17 Наурыз, 2019

«Ұшқыннан» «Егемен Қазақстанға» дейінгі бір ғасыр

2077 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тарихы 1919 жылдан бастау алатын «Егемен Қазақстан» газеті бір ғасыр жуық уақыт аралығында елдің тыныс-тіршілігін дөп басып, қоғамдық-саяси мәселелердің мәнісін, мәдени өмірінің жарқын беттерін дамылсыз насихаттап келеді. Бүгінде газеттің мерейтой жылы еліміздің барлық аймақтарында мазмұнды шаралар аясында көрініс беруде.

«Ұшқыннан» «Егемен Қазақстанға» дейінгі бір ғасыр

Алматыда Ұлттық кітапхана және Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің ұйымдастыруымен өткен «Ұшқыннан» «Егемен Қазақстанға» дейін» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда ел тарихының жарқын беттерінің куәсі, тұғырлы Тәуелсіздігіміздің айшықты белгісіндей болған басылымға қатысты ғылыми зерттеулері, толымды естеліктерімен бөліскен ардагер журналистер, ғалымдар пікірлері шежірелі деректермен толықты.  

Ұлттық кітапхана директорының орынбасары Бақытжамал Қайырбекқызы атап өткендей, бүгінде кітапхананың баспасөз қорында түпнұсқасы және цифрлық жүйеге көшірілген газеттің 1920 жылдан бергі нөмірлері сақталған. Әрі осы тарихи басылымдар негізінде ұйымдастырылған көрме жыл бойы оқырмандар назарында болады.

Конференцияны жүргізген тарих ғылымдарының докторы, профессор Светлана Смағұлова еліміздің баспасөз кеңістігінде айшықты орны бар, «Ұшқыннан»  «Егемен Қазақстанға» дейінгі жылдардағы басылымның тарихына қысқаша шолу жасап өтті.

«Мемлекет басшысының өзі еліміздің бас газеті деп атап өткен «Егемен Қазақстан» жаһандану заманында да өз қалпын сақтап, ел үдесінен шығып келеді. Бүгінде тарихы ғылыми тұрғыдағы зерттеулерге арқау болғандығы газеттің ел тарихындағы рөлі мен маңызын аңғартқандай. Екі жүз мыңға жуық таралыммен шығатын «Егемен Қазақстан» газеті цифрландыру кезеңінің де жаңашылдықтарын игерген, замануи сипатқа көшкен ақпарат көзі ретінде оқырман үдесінен шығуда» деп атап өткен «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Қамен газеттің маркетингтік даму бағыты, өндірістік тәжірибесі, жарнама бағытындағы нәтижелеріне тоқталды. Басылымдағы жаңашылдықтар, менеджменттегі жетістіктері алдағы уақытта көптеген ғылыми негізді шараға арқау болатындығын жеткізді. Сонымен бірге ұйымдастырушыларға зор алғысын білдіріп, кітапхана қорына газет тарихымен байланысты кітаптарды сыйға тартты.

Келесі кезекте сөз алған газет ардагері, жазушы Сарбас Ақтаев ағамыз ел газетіндегі шығармашылық сәттерімен бөлісті. Еңбек жолының он жеті жылын ел газетінің дамуына арнаған қаламгер «Сонау 1956 жылдың желтоқсанында газетте қарағандылық студент Ақтаевтың «Ақкөл» деген өлеңі шықты. Содан бергі менің бүкіл ғұмырым осы газетпен етене егіз. Кейін мұғалім, одан кейінгі жылдарда облыстық газеттерде жұмыс істеп, 1973 жылы газет бас редакторының идеология жөніндегі орынбасары болып келдім.  Еліміздің баспасөз саласына көптеген шәкірт даярлап, газеттің күнделікті тыныс-тіршілігін көз алдымнан өткіздім» деп газет өміріндегі қызығы мен қиыншылығы қатар өрілген жылдар туралы баяндады.

Ал алпыс жылға жуық журналистік қызметін газет тарихымен байланыстырған Қазақстанның құрметті журналисі Мамадияр Жақып  «Осы жылдарды бас басылымының бастан кешкен талай тарихына куәлік ете аламын. Газет тарихына үңілгенде ойға небір жайсаңдар, ұжымның берекесіндей болған ағайлар мен апайлар оралады... «Егеменнің» тарихына үңілсең, газет тізгінін ұстағандардың өзіндік ерекшеліктері бар. Солардың жиынтық бейнесін жасасаң, көз алдыңа тұлғалар елестейді...Смағұл Сәдуақасов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ораз Исаев, Ғабит Мүсірепов, Жанайдар Сәдуақасов... Кейінгілер солардың жалғасындай» деген естелігімен бөліссе, газеттегі еңбек жолын жас журналистен бастап, бүгінде өзін «әже» журналиспін дейтін Гүлзейнеп Сәдірқызы басылым бетінде жарық көрген көкейкесті мәселелер, жарқын оқиғалы жылдарды еске алып, уақытпен бірге жасасып, тәуелсіз еліміздің ақпарат айдынында көшбасшылық бедел-бедерінен айнымаған газет ұжымына құттықтау лебізін білдірді. Ал газет шолушысы Айнаш Есали газеттегі алдыңғы буын ағалардың тәжірибесінен өтіп, шыңдалғанын, бүгінде қаламы қарымды журналист қатарына қосылуында «Егемендей» газеттің орны жоғары екендігін атап өтті.

Газет шежіресі ары қарай ғылыми мазмұндағы баяндамалармен толықты. «Еңбекші қазақ» газетіндегі Алаш жарияланымдары» тақырыбында баяндама жасаған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, филология ғылымының кандидаты, доцент Аманқос Мектеп, «Ұлттық бірегейлік пен интернационализм 1930 жылдардағы  қазақ баспасөзінде» тақырыбында баяндама жасаған филология ғылымдарының докторы, профессор Сейдулла Садықов, филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісмақова, профессор Досалы Салқынбек, Орынтай Жұбаева, Раушан Мырзақұлова, Задаш Дүкенбаева, Сабира Иманбаева, Толқын Замзаева, Ақнұр Оралова, Асқар Шардарбеков, т.б. ғалымдар мен сала мамандары газеттің қалыптасуы, ұлттық негізді мақалалардың жариялануына қатысты ғылыми-зерттеулер мен архив құжаттарының  тарихына қатысты көптеген мәліметті ортаға салды.

«Егемен Қазақстан» газетінің Алматыдағы тілшілер қосынының жетекшісі Нұрғали Ораз «Газеттің ғасырлық тарихы еліміз үшін қаншалықты маңызды болса, оқырманын елдің қоғамдық-саяси тыныс-тіршілігінен дер кезінде хабардар етіп отырған бүгінгі тынысы да сол тарихи сәттің бір бөлшегіндей» деп атап өтіп, көпшілікке газет ұжымы жайында хабардар ете келе конференция қатысушыларына жылы лебізін білдірді.

Іс-шара соңында конференция қатысушылары Ұлттық кітапхана қорындағы «Егемен Қазақстан» газетінің шежіресімен байланысты көрмені тамашалады.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ