Шар Айна
Сәрсенбі, 18 шілде 2012 7:41
Кең ауқымды шабуылға шықпақ
Сириялық оппозиция бүкіл ел бойынша үкіметтік әскерлерге қарсы кең ауқымды шабуылды бастайтындықтары туралы жариялады. Мұндай мәлімдемені бүлікшілер 16 шілде күні кешкісін таратқан.
Мәлімдемеде бұл кең ауқымды шабуыл Сирия президенті Башар Асадтың режімі жасаған «қаскөйлік» әрекеттерге жауап болып табылатыны көлденең тартылады. Жаңа тактикаға сәйкес, оппозиция армиясы бүкіл ел аумағындағы қалалар мен ауылдардағы үкіметтік әскерлердің шептерін шабуылдамақ. Сөйтіп, Асадты берілуге мәжбүрлемек, болмаса түпкілікті көзін жоймақ.
Сәрсенбі, 18 шілде 2012 7:41
Кең ауқымды шабуылға шықпақ
Сириялық оппозиция бүкіл ел бойынша үкіметтік әскерлерге қарсы кең ауқымды шабуылды бастайтындықтары туралы жариялады. Мұндай мәлімдемені бүлікшілер 16 шілде күні кешкісін таратқан.
Мәлімдемеде бұл кең ауқымды шабуыл Сирия президенті Башар Асадтың режімі жасаған «қаскөйлік» әрекеттерге жауап болып табылатыны көлденең тартылады. Жаңа тактикаға сәйкес, оппозиция армиясы бүкіл ел аумағындағы қалалар мен ауылдардағы үкіметтік әскерлердің шептерін шабуылдамақ. Сөйтіп, Асадты берілуге мәжбүрлемек, болмаса түпкілікті көзін жоймақ.
АҚШ кораблі үндістерге оқ жаудырды
АҚШ әскери-теңіз күштерінің кораблі Парсы шығанағында, Біріккен Араб Әмірліктері жағалауларына жақын маңда, үнділік балықшылар мінген қайыққа оқ атқан. Америкалықтар өз әрекеттерінің себебін қайықтың тым жақын келгендігімен түсіндіруге тырысып отыр.
Оқиға салдарынан бір балықшы қаза тапса, үшеуі түрлі дене жарақаттарын алған. Біріккен Араб Әмірліктерінің басшылығы оқиғаны тергеуге кірісті. Бахрейнде орналасқан АҚШ 5-ші флотының корабльдері Парсы шығанағында тұрақты қызмет атқарады. Иран Ормуз бұғазын жауып тастаймыз деп қоқан-лоққы жасағалы бері АҚШ-тың әскери-теңіз күштері өңірде күшейтіле түскен болатын.
Ресей базасын тегін орналастырады
Тәжікстан басшылығы өз аумағында Ресейдің әскери базасын орналастыру туралы жоба мақұлдауға тұрарлық деп есептеп отыр. Бұл жөнінде Ресейдің құрлықтағы әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-полковник Владимир Чилкин мәлімдеді.
Тәжікстанда 201-ші әскери базаның 49 жыл мерзімге келіп орналасуын бекітетін келісім жобасын тәжік жағы құптап отыр, деп мәлімдеді В.Чилкин. Оның сөзіне қарағанда, тәжік басшылығы аталған келісімнің күшіне енуін жылдамдатуға ықпал етуге уәде берген. Және орналасу қайтарымсыз негізде, яғни тегін жүзеге асырылмақ.
Қытайлық балықшылар атқыланды
Жапон теңізінде Ресейдің шекаралық күзет кораблі Қытай туы астында келе жатқан шхунаны атқылады. Ресей жағы оқты браконьерлік шхунаға қарсы атқандарын айтып ақталып отыр. Оқиға кеше ертеңгісін орын алған.
Шхуна Ресейдің экономикалық аймағында көзге түсті. Тоқта деген талапқа олар қайырылған жоқ. Одан кейін шекарашылар заң бұзушылардың ізіне түсіп, оқ атуға мәжбүр болды, дейді Ресей Федералды қауіпсіздік кеңесі жағалау күзеті шекара басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «Жаңалықтар» ақпарат агенттігі. Зардап шеккендер туралы ештеңе айтылмайды.
Ауған әскериі ауыр жаза алды
Төрт француз солдатын өлтірген Ауғанстан әскериі өлім жазасына кесілді. Бұл туралы Ауғанстан қорғаныс министрлігіндегі ақпарат көзі мәлімдеген. Үкімге сәйкес енді ауғандық Абдул Сабор деген әскери дарға асылатын болады.
Француз солдаттары үстіміздегі жылдың қаңтарында елдің солтүстік-шығысындағы Каписа провинциясында атып өлтіріліпті. Ауғандық әскери француздарға өздерінің әскери базасының аумағында ертеңгілік жаттығуға шыққан кезде оқ жұмсаған. Сабор төрт французды өлтірсе, 15-ін жаралаған. Осыған орай француз басшылығы өз әскерін Ауғанстаннан шығару үдерісін жеделдетуге шешім қабылдағаны белгілі.
Аптаптан зардап шеккендер көп
Жапонияда аптап ыстықтан бір адам көз жұмса, 700-і ауруханаға түскен. Өлген Ниигата префектурасында тұратын мосқал ер адам көрінеді. Ол көшеде бірнеше сағат жүріп келгеннен кейін өзін өте нашар сезінген және көп ұзамай көз жұмған.
Ауруханаға түскендердің барлығына ыстық ұрған деген диагноз қойылған. Аса ыстық ауа райы Жапонияның шығысы мен батысында орын алып отыр екен. Елдің 60 ауданында термометр бағанының көрсеткіші 35 градустан асып түскен. Токио төңірегінде 37,6 градус ыстықтық тіркелсе, Гумма префектурасында температура біршама уақыт 39 градустан жоғары болып тұрған. Аптап әлі екі-үш күн сақталады делінуде.
Қысқа қайырып айтқанда:
Латвияда Владимир Линдерман басшылық ететін жаңа партия тіркелді. Оның аты «Ана тілі үшін!» деп аталады. Линдерманның өзі бұған дейін Латвияда ұлттық азшылықтардың мүддесін білдіретін қосарланған парламент құруды ұсынған болатын.
Мысырдың бұрынғы президенті Хосни Мүбәрак әскери госпитальден түрмеге қайта жеткізілген. Оны түрмеге қайтару туралы шешімді медициналық қорытындыға сүйене отырып, ел прокуратурасы қабылдаған. Яғни, экс-президенттің денсаулығы тұрақтанған секілді.
Түркіменстанда бұған дейін әр адамға нақты белгіленген бағаға 5 килограмнан ұн беріліп келген болатын. 1990-жылдардың ортасында енгізілген бұл үдеріс тоқтатылды. Себебі, елде сол кезден бері ұн мен нан бағасы әлденеше есе өскендіктен, ұнның килосына 14 центті сақтап қалу мемлекетке үлкен салмақ түсіретін болыпты.
Бүкіләлемдік сауда ұйымы (БСҰ) АҚШ-тың талабы бойынша Қытай сауда қызметі туралы келісімді бұзды және әлемдік төлем жүйесіне қатысты қысым көрсету саясатын жүргізіп келеді деген айып тақты. Бұл туралы БСҰ-ның кеше жарияланған баяндамасында айтылады.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.