Бұл шара Қазақстанның бай тарихи-мәдени мұрасымен шетелдік көрермендердің танысуына мұрындық болмақ. Көрмеге Қазақстан Республикасының символы саналатын «Алтын адам» қойылды.
Көрмеге ҚР Ұлттық музейінің қорларынан барлығы 127 зат ұсынылды. Есік қорғанынан табылған заттар арасында ежелгі жазба ескерткіштерінің бірі руна жазуымен жазылған жазбасы бар күміс тостағанның экспозициядан алар орны ерекше.
Көрмеде сол сияқты Тақсай (Батыс Қазақстан облысы), Талды-2 (Қарағанды облысы) және Берел (Шығыс Қазақстан облысы) сынды сақ қорғандарынан табылған археологиялық бірегей олжалар да көрсетілді.
Бүгінгі таңда бұл жоба әлемнің алты елін — Беларусь, Әзербайжан, Ресей, Қытай, Польша және Корея мемлекеттерін табыспен аралап оралды. «Алтын адамның» шеруін сол елдерде миллионнан астам көрермен тамашалады. Жалпы алғанда жоба үш жыл бойы жүзеге асатын болады, 2020 жылдың соңына дейін әлемнің жиырмаға жуық елінде болып қайтады.
Көрме өкілдері атап өткендей, Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық өнерінің жауһарлары — бұл Еуразиядағы дала мәдениеті мұрасының өзіндік ерекшелігін көрсететін бұрынғының атаусыз шеберлерінің туындыларының аз ғана бөлігі.
Қазақстан Республикасының Татарстан Республикасындағы Бас консулы Е. Тұқымов жиналған жұртшылықты көрменің ашылуымен құттықтап, мұндай мазмұндағы шара бір рет ғана емес, тұрақты түрде өтуі керек деді.
Татарстан Республикасының Мәдениет министрі И. Аюпова өз сөзінде бұл шараның Қазақстан мен Татарстан арасындағы ынтымақтастықты дамытудағы айрықша маңызы мен мәніне тоқталды.
«Біз ұлттық мәдениетті сақтау керектігі туралы ұзақ сөйлеуіміз мүмкін. Бірақ, мәдениеттің өзара ықпалдастығы, мәдениет алмасу, мәдениеттердің халықаралық кеңістіктегі өзара интеграциясы ғана өз дәрежесінде сақтап қалуға ықпал жасай алады», — деді И. Аюпова.
Өз кезегінде, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі директорының м.а А. Нұразхан музей қызметкерлері мен қабылдаушы тарап көрермен көңілінен шығу үшін қолдан келгеннің бәрін істегенін атап айтты. Біріккен күш-жігердің табысқа жеткізері және бұл шараның бір ғана Қазан қаласы ғана емес, бүкіл Татарстан көлеміндегі ірі мәдени шара болып қалатыны сөзсіз.
Айта кетейік, биыл көрмені Өзбекстан, Малайзия, Италия, Түркия және Грузия музейлерінде өткізу жоспарланған. Келесі жылы шара АҚШ, Австрия, Франция, Швейцария мен Германияның басты музейлерінде өткізіледі деп көзделген.