18 Наурыз, 2019

Қорғас жәрмеңкесі: Отандық кәсіпкерлерге Қытай нарығына шығуға мүмкіндік туды

1423 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы – еліміздің Шығыс қақпасы ғана емес, сауда сөресі екені бұл күнде ежелден көрші Қазақстан мен Қытайға ғана емес, Ресей, Украина, Грузия елдерінің кәсіпкерлеріне де әбден белгілі. 

Қорғас жәрмеңкесі: Отандық кәсіпкерлерге Қытай нарығына шығуға мүмкіндік туды

Қазіргі таңда ай сайын Қор­ғасқа Қытай елінің 100 мың­нан астам азаматының жо­лы түседі. Көршілеріміз Қазақ­стан­нан қандай тауарлар алатынын жақсы біледі. Өйткені «Қазақстанда жасалған» деген атаудың өзі – бренд, химиясыз, қоспасыз экологиялық таза өнім дегенді білдіреді. Алайда, үлкен сұраныстың барына қара­мастан, біздің тарап ұсынатын азық-түлік тауарларының түрлері әлі де аз. Осы олқылықтың орнын тол­тыру мақсатында алдағы күн­дері құрылысы жаңадан аяқ­талған «Qaz Lumiere» сау­да ор­талығында отандық өндіру­шілер үшін жарты айға созылатын үлкен жәрмеңке өтпек. Отандық кәсіпкерлеріміздің қызметіне серпін беретін бұл бастамаға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мұрындық болып отыр.

«Қорғас» ШЫХО қазақ­стан­­дық бөлігінде орналасқан «Qaz Lumiere» гипермаркетінің құ­рылысы толығымен аяқталып, пай­далануға берілді. Осыдан 7 жыл бұрын басталған «Қор­ғас» жобасында қазір қозғалыс бар деп айтуға болады. Ал алма­ты­лық БАҚ өкілдері кезекті рет ше­­­кара маңы ынтымақтастығы ха­­лық­аралық орталығындағы өзг­ерістерді көруге келдік.

Бұл жерде туристік қызмет түрлерін дамытудың барлық мүм­кіндіктерін қарастыру қа­жет­тігі бұрыннан да айтылып келеді. Өйткені визасыз ай­мақта екі елдің азаматтары да жеке куәлікпен-ақ емін-еркін қы­­дырып, сауда-саттықпен айналысып, емделіп, демала алатын мүмкіндігі бар.

Біздің азаматтардың да Қы­тайдан қандай тауар таситынын тізе беру артық болар, бірақ көршілеріміз Қазақстанның өнім­­дерін ықыласпен сатып алады. Олар азық-түлік, кәмпит, ұннан жасал­ған өнімдерді жоғары баға­лайды. 

Саясатпен де, үлкен эконо­миканың ұңғыл-шұңғылымен де ісі жоқ қарапайым халыққа да керегі осы. Барыс-келіс, алыс-беріс үзілмесе болғаны. Бір кезде екі елдің Президенттерінің бас­та­масымен қолға алынған ин­вес­тициялық әріптестіктің сауда-саттық, туристік, эконо­микалық ке­шендері көпшілікке қажетті қыз­метін көрсетіп отыр. Салық түр­лерінен босатылған, Duty Free үлгісіндегі аймақта ұты­лып отыр­ған ешкім жоқ. 

Қазақстан – Қытай жәрмеңкесі өтеді

Қазақстандық іскерлер қазір­дің өзінде бүкіл Қытайды шар­ламай-ақ, өндіріс орындарымен тікелей байланыс орна­тып, ке­лісім­шарттар жасай ала­ды. Қор­ғастың арнайы эко­но­микалық мәр­тебесі қазақ­стандық тараптың да жан-жақты дамуына қарқын бере алады. 

Жалпы аумағы 6500 шаршы метрді құрайтын «Qaz Lumiere» ги­пер­маркеті биылғы 1 мамырда ресми түрде ашылады. Осы айтулы оқиға орай, 1-15 мамыр ара­лығында Қазақстан – Қытай жәр­меңкесін өткізу жоспарланып отыр. 

Қазір пайдалануға берілген қазақстандық орталықта Грузия (арақ-шарап өнімі), Украина (былғары өнімдері), ҚХР (косме­тика) кәсіпкерлері орналасып үл­герген. Өз өнімдерін Қытай на­рығына шығаруды көздейтін отандық кәсіпкерлерімізге жал­ға алудың айрықша шарттары алдағы жәрмеңке күндері түсіндіріліп, жүзеге асырылады. Осы кезеңде кәсіпкерлер өз бренді қойылған көрме стендін алуға ғана қаржы шы­ғындайды, дейді «Атамекен» ұлттық кәсіп­керлер палатасының өкілдері.

«Бұл көрме кәсіпкерлерге «Қорғас» ШЫХО мүмкіндіктерін көріп, байқау үшін өткізіліп жатыр. Кәсіпкерге нарықты тал­дауға, яғни қай нарыққа бағ­дарлану керектігіне және же­ке тауарларға сұранысты бай­қау­ға мүмкіндік беріп отыр. Ен­ді көрмені жарнамалау мақ­­­­сатында Қытай тарапы­нан да жарнама агенттігін жұ­мыл­дырамыз. Көрме аясында кәсіпкерлеріміз үшін оқыту семинарлары өткізіліп, Қытайға тауар экспорттаудың жолдары көрсетіледі. Өндірушілер «Қор­ғас» ШЫХО-ға тауар­ларын жеткізіп, көрме стен­дін сатып алудан басқаға шы­ғын­далмайды. Жалға алу­шы­ларға келетін болсақ, олар­дың­ жағдайлары жеке қарас­ты­ры­лып, орын көлеміне қарай жеңіл­діктер мен жеңілдік ке­зеңдері берілген. Барлық өнді­рушілермен, ұйымдармен іскер­лік қарым-қатынас орна­туға дайынбыз», дейді «Qaz Lumiere» сауда орталығының ат­қарушы директоры Нариман Закирьянов.

Көрмеге Қазақстан, ТМД ел­де­рі және жақын шетел тауар өн­дірушілері қатысуға шақы­рылып отыр. «Qaz Luimiere» ги­­пер­мар­кетінің арнайы эко­номикалық ай­мақта орналасуы қа­зақстандық бизнеске – арнайы са­лықтық мәмілеге сәй­кес, салық тө­лемдерін жасамай кәсіпкерлік қыз­метті жүргізуге мүмкіндік бе­ре­ді. 

Тауарларды жарнамалау қарастырылады

Халықаралық жәрмеңке Қазақ­стан мен Қытай елдері бірле­сіп 1,5 млрд теңге көле­мінде инвестиция салған «Qaz Luimiere» сауда орталығы­ның рес­ми ашылуына орайлас­тырылған. 

Халықаралық жәрмеңке күн­дері отандық кәсіпкерлерге шекара маңы ынтымақтастық аймағына «жасыл дәліз» ұйым­дастырылып, тауарларын тасуға барынша қо­лай­лы жағдай туғы­зуға күш салынады. 

– Екі бірдей мемлекет жүзеге асыратын жоба қазақстандық және еуропалық тауарлардың қол­­­жетімділігін арттыруды көз­­­дей­ді әрі жаңа жұмыс орындарын ашуға септеседі, – дейді ха­лық­аралық жәрмеңкені ұйым­дастыруға атсалысып отыр­ған «Қуан-Шыңғыс» инвес­­тициялық компаниясы дирек­торының орынбасары Ұлан Әренов.

Қазір отандық тауарларды өндіретін 300-ге тарта кәсіп­кер­дің басын біріктіретін қа­уым­­­дастықпен арнайы келі­сім­­шарт жасалынған. Ұйым­дасты­ру­шылардың айтуынша, сауда орталығы іскерлік кездесулерге, Қазақстан мен ТМД елдеріне шы­ғарылатын өнімдермен таныстыру, сауда-саттық және бос уақытты өткізуге арналған тиім­ді іс-шара­лардың алаңына айналады. Бұл жақын және алыс шетелдердің іскер топтары мен туристерінің қызы­ғушылығын ту­дыратыны сөзсіз. Қазақстандық кәсіп­керлерге бірінші кезекте Қы­тайдың көпмиллионды нары­ғына шығу, халықаралық сау­даны дамытудың мүмкіндігі ашылады.

Көрмеде алкоголь өнімдері, сигареттер, сигаралар, теме­кі, киім-кешек, аяқ киім, конди­тер­лік өнімдер, құрғақ сүт, ұн өнім­­дері (ұн, макарон өнім­дері және т.б.), жиһаз, ыдыс-аяқ, дас­тарқан, пер­делер, жарық құ­­рыл­ғылары, шағын-бұрқақ­тар, фитодизайн, эко­дизайн бұйым­дарына орын бө­лінген.

Алайда, жаңа ауланған ба­лық, жұмыртқа, шұжық өнім­деріне, уылдырық, жеміс-жи­дек, сүт өнімдері мен өсімдік тұ­қым­дары (көкөніс, гүлдердің тұ­қымы және т.б.), алтын сияқ­ты тауарларды көрме-жәрмең­кеге шығаруға тыйым салынып отыр.

Осы сапарымызда да ТМД елдерінен келген туристерді, ір­геміздегі қырғыздарды, ежел­ден көрші орыстарды аз кез­дестірген жоқпыз. Бір қызығы, «Қорғаста» тілмаш табу, сауда-саттық жасау қиын емес. Оның үстіне көр­шілеріміздің қазақ тілін жақсы мең­гере бастағаны қуантады. Дол­ларға қарағанда, теңге өтімді. 

Екі елге де ортақ, өз өмірі өзін­дегі «базар-қала» тұ­сауын кес­кен­де бұл аймаққа жолы түс­­кендер содан бері айтар­лықтай үлкен өз­герістердің жүр­гізілгенін біледі. Бірі ілге­рілеп, бірі кешеуілдеп бой кө­теріп жатқан әрбір ғимараттың, алып кешендердің атқаратын өз қыз­меті бар. 2012 жылы осы ха­лық­­аралық орталық ашылған кез­де 2018 жылы толық аяқ­та­лады деген мәміле болған-ды. Дегенмен, Қорғаста әлі бітпеген жобалар да жеткілікті.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Алматы облысы, Панфилов ауданы