...Алматы қаласы, 1966 жылғы 29 мамыр. Астананың Пушкин көшесі мен Гоголь көшесінің қиылысындағы бұрынғы «Қазақконцерттің» залы. Республиканың түкпір-түкпірінен келген көркемөнерпаздардың байқауы өтіп жатқан. Қазақтың ән мен саз өнерінің классиктері Ахмет Жұбанов, Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Ришат Абдуллиндердің түгел бар кезі. Жәнібекпен алғаш рет осы байқау кезінде сахна сыртында таныстым. Жас мөлшері де, бой деңгейі де өзіммен қатарлас, 17-18-дер шамасындағы бозбала өзі бірінші жөн сұрады. Ол кезде домбыраға қосылып ән салатын жастар өте сирек болатын. Сондықтан ба, екеуміз бір-бірімізге жылы көңілмен жақындаса түстік. Сол дүбірлі жарыста Жәнібек дара шықты. Ол орындаған «Құлагер» әні мен үшін бүгінге дейін қайталанбаған, қайта оралмаған бір ғажайып сәт болып қалды. Жәнібек ән салғанда мен де залда отыр едім. Бұрын радиодан ғана Жүсекеңнің орындауында естіп жүрген Ақан серінің көңіл шерін боздатқан асқақ әні басталып кетті...
Кең тынысты қажет ететін күрделі әннің алғашқы жолында-ақ биікке көтерілетін тұсы Жәнібектің дауыс мүмкіншілігін бірден танытты. Шағын денелі он жеті жастағы бозбаладан дәл мынадай қуатты дауыс, асқақ үнді күте қоймаған залда отырғандар сілтідей тынып, бұған дейін мұндай дауысты естімеген сипат байқатып, тамсаныс белгісіндей шапалақ үні зал ішін көміп тастады. Маған бар болмысымен әннің ішкі мәніне бойлай түсіп, көңіл шерін жеріне жеткізген Жәнібек Құлагердің үстіндегі шабандоз баланың өзі болып елестеді.
Осылайша алғашқы құнан жарыстың өзінде Жәнібектің тұлпар шабыс танытқан кезінің куәсі болып едім. Неге екенін қайдам, сол алғашқы талпыныстарда дүлдүл шабысын көрсеткен «Құлагер» кейінгі жылдарда Жәнібектің ән айту қорынан көп көрінбей кетті. Сол жолы Жәнібек «Қазақконцертке» қалып қойды.
Араға 2-3 жыл салып қайта кездескен біз өмір сапарында жұп жазбай бірге келе жатыр едік. Үйлену тойларымыз да бір-бірімізсіз өткен жоқ. Отбасымыз араласқан дос-жаран болып бірге жүрдік. Жәнібектің өнердегі орнын оқшау сезінетінбіз, халыққа ортақ тұлғасын өз деңгейінде бағалауға тырысатынбыз.
Ұлы ұстазы Жүсіпбек Елебековтің орнына сабақ бере бастаған 1979 жылдан Жәнібектің шығармашылық өсу, қайта түлеу, биік белеске көтерілу кезеңі де басталады. Қолына домбыра мен қаламды қатар ұстаған Жәнібектің әңгіме, повестерінің қалай дүниеге келгені де, оның кейіпкерлерінің өмірдегі прототиптері де көз алдымызда. Бұл жылдары Жәнібектің ән айту қоры айрықша молайды. «Шама», «Кемпірбай мен Әсеттің айтысы», «Ақтамбердінің толғауы», «Қысмет», «Інжу-маржан», «Топайкөк», «Паңкөйлек», «Сырғақты», «Шіркін жастық», Шәкәрімнің әндері Жәнібектің орындауында жаңа мәнер, терең сырлы өрнек тапты.
Жәнібек репертуарға дайындағанда жеріне жеткізіп үйренбей, өзінің талғамынан әбден өткізбей, ешбір әнді орындамайтын. Әлі есімде, Жарылғапберлінің әні «Шаманы» дайындау үшін үш ай уақыт жұмсады. Әннің екпінін, ырғағын көтеретін, баяулататын тұстарын өзінше, бірақ бояуын жоғалтпай жеткізу үшін күн сайын дайындық жасап ізденетін. Әр буынды әсерлі жеткізу үшін шыңдай түсетін. Сол сияқты Әсеттің әні «Қысмет», «Інжу-маржан», «Ақтамбердінің толғауы» сияқты ән-толғаулар да осындай өзіне биік талап қою барысында дайындалып еді. Соның нәтижесінде Жәнібек айтатын «Шама» Қали Байжанов айтқан «Шаманы» қайталап қана қоймай, өзіндік өрнекпен ел есінде қалды.
Сол байқаудан кейін ол үлкен өнер жолына түсті. Мен әдебиетші болуға бел будым. Таныстығымыз жолдастық, достыққа ұласты. Көзі жұмылған сәтке дейін үй-ішімізбен араласып, бірге жүрдік. Талай сапарға бірге шықтық. Кейін ол ҚазМУ-ге түсіп оқыған кезде де университеттің намысын бірге қорғадық.
Туғанда бойға дарыған қабілеттің шыңдалуында өскен орта, тәрбие-тағылымның маңызы зор. Бұл орайда да Жәнібек бақытты. Жәнібек дүниеге келген өңір қазақтың шұрайлы топырағы – Абай мен Шәкәрімнің, Мұхтар мен Әміренің кіндік қаны тамған жер. Ән мен күйдің, өлең мен жырдың толқыны үзілмей, қазақы мінез, салт-дәстүр берік орныққан аймақ. Балалық дәурені осы өңірде өткен Жәнібек кейін ұлы ұстаз Жүсіпбек Елебековтің тәрбиесін көрді. Ұлы әншінің қасына еріп, қазақ даласын түгел бірге аралауы, құлақ құрышы қана әңгімесін тыңдауы Жәнібектің жан-жақты қалыптасуына ерекше ықпал етті.
Жәнібек Кәрменовтің шығармашылық мүмкіндігі зор, өнерпаздық қыры жан-жақты еді. Оның әншілік таланты ерте танылып, аз ғұмырында халықтың сүйіспеншілігіне ерекше бөленіп үлгерді. Ол «Айтбай», «Ағаш аяқ», «Ғазиздің әні», «Көгаршын», «Гауһартас», «Ақ қайың», «Құлагер», «Шама», «Сырғақты», «Топайкөк», «Желдірме», «Перуайым» сияқты т.б. халық әндері мен халық композиторларының өте күрделі, сыршыл әндерін орындауда өзгеше өрнек, ешкімге ұқсамайтын шеберлік танытты. Халық әндерін орындаушылар мектебінің ең жарқын өкілдерінің бірі болды.
Ұстаздық қызмет атқара жүріп, оның ұлттық ән өнері мен музыкалық фольклорды зерттеуі, қазақ радиосы мен теледидары арқылы түрлі тақырыпта хабар жүргізуі бір төбе. Бұл орайда Ж.Кәрменовтің қатысуымен жазушы Ақселеу Сейдімбек жүргізген «Ән туралы әңгіме», «Ақын, жазушылардың әндері», «Абай әндері», «Мұхит әндері», «Кенен әндері», осы жолдардың авторы жүргізген «Мұхтар Әуезов және ән», «Сәкен Сейфуллин және ән» сияқты телехабарлардың орны ерекше. Шәкәрімнің бір топ әні белгілі жазушы Мұхтар Мағауиннің жүргізуімен Жәнібектің орындауында 1988 жылы теледидардан тұңғыш рет көрсетілді.
Жәнібектің бай репертуарында Абай әндерінің үлкен орын алуы – оның әншілік өнерінің жарқын беттерінің бірі. Абайдың досы Ерболдың шөбересі – Ж.Кәрменов халық өнерінің қайнар көзінен мол сусындап ержетумен бірге ұлы Абайдың өнерпаздық тағылымына, әншілік дәстүріне жасынан қанығып, мол хабардар болып өсті. Ұстазы Ж.Елебековтің тәлімін бойына сіңіре білудің нәтижесінде Абай әндерінің ішкі иірім-сырларына бойлай алды. Ж.Кәрменовтің орындауындағы «Көзімнің қарасы», «Бойы бұлғаң», «Ата-анаға көз қуаныш», «Желсіз түнде жарық-ай», «Сегіз аяқ», «Татьянаның хаты» сияқты Абай әндері тыңдаушыны ерекше әсерге бөлеп, ойға жетелеп, құлпырып кететін. Абай әндері ғана емес, Абай айналасындағы әнші-сазгерлердің де ұмыт бола бастаған әндерін жинап, зерттеп, репертуарына енгізді, насихаттауға көп еңбек сіңірді. Майбасардың Мұхаметжанының «Сарыбел», «Қайран жастық», Шәкәрім Құдайбердіұлының «Анамнан алғаш туғанда», «Ең қызық жастық» секілді әндері алғаш Жәнібектің орындауымен таралды. Осы аталған әндерге қоса Шашубайдың, Уәйістің, Сегіз серінің кейбір әндерін анықтап, бұрын аты аталмай келген сазгер әнші Садықожа Мошанұлының «Ахау, айым!», «Ақ қаз едің», «Ахау, қалаулы-ай», «Ей, ахау», «Еркем-ай», «Сағынсаң, қалқа, өзің кел», «Сары бидай» атты жеті әнін Қазақстанның халық әртісі Дәнеш Рақышевтің орындауында жазып алып, 1991 жылы «Өнер» баспасынан шыққан екі томдық «Қазақ әндерінің антологиясына» енгізді.
Ол өзі орындайтын әндеріне аса ұқыптылықпен, суреткерлік талғаммен қарайтын, ән сөзіне терең бойлауға тырысатын. Абай әндерін айтқанда бұл құбылыс ерекше байқалатын. Ән әуенінің тұңғиық сырын ашып, бояуын құлпырта түсетін. Айта кетуіміз керек, Жәнібек от өнер жолында жүріп Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты (1984), Жазушылар одағының мүшесі (1988) атанды. Концерттік сапармен Швейцарияда (1984), Швецияда (1985), Моңғолияда (1989), Иранда (1990), Түркияда (1990), Қытай Халық Республикасында (1992) болды. Жастар мен студенттердің 1985 жылы Мәскеуде өткен Дүниежүзілік XII фестивалінің дипломанты болды. Ол сондай-ақ әншілік, жазушылықпен қатар әнге өлең жазып, өзі де ән шығаратын сазгер еді. Халыққа кең тарай қоймаған «Жеңеше», «Жаса елім» сияқты әндері бар. Соның ішінде Абай шығармашылығына бойлап кіріп, ден қоя зерттеудің нәтижесінде ұлы ақын өлеңіне шығарылған «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма» әні оқшау тұрады.
Жәнібектің шешендігі бірте-бірте оны жазушылыққа бұрды. «Ақылбайдың әні» (1980), «Махаббат әні» (1986), «Ғашықтың тілі» (1988) сияқты әңгіме, повестері жинақталған үш кітабы өзінің көзі тірісінде жарық көрген.
Жәнібек Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне 1972 жылы түсті. Кейін «Жалын» баспасында редакторлық қызмет атқарып, қалам тербеді. Өнер адамдары жайлы жазған очерктері мен мақалалары жиі жарияланып, қалың оқырманның ықыласына бөленді. Жүсекең өмірден өткен соң, ол кісінің ұстаздық жолын жалғастыру Жәнібектей шәкірттердің мойнына түседі. Оның болмысынан мәдениет айрықша сезіліп, жұртты өзінің биязы мінезімен баурайды. Сөйлесе шешендігімен тыңдарманын ұйытатын. Тағы бір айта кетерлігі, Жәнібек Кәрменов Құрманғазы атындағы консерваторияда халық әндері кафедрасының ашылуына үлес қосты. Ал Бекболат Тілеухан мен Рамазан Стамғазиев сияқты шәкірттер қалдырған Жәнібектің өнері бүгін өз жалғасын тауып келеді.
Қазақ әндерінің алтын қорында Жәнібектің 27 әні ғана бар көрінеді. «Неге сонша аз?» деген сұрақ тууы заңды. Оның екі түрлі себебі бар. Адам ертең кете қоямын деп ойламайды. Әлі жаспын дейді. Екіншіден Жәнібекте өзін көрсету деген ой болмайтын. Елдің бәрі өзі туралы біледі деп ойлады ма, кім білсін. Өзін емес, өнерді насихаттауға күш салды. Өзі сүйсінген өнерпаздар туралы жазды. Өзін ұмытты. Өйткені Жәкең өзі Жүсекеңді қалай бағалады, қалай дәріптеді. Жүсекеңнің сексен жылдық мерейтойында ұстазы туралы үлкен баяндама жасады. Студияға ұстазының атын беруге атсалысты.
Жәнібектің артында бірнеше әні қалды. Оның көбін сахнаға шығарған жоқ. «Ағалар-ай» деген әні ғана Рамазан Стамғазиевтің орындауында айтылып жүр. Көп әні сахнаға шықпай қалды. Жәнібекті насихаттау – шәкірттерінің ісі.
Құныпия АЛПЫСБАЕВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор