Жуырда АҚШ-та елді елең еткізген оқиға болды. Елдің құқық қорғау органдары, атап айтқанда, Әділет министрлігі айтулы университеттер мен колледждерге заңды айналып, жеңілдікпен түсу жолдарын пара алу арқылы тауып беретін қылмыстық топты әшкереледі. Осы министрлікке қарайтын қызметтердің 200-дей агенті қатысып, ашқан қылмыс 6 штаттың аумағын шарпығаны айтылуда. Сөйтіп алып елдің пара беру мен алу ауқымы да үлкен кеңістікті қамтыпты...
Мәселенің мәнісіне кеңінен тоқталып өтетін болсақ, қалталы адамдар балаларын елдің ең үздік оқу орындарына түсіруге тырысады ғой. Ал ондайлардың еркетотай болып өскен балалары білімнен гөрі түрлі көңіл көтерулер мен ойын-сауықтарды жағалап, қайбір дұрыс оқыды дейсіз. Ата-аналары ұл-қызының беделді білім ордаларында оқығанын қалайды. Ондайларға түсуге баланың қабілеті жете қоймас, түрлі тестерді тапсыра алмайды.
Біз Америка мен Еуропаның озық оқу орындары тек білімге ғана қарайды, онда тек жақсы оқығандар ғана өз күшімен түсіп, диплом ала алады деп жатамыз. Алайда біз ұңғыл-шұңғылын біле бермегендіктен, солай ойлайды екенбіз. АҚШ-та оқу барлық дерлік ЖОО-ларда ақылы екен. Еуропаның да көптеген елдерінде сондай тәртіп қалыптасқан. «Болашақ» бағдарламасының шеңберінде құрылған «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Жанболат Мелдешовтің айтуына қарағанда, АҚШ пен Ұлыбританияда білім беру ісі әбден бизнеске айналдырылған. Демек, ақы төлеген адамның біліміне қарамай, көзжұмбайлық жасап, қабылдай береді екен. Ал Еуропаның көптеген мемлекеттерінде, соның ішінде Франция мен Германия сияқты экономикалық тұрғыдан озық мемлекеттерде білім тегін және сапасы ақылы оқытатындардан артық болмаса, кем емес, дейді ол. Демек, «Бар жақсы байлықтан да, биліктен де, Бар істі ақша бұзар киліккенде» деп Абай данышпан айтпақшы, ақша киліккен соң Америкаңыздың өзінде де осындай былықтарға жол беріліпті. Осындай жағдайды сезген кейбір америкалық заңгерлер бұрыннан: «білімді бизнеске айналдырмайық, ол ақша табу құралы емес, мұнда табыс емес, тек білім ғана саралануы керек» деп оқудың тегін болуын қозғап жүреді екен. Енді сол мәселе өзінің өзектілігін көрсетіп берді.
Ата-аналардың баласын жақсы оқу орындарына түсіру мұқтажы барын білген Уильям Сингер деген қу әріптестерімен бірге «консультация беретін» деген фирма ашып, абитуриенттерге стандартты тестерді қалай алдап өту жолдарын үйретеді. Сонымен бірге ол тест қабылдаушыларға пара беруді ұйымдастырады. Сингердің өзі бұрын Edge College & Career Network деген бизнес колледжін ашқан адам екен, сондықтан университеттің қабылдау емтихандарын жүргізетін оқытушыларының арасынан пара алуға бейімдерді оңай табады. Бұған қоса кейбір сыбайластарымен бірігіп, спорттық грамоталарды да қолдан жасап, баланың жеңілдікпен оқуға түсу жолдарын жасайды.
Әзірге оның пара беру схемасына қатысы болған 50 адамға қарсы федералдық прокуратура айыптау ісін қозғады. Олар – Американың Йель, Стэнфорд сияқты атақты университеттеріне бала түсіргендер. Бұл қатарға Лос-Анжелес, Сан-Диего, Техас университеттері де еніп қалуы мүмкін екендігі айтылып жатыр.
Пара алғандар мен бергендердің ішінде 33 адам Голливудтың жұлдыздары мен атақты бизнесмендер көрінеді. Соның арасында атақты тележүргізуші Лори Лофлин, модельер Моссимо Джаннулли, актрисалар Фелисити Хаффман мен Линнет Скаво, бизнесмен Уильям Макглашан және т.б. бар. Олардың кейбіреулері миллионға жуық долларды параға бергені белгілі болып отыр. Америка теледидарында ұзақ уақыт бойы көрсетілген «Жанкешті әйелдер» сериалында ойнаған Ф.Хаффман түрмеге қамалмау үшін 250 мың долларын кепілге беріп шыққан. Басқалар да сол әдісті қолданып жатыр.
Бұлар туралы алғашқы болып АҚШ-тың атақты The New York Times газеті жазды. Басылым Америка тарихында мұндай оқиғаның бірінші рет болып отырғанын да атап өткен. «Өзінің масштабы мен әдепсіздігі жағынан бұл схема Американы таңғалдырып отыр», дейді газет.
Жақсыбай САМРАТ,
«Egemen Qazaqstan»