«Туристік қамқор» корпоративтік қорының мәліметінше, елімізде тіркелген туристік компаниялардың жартысынан астамы әлі күнге дейін заңсыз жұмыс істеуін тоқтатар емес. Екі жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан Республикасының заңымен шетелге шығу туризмі саласында азаматтардың құқықтарын кепілдендіру жүйесі іске қосылғанына қарамастан, барлық қатысушылар тиісті заңға сәйкес қызмет көрсетпей отыр. Міне, демалыс маусымы жақындаған сайын қызметі алаяқтыққа ұқсас туристік агенттіктердің алдау-арбауының құрбаны болушылардың да қатары қалыңдай түседі. Өйткені олар осы кезден бастап өздерінің қалыптасқан тұтынушы тарту тетіктерін іске қосады.
Жуырда Д.Н.есімді танысымыз өзіне әлдебір туристік компаниядан қоярда-қоймай қоңыраулатқанын, олар оған жүлде ұтып алғанын, оның ішінде тұрмыстық техникадан бастап, су жаңа көлікке дейін болуы мүмкін екенін айтып, өздеріне шақырғанын айтты. Тіпті ұтыс кодын хабарлама ретінде жіберген екен. Ал жүлдені алу үшін міндетті түрде жұбайымен бірге келуі керектігін жеткізеді. Жүлде дегенде жан қала ма? Осы талапты орындап, компанияның офисіне барған оларға әуелі теледидардан Бали, Пхукет сияқты Оңтүстік Шығыс Азиядағы түрлі жұмақтай жерлердің бейнефильмдерін, ондағы демалушылардың риза-қош көңілді кейіптерін көрсетеді. Іштен бекітілетін офиске біршама адам жиналған екен. Олардың әрқайсысын қарсы алып, сөйлесуші компанияның қызметкерлері демалыс туралы жеке әңгімеледі. Айтпақшы, мұнда келушілердің бәрі әр жерде аталған компания таратқан купондарды толтырушылар болып шығады. Біздің танысымыз да ойын-сауық кешендерінің бірінде осындай купон толтырған болатын. Міне, осы қағаздағы электронды мекен-жай, тұрғылықты жері сияқты координаттары арқылы компания әр жеке тұлғаны тыңғылықты зерттеуі, тіпті өз адамдары арқылы табысы мен салығын да алдын ала біліп, төлем қабілетіне қарай тұзақ құруы мүмкін. Кеңседегі кездесу бұдан кейін тиімді туристік пакеттерді жарнамалаумен жалғасады. Мәселен, 1 млн теңге шамасында тұратын пакетті сатып алсаңыз, алты адам бір мезетте 5 жұлдызды қонақ үйде алпыс күн демалу мүмкіндігіне ие боласыз деген сияқты ұсыныстар жасалады. Бұл сомадан бірден бас тартсаңыз, төлемақысын азайтып, күндерін де сәл қысқартқан болады. Осы арада телефонына қайта-қайта келген хабарламаны қарағыштап отырған танысымызға кездесуді жүргізіп отырған қызметкер өздерінің жұмысы камерадан бақыланатындықтан, басшылық тарапынан ескерту алатынын айтып, телефонға қарамауын өтінеді. Міне, олар осылайша, өздерінің қалайша жарты млн теңгеге 3 аптаға туристік пакет сатып алғанын да байқамай қалады. Қажетті келісімшарттарға қол қойып, сыйлықты алып, үйге келген соң тауардың бағамын интернеттен қарап көріп, санын бір-ақ соғады. Бұл ұтыс сыйлығы бар-жоғы 5 мың теңге тұратын арзанқол дүние екен. Дегенмен, «Отбасыммен жұмақтай жерде демалатын болдым ғой» деп сабасына түскен танысымыз кейінірек туристік компанияның қызметін зерделеп көреді.
«Бақсақ, бақа екен» демекші, бұл компанияның жеке сайты, әртүрлі жағымды пікірлер тіркелгенімен, дәл осы жолмен тұтынушыларды талай алдаған алаяқ компаниялар туралы мағлұматтар интернеттің иірімінде толып жүр екен. Міне, офисте қызметкердің телефонға қарамау туралы өтінішінің көзалдау екенін осы кезде барып түсінген ол енді өзіне шетелде шынайы демалыс ұйымдастырылатынына күмәнмен қарап, өкініп жүр. Ал туристік компания төленген қаржының кері қайтарылмайтынын айтқан болатын. Бұл арада белгілі бір алаяқтық топтың жүйелі іс-әрекетін байқау қиын емес сияқты...
Міне, осы жағдайда туризм саласының сарапшылары мен туризм нарығының қалыптасқан адал ойыншылары Жалпыға ортақ декларациялау арқылы теріс пиғылды туристік агенттердің қызметін бір ретке келтіріп, оларды көлеңкеден шығаруға ықпал ету керектігін айтады. Сондай-ақ «Туристік қамқор» корпоративті қорына туристік нарықтың адал емес ойыншыларының лицензияларын қажет болған жағдайда қайтарып алу туралы қосымша өкілеттілік берілсе деген ұсыныстар да айтылуда.
«Туризм нарығының айналымында бұрыннан бері қолма-қол ақша жүреді. Сондықтан көп жағдайда оған бақылау жасау мүмкіндігі жоқ. Яғни, кейбір нарық мүшелері қалыптасқан жағдайды теріс пайдаланып, барлық табысты декларациялаудан жалтарады. Қаржы операцияларының көлемін жасырады, бұған мемлекет қазынасына түспейтін салық та кіреді. Сол себепті Үкімет жаңа заңнама арқылы әр туристік операторға банк кепілінің болуын және ТУРКОД беруін міндеттейді. Яғни, туристік индустрияда тәртіп орнату әрекеті қолға алынды. Мұны туристердің құқығын қорғау ғана емес, сонымен бірге туроператордың сатып отырған өнімінің заңдылығын ретке келтіру бастамасы деуге болады. Яғни, енді әрекетін заңды түрде атқарып отырған туроператорда форс-мажор жағдай туғанда немесе өз міндеттемелерін орындау мүмкін болмаған жағдайда банкте қаржылық кепілі болуы тиіс», дейді «Туристік қамқор» корпоративтік қорының директоры Асылхан Есілов.
Осылайша туроператор өзінің қаржылық кепілімен нарықта жүргізіп отырған қызметінің декларациямен бекітіліп, расталғанына, банк кепілімен қамтамасыз етілгеніне кепілдік береді. Ал туроператор қандай да бір жағдайда туристі қайтару бойынша өз міндеттемелерін адал орындамаса немесе мүлдем орындамаса, турист «Туристік қамқордың» қорғауына алынады.
«Бұл жүйе әр туристке ТУРКОД-ты автоматты түрде береді. Көптеген туроператорлар «таза бухгалтерияны» жүргізу ниеті жоқтығын қосымша қаржы жүктемесімен түсіндіріп, әр турист үшін 0,5 АЕК енгізгісі келмейтіндерін алға тартады. Бұл – шетелден кеден арқылы декларацияланбаған тауарды өткізумен бірдей. Осы жағдай туризм нарығында да қалыптасып отыр. Біреу өз міндетін адал орындайды – кепіл жарнасын төлейді және сол арқылы шетелдегі туристің қауіпсіздігіне кепіл береді, ал біреу қолма-қол ақшамен жұмыс істейді, қос бухгалтерияны жүргізеді және өз клиенттері алдында ешқандай заңды жауапкершілік алмайды», дейді еліміздегі адал туроператорлардың бірінің жетекшісі Анна Соловьева.
Сарапшылар мұндай жағдайда мемлекеттік органдардың жауапкершілік аумағы кеңейе түсетініне сенімді. Тиісті өкілетті мемлекеттік орган, оның ішінде Мемлекеттік кірістер комитеті туристік қызметтер ұсыну саласын тәртіпке келтіруге міндетті. Ал тұтынушылар нарықта «Туристік қамқор» қоры бар екенін білуі және оның толық жұмыс істеп отырғаны туралы мейлінше ақпараттандырылуы қажет.
А.Соловьеваның айтуынша, қордың бар күш-жігері шетелдегі қазақстандық туристер арасында төтенше жағдайларды болдырмауға, оның алдын алуға бағытталады.
Бұл ретте А.Есілов туристік нарықтың теріс пиғылды компаниялары қалыптасқан жағдайды жеке пайдасына шешіп, түрлі айла мен қулықтарға баруы мүмкін екенін айтады. «Мәселен, көптеген туркомпаниялар шетел туроператорларымен тікелей жұмыс істеуге көшкендіктен қажетті жарналар мен делдалдық қызметтерді, сондай-ақ банк қызметтерін, салықтарды, валюта айырбастауды, курстағы жоғалтуларды және сол сияқты төленуі тиіс жарналарды төлемей кетеді. Өйткені олар қолма-қол ақша алады және шетелге де жеке тұлға ретінде қолма-қол ақша күйінде жібереді.
Ал мемлекет тарапынан бақылауға келетін болсақ, заңнамада өкілетті орган осындай фактіні анықтаған жағдайда заңды белшесінен басқан туроператордың қызметін тоқтату құқығына ие екені көрсетілген. Дегенмен мұны анықтау мемлекеттік кірістер органдары тарапынан тексеру кезінде ғана мүмкін болмақ. Ал корпоративті қор жазалау әдістері есебінен емес, керісінше азаматтардың өз бетінше сапалы өнімді таңдауы, кеңседе туристік жолдаманы сатып алу кезінде оған ТУРКОД-тың берілген немесе берілмегенін анықтауы үшін кеңінен ақпараттандырумен айналысып келеді. Тағы бір маңызды дерек, ТУРКОД-тың бар екенін қор сайтына кіріп, тексеріп алған абзал. «Арнайы берілген ТУРКОД сандары мен әріптерін іздеу сызықшасына енгізіп, жолдаманың шын мәнінде сізге сатылғанына көз жеткізу қажет», дейді А.Есілов.
Осы орайда туристік нарықтың ойыншылары 2020 жылғы 1 қаңтарда енгізілетін жалпыға ортақ декларациялауға сенім артып отыр. Бұл нарықтағы жағдайды қаншалықты түзететінін уақыт көрсетеді.
Думан АНАШ,
«Egemen Qazaqstan»