Дүбірге толы дүние
Жұма, 13 шілде 2012 7:29
Сенімнен айырылғаныңды өзіңнен көр
Румыния парламенті ел президенті Траян Бэсескуге импичмент жариялады. Сөйтіп, ол ең жоғары қызметтен шеттетілді. Парламенттің бұл шешімін конституциялық сот заңға сай келеді деп үкім шығарды.
Жұма, 13 шілде 2012 7:29
Сенімнен айырылғаныңды өзіңнен көр
Румыния парламенті ел президенті Траян Бэсескуге импичмент жариялады. Сөйтіп, ол ең жоғары қызметтен шеттетілді. Парламенттің бұл шешімін конституциялық сот заңға сай келеді деп үкім шығарды.
Биліктегілер түрлі жолдармен кетіп жатады: біреу сайлауда жеңіледі, біреудің мерзімі аяқталады, мемлекеттік төңкеріс жолмен кететіндер де бар. Сірә, бәрінен қиыны – сенімнен айырылып, импичмент жолымен кету шығар. Мұнда кездейсоқтық жоқ, мұндай шешімге жұрт жан-жақты ойланып барады. Сенбейтін адам деп үкім шығару – биліктегі адамға бәрінен айырылу деген сөз.
Жақында осы Румынияның бұрынғы премьер-министрі, парламентінің бұрынғы спикері Адриан Нэстасе жемқорлыққа қатысы болды деп айыпталып, екі жылға сотталғанда, бұлай болғанша өлгенім жақсы деп, өзіне қол салғаны бар. Жарақаттанғанымен, өлмей қалды. Жемқорлық деген жақсы емес, бірақ Нэстасенің ары үшін жанын садақа еткісі келгеніне біртүрлі құрметпен қарайсың. Ал президент Т.Бэсескуде сол ар мәселесі бірінше кезекке қойылмайтындай. Сенімнен жұрдай бола тұрып, ол әлі билік үшін күрескісі келеді.
Сенімнен айырылған соң, сірә, кеткен жөн-ау. Румыния парламентіндегі 432 депутаттың 258-і Бэсескуге сенім жоқ деді. Оны 114 адам ғана қолдады. Қайраткерге өте қатал үкім. Ең болмаса, қарсыластар мен жақтаушылар шамалас болып, тайталасып жатса, бір сәрі-ау. Жақтаушылары қарсыластардың тіпті жартысына да жетпейді! Бұдан кейін ақталудың, билікте қалуға арпалысудың тіпті жөні жоқ-ақ.
Импичменттің бастамашылары солшыл-центристік коалиция болды. Қойылып отырған кінә – президент Бэсеску өзінің лауазымдық қызметін артық пайдаланған. Үкіметтің қызметіне орынсыз араласып, авторитарлық жолға жүгінген, бір мәселелердің орынсыз шешілуіне күш салған.
Заңға сәйкес, парламенттің президентті қызметінен аластаған шешімі әлі ақырғы емес, бір айдың ішінде референдум өтіп, сонда Бэсескудің тағдыры шешіледі. Осы жерде айта кететін бір жай: дәл осындай жағдай 2007 жылы да болып, сонда ол әупірім тәңірмен көпшілік қолдауына ие болған еді. Ал халықтың енді тағы қолдауы екіталай-ау дейсің.
2004 жылдан билік тізгінін ұстап келе жатқан Траян Бэсеску әлі де үмітсіз емес. Ол алдымен парламент үстінен конституциялық сотқа шағымданды. Конституциялық сот оның шағымына құлақ аспақ түгілі, парламент шешімін қолдаумен қатар, оның жақтастары – сенаттың бұрынғы спикері Василе Благи мен төменгі палата спикері Роберты Анастасені босату жөніндегі шешімді де бекітті. Осылай Бэсескудің тіректері де құлады.
Енді, заңға сәйкес, президент қызметін уақытша атқару сенат спикері Крин Антонескуге жүктеледі. Осы айдың аяғында, нақты айтқанда, 29 шілдеде бүкілхалықтық референдум өтеді. Оның шешімі қандай болса да, бұл елде орын алып отырған аса күрделі билік дағдарысын ол шеше қоймайтыны анық.
Дін атын жамылған тағылар
Бұған дейін де Малидің солтүстігіндегі біраз қалаларды басып алған фанатик исламистердің тағылық әрекеттері туралы естісек, осы аптаның басында олардың тағы да ЮНЕСКО-ның тізіміне кіретін екі мавзолейді қиратқаны туралы хабар тарады.
Дініміз туралы әңгімеге, хабарға барынша сақтықпен қараймыз. Кейде олардың көзге қораштау әрекеттерін дінге деген сенімнің күштілігіне балап, оны қатты айыптамайтынымыз да бар. Әркім дінге деген сенімін өзінше білдіреді дейміз. Ал олардың әрекеттері тағылықпен ұштасып жатқанда, еріксіз өкінесің. Оны дініңе жасаған қиянаттай көресің.
Діни экстремистердің соңғы шабуылына әулиелер қатарына қосылатын екі ғалымның кесенелері душар болған. Олар қаладағы ең көрікті, ЮНЕСКО-ның тізіміне енетін мешіттің жанында екен. Бұл мешіт 1325 жылы тұрғызылған, ал аталған ғалымдар сол мешітте қызмет еткен. Олардың кесенелері жергілікті халыққа айрықша қымбат, жұрттың құрметіне бөленген. Ашық хаттарда да бейнеленген екен. Діни фанатиктер соларды қиратып, жандары жай тауыпты.
Сол Малидің солтүстігін басып алып, ондағы тағылық тәртіп орнатып жатқан «Ансар-дин» тобы («Сенім сарбаздары») атақты «Әл-Каида» лаңкестік тобымен сыбайлас екені де жасырын емес. Олардың ислам дінінің негізіне байланысты көзқарастары да өзгешерек. Олар әулие-әмбиелерге, олардың кесенелеріне құрмет көрсетуге мүлде қарсы. Оны Алла құдіретіне күмән келтіру деп есептейді. Құрмет тек бір Аллаға ғана көрсетілуге тиіс дегенді ұстанады. Сол ұстаным бойынша зират, кесенелер жерден бар-жоғы тек 15-20 см. ғана биік болуға тиіс, одан үлкен, жұрттың назарын аударатын құрылыстар қиратылуға тиіс.
Бұл жерде олардың діни ұстанымдарының дұрыс-бұрыстығын дәлелдеп жатудың әсте де қажеті жоқ. Ондаған жылдар емес, ғасырлар бойы халық қасиет тұтқан, тіпті әлемдік мұра қатарына кірген нысандарды қирату – барып тұрған тағылық, жалпы ислам дініміздің беделіне дақ түсіретін құбылыс. Қазір діни фундаменталистердің билігіндегі Тимбукту қаласы затында Африкадағы айтулы мәдени орталықтардың бірі болған. Оны жұрт «333 әулиенің қаласы» деген. Көпшілігіне арналған кесенелер бар. Олар халықтың рухани құндылықтарына айналған. Бұл қалада әлемге әйгілі үш мешіт бар. Соның бірі Сиди Яхия мешіті бірден фанатиктердің нысанына алынып, қиратуға ұшырады. Басқаны былай қойғанда, Алланың үйі – мешіттерге шабуылды түсіндіру де, түсіну де қиын.
Әдетте бір мемлекеттен ЮНЕСКО қорғауына алынатын мәдени мұралар бірнешеу болады да, жұрт оны ұлттық мақтаныш көреді. Тек Тимбукту қаласында ғана сол ЮНЕСКО тізіміне кірген 16 нысан бар екен. Бұлар – мұсылман әлемінің мақтанышы. Ал ислам фундаменталистері оны қиратып жатыр. Әйтеуір, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының сол мұраға ара түсіп жатқаны көңілге медеу болғандай. Содан кейін бұл қаладағы 60 жеке кітапханаларда 700 мыңдай ежелгі қолжазбалар бар екен. Құраннан басқаның керегі жоқ деп фундаменталистер соған да тиіседі-ау деп қауіп қыласың.
Тарихи мұраларымыздың көпшілігінде діни сипат бар. Оларды тағылардың талауынан сақтауымыз керек.
Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».