен салыстырғанда 1,4 млн тоннаға, яғни 1,5% азаяды. Бұл өнеркәсіптегі өсімнің төмендеуіне әсер етеді. Дегенмен, қызмет көрсету саласы 4,8%, ауыл шаруашылығы 6,2%, құрылыс 3,7%, сауда 4,3%, көлік және қоймалау 3,8%, өнеркәсіп 1,6% өседі деген болжам бар. Ал өңдеуші өнеркәсіп өсімі тау-кен өнеркәсібінің өсімінен артық болмақ» деді министр.

Сонымен қатар, болжам бойынша биыл экспорт $3 млн-ға артып, $54,4 млрд-қа жетсе, импорт  $32,9 млрд болады деп күтілуде.

EXANTE инвестициялық компанияның сарапшысы  Валерий Давыдовтың пайымдауынша, жалпы ішкі өнімнің 5 пайызға өсуі, бір жағынан, аз.

 Өйткені абсолюттік сандарда біздің еліміздің барлық номиналды ЖІӨ ($59,4 млрд) шамамен Айдахо штатының ЖІӨ тең және Калифорниядан бес есе аз. «Бірақ бір жыл ішінде өзгеріске ұшырайтын абсолюттік сандар жайлы айтпай, пайыз туралы айтатын болсақ, онда 5% көрсеткішке қол жеткізу мүмкін еместей көрінуі мүмкін» дейді ол бізбен әңгімесінде.

Бұл тұста «Неліктен?» деген сауал алдымыздан шығады.

Себебі Түркияның ЖІӨ өткен жылы 2,2%-ға ғана, Қытай 6,6%-ға өсті және бұл ұзақ жылдардағы алғашқы баяулады.

 Германияның ЖІӨ болжамы 1,8%-дан 1%-ға дейін төмендеді. Ұлыбританияның ЖІӨ жылдық мәнде 2%-дан асып түсу мүмкіндігі туралы мәлімдеді. Ал Қазақстанның ІЖӨ қаңтар айында жылдық есеппен 3,5% өсімді көрсетті, бұл - өте жақсы көрсеткіш. Өйткені, Ұлттық банк 2019-2020 жылдары Қазақстанның ЖІӨ-нің нақты өсімі 4%-дан төмен, ал бұған дейінгі болжам тіпті пессимистік, тек 2,7% болған еді.

«Еуразиялық Даму Банкі бізге 3,3%, Дүниежүзілік банк — 3,5%, ал Ұлттық экономика министрлігі 3,8% берді. Ағымдағы жағдайда егер инфляцияны емес, ЖІӨ өсімін таргеттеуді бастаса 5%-дық серпіліс жасауға болады. Ұлттық қордың текшесін ашуға, арзан несиелер беруге және нәтижесінде бақыланбайтын инфляцияға ұшырауға болады. Ал әлемдегі рецессиялық көңіл-күйді және әлемдік дағдарыстың қазірдің өзінде-ақ барлығына, әсіресе, дамып келе жатқан экономикаларға әсер ету мүмкіндігі туралы ашық мәлімдемені ескере отырып, мұндай іс-әрекеттер айтарлықтай инфляцияға әкелуі мүмкін, бұдан басқа экономикалық модельді, монетарлық саясатты өзгертуді және ондаған жыл бұрын жоспарлы экономикаға қайта оралуды талап етеді. 2019 жылы ЖІӨ өсімінің 5%-ын жасауға бола ма – иә, болады. Бұл Қазақстан мен қазақстандықтарға қажет пе? Жоқ. 3,8% өсу бізге ТМД-дағы жетекші позицияны қамтамасыз етеді, ал ең бастысы біздің экономикамыздың нақты дамуының сенімді және тұрақты көрсеткіші болады» дейді Валерий Давыдов.

Гүлбаршын САБАЕВА,

 «Еqemen Qazaqstan»

Алматы