16 Наурыз, 2019

Әлеуметтік әлемнің өрісі кең

941 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан елімізде бизнес пен кәсіпкерліктің өркендеуіне қолдау көрсетіп келеді. Соның нәтижесінде бүгінде табысы мол отандық компаниялар қатары көбейе түсуде. Сондай-ақ бүгінде олардың еңбекті қорғау мен оның қауіпсіздігін сақтай отырып әлеуметтік қолдау бағытын ұстанатын да кезі келді. Қазіргі күні еліміздегі өндірістік кәсіпорындарға жалақы мөлшерін ұдайы өсіріп отыру, бұл істе қарыз болып қалуға жол бермеу, еңбек дауларын болдырмау және жұмысшылар санын қысқартуға жол бермеу үдерістері тән болуға тиіс. Тек сонда ғана жаңа әлеуметтік әлемнің өрісі одан әрі кеңей түспек.

Әлеуметтік әлемнің өрісі кең

Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Абдыхалықова Ақтөбе облысындағы ірі және орта деңгейдегі кәсіпорын басшыларымен кездесуі кезінде сөз тиегін осы арнадан сабақтады. Бұдан әрі Үкімет басшысының орынбасары бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі мәселеге тоқталып табысты компаниялар мен кәсіпорындар тарапынан қажетті көмек ең мұқтаж, тұрмысы төмен табысы аз отбасыларға жолдануы керектігін жеткізді.

Кездесуде Халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев өңірлерде кәсіпорындармен жасалатын ұжымдық келісімдер мен меморандумдар да әлеуметтік ахуалға оң әсерін тигізіп жүргенін айтып берді. Сондай-ақ министрдің айтуынша шетелдіктердің басқаруына берілген компаниялар арасында жұмысшыларға еңбекақы төлеу ісінде айырмашылықтар кездеседі. Мұндай жағдайда әлеуметтік шиеленісушілік көріністері орын алуы мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайға жол берілмегені жөн деді ол.

Басқосу кезінде өңірдегі «КазХром» компаниясының басшысы Аман Есенжолов, «АқтөбеМұнайГаз» АҚ бас директорының орынбасары Тахта Лифум Есенғұлов, Ақтөберельс-Арқалық зауытының бас директоры Андрей Кузьмин, «Нектар» өндірітік кооперативының жетекшісі Шамиль Казпранов және «Ақтөбе мұнай құрылыс» ЖШС-ның басшысы Серік Естемісовтер әлеуметтік қолдау көрсетуге қатысты атқарылған жұмыстар жөнінде баяндап берді. Тұжырымдап айтқанда аталған кәсіпорындарға орташа жалақы мөлшерінің тұрақты өсімі тән. Бұған қоса ұжым мүшелеріне қаржылай қолдау көрсету тұтқалары енгізілген. Кәсіпорында қызмет жасайтын көп балалы отбасыларға қайтарымсыз баспаналар берілген. Аталған кәсіпорын басшыларының бірі жеті жетім баланың банкідегі есепшотына 14 миллионға жуық қаражат аударған.

Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Абдхалықова көп балалы аналарға жалпы аумағы 140 шаршы метр баспана салып берген бизнес өкілі Серік Естемісовке ризашылығын жеткізді. Тағы бір айтарымыз сүйіншті жәйт кәсіпорын жетекшісінің айтуынша бұл еңбек ұжымының мүшелері еш уақытта банкіден несие алып көрмепті. Жұмысшылардың барлық мұқтаждықтары кәсіпорынның өз ішінен, жұмысшының алатын қаражаты есебінен өтеледі, -  дейді кәсіпорын басшысы. Сондай-ақ «АқтөбеМұнайГаз» ЖШС компаниясы шетелдерден өз атамекеніне оралған отандастарымызға жұмыс беруші ретінде ерекшелетінін де айта кеткен жөн.

Кездесуді Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин қорытындылап әлеуетті компаниялар тарапынан жасалатын әлеуметтік әріптестік пен қамқорлық аясының одан әрі арта түсуіне сенім білдірді.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»