15 Наурыз, 2019

Солтүстік Қазақстанда көрісу күні тұңғыш рет атап өтілді

1094 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық мәні терең, тарихи маңызы зор Наурыз мейрамы өңірде биылдан бастап жылдағыдан  бір апта бұрын тойланатын болып шешілді.

Солтүстік Қазақстанда көрісу күні тұңғыш рет атап өтілді

Еліміздің батыс жақтарында жақсы сақталып қалған көне салт–  көрісу, амал күнін атап өту туралы ардагерлер кеңесі бастама көтеріп, этномәдени бірлестіктер тарапынан қолдау тапты. Әдемі киінген, жүздерінен мейірім төгілген сан алуан этнос өкілдері «Достық» үйіне жиналып, бір-бірімен құшақтасып, «жасың құтты, ғұмырың ұзақ болғай» деген ақжарма тілектер айтысып жатты.  Дастархан жайылып, ұлттық тағамдар ұсынылды.

«Ұмытылып бара жатқан дәстүрмен қайта қауышып жатқанымызға өте қуаныштымын.  Ырым бойынша үйді тазалап, ретке келтіру, рухани жағынан тазару адам жанын марқайтып, ерекше күш-қуат сыйлайды. Осында келердің алдында көршілерімді құттықтап шықтым. Олар да  таң-тамаша болып, қуанып қалды», дейді «Раздіма» беларус мәдени орталығының төрайымы Мария Татаренко алған әсерін жасыра алмай.

Дүниежүзі қазақтары жергілікті  филиалының төрағасы Сағындық Салмұрзин, ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жанкелді Тәжин тарихи бастауын ықылым заманнан алатын көне дәстүр жайлы кеңінен әңгімелей келіп, шаттықтың, бірліктің,  молшылықтың, ақ бата мен арзымас тілектің көрінісі саналатын салтымыз солтүстік аймақтарда да кеңінен қанат жаятынына сенім білдірді.

Ақ жаулықты әжелер жастарға жылдың басты тағамы- наурыз көже әзірлеудің қыр-сырын үйретсе,  ұлттық киім үлгілері көрмесін тамашалаушылар қатары да аз болмады. Зейнеткер Алтын Жарасова ақ мол болсын» деген ырыммен дәмділігі тіл үйіретін қасиетті дәмді таратты.  «Дуслык» татар-башқұрт бірлестігінің мүшесі Зулейха Бикметова бәліш пен чак-чау әзірлеп әкеліпті. Қыстан аман-есен шыққанына қуанысқан жұртшылық ән айтып, би билеп, жиынның шырайын аша түсті. Білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова бастаған қыз-келіншектер  бір апта бойы қызметке ұлттық киім киіп келуді ұйғарыпты. М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде "Наурыз аруы" конкурсы өтіп, қазақ тілі мен әдебиеті факультетінің студенті Әйгерім Тасболатова жеңімпаз атанды. Ақсақалдал алқасының өкілдері  Ысқақовтар отбасына арнайы бас сұғып, тоқсанды алқымдап қалған Жақсылық қариямен төс қағыстырып амандасты. Ала келген сый-сияпаттарын беріп, құт-береке, елімізге тыныштық тіледі.

Ішкі саясат басқармасының басшысы Әсем Рахметова былай деді. «Көрісу, амал салты бір күнмен ғана шектелмейді. Одан әрі танымдық шараларға жалғасады. Мәселен, «Қариясы бардың қазынасы бар», «Отан отбасынан басталады», «Жас келсе–іске», «Қайырымдылық–сауап» секілді  арнайы бағдарламалар бойынша ұлттық, мәдени, құндылықтарымыз дәріптеледі. Көп балалы отбасыларға, аз қамтылған жандарға, қариялар мен мүгедектерге қамқорлық жасалады. Жеті киіз үй тігіліп, әр шаңырақ Ұлы Даланың жеті қыры жайлы сырлар шертеді. «Жаңа қала–жаңа ел» атауымен сенбілік, жексенбіліктер ұйымдастырылады.  Салтанатты мерекелерге Қорған, Түмен, Омбы облыстарының өнер иелері мен өкілдері де ортақтасады».

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы