Сондай-ақ жиынға видеоконференц байланысы арқылы партияның облыстық филиалы төрағаларының бірінші орынбасарлары, облыс әкімдерінің орынбасарлары, облыстық және Астана, Алматы, Шымкент қалалық мәслихаттарының хатшылары, салалық басқармалардың басшылары және партия аймақтық филиалдарының қызметкерлері қатысты.
Іс-шара барысында «Nur Otan»-ның кезекті XVIII съезінде қабылданған партияның 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты жаңа бағдарламасын жүзеге асыру барысы талқыланды. Одан бөлек, Елбасының съезде берген тапсырмаларын іске асыру мәселелері сөз болды.
Сөз басында М.Әшімбаев партияның алдында съезде Елбасы анықтап берген ауқымды міндеттер тұрғанына назар аударды. Соған байланысты «Nur Otan» партиясы бірнеше бағыт бойынша жүйелі жұмыс жүргізбек.
– Партия Төрағасы съезде халықтың табысын арттыру, аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету, тұрғын үй мәселесін шешу, өңірлерде денсаулық сақтау мен білім беру ісін жетілдіру, сондай-ақ, аймақтарда инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту сияқты бірнеше бағытты ерекше атап өтті. Сондықтан біз бар күш-жігерімізді Мемлекет басшысының әлеуметтік сала мен өңірлерді дамытуға қатысты тапсырмаларын сапалы әрі уақтылы орындауға жұмсауымыз керек, – деді М.Әшімбаев.
Сондай-ақ ол партияның барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың Елбасы тапсырмаларын сапалы әрі уақтылы орындауын, осы мақсаттарға бөлінген қаражаттың тиімді және мақсатты жұмсалуын бақылайтынын жеткізді. Сондықтан партияның барлық филиалдарының, мәслихаттардағы фракцияларының және аймақтық кураторлардың жұмыс белсенділігі арта түспек.
Сонымен қатар М.Әшімбаев съезде Елбасының партияға маусым сайын мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы туралы тыңдаулар өткізуді тапсырғанына тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда осы бағыттағы жұмыстар қолға алынған. Соның нәтижесінде бұл мақсатта партия жанынан мемлекеттік бағдарламалар мен реформаларға мониторинг жүргізу және оларды іске асыру орталығы құрылмақ. Соған сәйкес алдағы сәуір айынан бастап маңызды мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы туралы тыңдаулар өткізіледі деп жоспарланып отыр.
Сонымен бірге «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мемлекет басшысының съезде анықтап берген «Бақытты отбасы», «Құтты мекен», «Ауыл – ел бесігі» және «Халыққа көмек» жобалары туралы да айтып, олардың партияның алдағы уақыттағы жұмысының негізгі бағыты болатынын тілге тиек етті.
– Бұл бастамаларды ұлттық жобалар десек те, артық емес. Себебі, аталған жобалар аз қамтылған, көп балалы отбасыларға көмек көрсету, ауылдық жерлерді көркейту, өңірлерді дамыту сияқты өзекті әлеуметтік мәселелерді қамтиды. Сондықтан партияның Орталық, аймақтық және аумақтық құрылымдары осы жобаларды тиімді жүзеге асыруға күш жұмсауы тиіс, – деді М.Әшімбаев.
Қазіргі таңда Елбасының бастамасымен қолға алынған «Бақытты отбасы» жобасы Алматы қаласында нәтижелі жүзеге асырылуда. Сол арқылы қалада аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету шаралары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. М.Әшімбаев өзге өңірлердің де осы тәжірибені ескеріп, аталған саладағы жұмыстарды «Бақытты отбасы» жобасы аясында іске асыру керектігін айтты.
Келесі «Құтты мекен» жобасы аясында инженерлік инфрақұрылымды дамыту, ауыз сумен қамту, жол құрылысы, интернетпен қамтамасыз ету сияқты игі істер жүзеге асырылады. Ал «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы ауылдық жерлерде жұмыс орындарын ашып, бизнеске қолайлы жағдай жасап, денсаулық сақтау, білім беру ісін жетілдіріп, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізіледі.
Тағы бір маңызды бастама «Халыққа көмек» жобасы арқылы партия қазақстандықтардың күнделікті өміріндегі өзекті мәселелерді оң шешуге ықпал етуді көздеп отыр. Қазірдің өзінде партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері Бірыңғай әлеуметтік терезе жүйесінде жұмыс істеуде. Жоба аясында тұрақты мониторинг жүргізіліп, қоғамдағы өзекті мәселелердің оң шешілуіне де жағдай жасалады.
Сөз соңында партия Төрағасының бірінші орынбасары «Nur Otan»-ның халық пен билікті байланыстыратын алтын көпір болу керектігіне көңіл бөлді.