Руханият • 15 Наурыз, 2019

«Өнегелі өмір»: Бәтіш Қазыханова» атты жаңа жинақ жарық көрді

2009 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы ҚазақҰУ-нің философия және саясаттану факультетінің мәжіліс залында профессор Бәтіш Рақымханқызы Қазыханованың 90 жылдығына арналған іс-шара болып өтті.

«Өнегелі өмір»: Бәтіш Қазыханова» атты жаңа жинақ жарық көрді

Дөңгелек үстел жұмысына ҚР Президенті Архиві директорының орынбасары Қайрат Әлімғазинов, Архив қызметкерлері Жанар Сатаева, Әлия Сүлейменова, Хамит Бегалаев, сондай-ақ ұзақ жыл бойы қызмет атқарған Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның, өзге де оқу орындарының профессор ғалымдары, қоғам қайраткерлері, әріптестері мен туыстары қатысты.

Дөңгелек үстел аясында «Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің қорқұрушылары: Бәтіш Қазыханова (14 наурыз 1929  ж. – 1 наурыз 2016 ж.)» тарихи-құжаттық көрменің электрондық нұсқасы және ҚР Президенті Архиві дайындаған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Өнегелі өмір»: Бәтіш Қазыханова» атты кітабының 171-шығарылымының тұсаукесері болып өтті.

Іс-шара мақсаты – Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің жеке тектік қорларының құжаттарын көпшілікке жария ету, ел тарихының деректерін жеке қорлардың құрамындағы құжаттар арқылы насихаттау.

Кітаптың лентасын Қазақстан Республикасы Президенті Архиві директорының орынбасары Қ. Әлімғазинов, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Т. Сатыбалдина, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Т. Ғабитов қиды.

Дөңгелек үстелге қатысушылар Б. Қазыханованың адамгершілік парасаты, ғылыми қарымы, қоғамдық-саяси қызметі жайлы естеліктермен бөлісті. Т. Ғабитов Б. Қазыхановаға арналған кітаптың тұсаукесер рәсімінің философия және саясаттану факультетінде өткізілуін рәмізді оқиға ретінде атап өтті. «Б.Р.Қазыханова Қазақстандағы кәсіби эстетика ғылымының негізін салушы, Орта Азия мен Қазақстан Республикаларының ішіндегі алғашқы ғылым докторы» деп атап көрсетті. Т. Сатыбалдина  Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында 30 жылдан астам уақыт бірге қызмет еткен кездерін еске алып,  Бәтіш Рақымханқызының екі дәуірдің ұрпағы екенін, толыққанды қазақ әйелі, бақытты ана болғанын айтты. Философия ғылымдарының докторы С. Нұрмұратов ҚР Президенті Архивіндегі, жеке тұлғалардың өмірі мен қоғамдық қызметі жайлы жинақтарды дайындау сияқты жақсы дәстүрдің сақталғанына, тұлғатану саласына қосылған жаңа еңбектерге тоқталды. Б. Қазыханованың әріптестері, ғылым докторлары Н. Бәйтенова, Ж. Алтаев, К. Бегалинова, Д. Раев, туыстары Б. Қазыханова, К. Байжанова, ұлы Ерлен Жангелдин және тағы басқа философ ғалымдар ғылыми атақтарды беру жөніндегі Диссертациялық кеңесте бірге қызмет атқарған кездері туралы естеліктерімен бөлісіп, оның Қазақстандағы философ мамандарды даярлаудағы үлесі, отбасылық өмірдегі бауырмалдылығы, қонақжай қасиеті жөнінде әңгімеледі. Абылайхан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің профессоры Д.Раев республикадағы жоғары оқу орындарымен, ғылыми зерттеу орталықтарымен бірлесіп жыл сайын  Б. Қазыханова оқуларын, өнертану оқуларын өткізуді ұсынды.

ҚР Президенті Архивінің бас сарапшысы Әлия С.үлейменова «Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің қорқұрушылары: Бәтіш Қазыханова (14 наурыз 1929  ж. – 1 наурыз 2016 ж.)» тарихи-құжаттық көрменің негізінде жеке қордың құрамындағы құжаттарға шолу жасады.

Әлия Сүлейменова Б.Қазыханованың жауапкершілігі мол адам болғанына ерекше тоқталды. «1973 жылы қайтыс болған жолдасы Тоқтағали Жангелдин туралы құжаттардың барлығын мұқият жинап, жеке мұрағатын жасақтаған еңбегі бір төбе. Отыз жыл бойы қолжазба кітаптары мен ғылыми еңбектерін, мақалаларын көзінің қарашығынай сақтап, 2000 жылы ҚР Президенті Архивіне өткізді. Бүгінде бұл жеке тектік қор Бәтіш Рахымханқызының құжаттарымен де толықтырылып, осы құжаттар негізінде Президент Архиві мен ҚазҰУ, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваториясы бірлесе отырып, «Өнегелі өмір» сериясымен «Бәтіш Қазыханова» атты жинақты жарыққа шығарып отыр» деді Әлия Сүлейменова.

Жиналыс модераторы философия және саясаттану факультетінің деканы, философия ғылымдарының докторы Ә. Масалимова Б. Қазыханованың Қазақстандағы философия ғылымына қосқан үлесін, қоғамдық-саяси қызметі жайында баяндай келе, оны заманына лайық тұлға,  эстетика саласының әдістемесіне жаңа бағыт берген ғалым-ұстаз ретінде бағалады.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ