Аймақтар • 18 Наурыз, 2019

Түркістан: ауыл шаруашылығына Польша технологиясы енгізіледі

972 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркістан қаласында «Түркістан: польшалық бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер» атты Қазақстан-Польша халықаралық бизнес-форумы өтті. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Түркістан: ауыл шаруашылығына Польша технологиясы енгізіледі

Шетелдік делегаттар құрамында экономика, ауыл шаруашылығы, телекоммуникация және машина жасау салаларында қызмет ететін 20-ға жуық кәсіпкерлер мен компания өкілдері болды. Делегацияны Польшаның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Селим Хазбиевич бастап келді. Қонақтар Түркістан облысының кәсіп иелерімен кездесті.

«Түркістан» ӘКК» АҚ-ның филиалы «Turkistan Invest» компаниясы ұйымдастырған форум аясында қос тарап бірігіп жүзеге асыратын жобалар, экспорт пен импортқа қатысты мәселелер жайында сөз қозғады. «Инвестиция және сауда бойынша польшалық агенттік» АҚ шетелдік сауда офисінің басшысы Юлия Городецкая бұл бизнес-форум екі елдің нарықтағы жағдайын жақсартуға әсер ететінін айтты.

«Форум Польша мен Түркістан облысы арасындағы сауда-экономикалық дамудың жаңа жолдарын айқындауға үлкен үлесін қосады. Орталық Азияға жол ашатын Қазақстан Еуропа мен Азия үшін маңызды рөлге ие. Еуропалық Одақ нарығына жетелейтін Польша да сіздер үшін тура сондай маңызды ел болып табылады. Қазақстан мен Польша – инвестициялық байланыс бойынша да жақсы әріптес елдер» деді Юлия Городецкая.

Кездесу барысында Түркістан облысы аумағында ауыл шаруашылығы саласындағы польшалық технологияларды ендіру туралы ұсыныс айтылды. Оның ішінде, шетелдік кәсіпкерлер су, сүт және сұйық майды құю бойынша бизнестердің дайын нұсқаларын таныстырды. Польшалық бизнес өкілдері қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етумен қатар, жұмысшыларды оқытып, үйрететіндіктерін де жеткізді.

«Біз аграрлық өлкеміз, сондықтан бізге бүгінгі таңда агроөнеркәсіптік кешен бойынша көшбасшы болып табылатын польшалық технологиялар қажет. Өңірімізде қайта өңдеуге болатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі үлкен. Оларды тек Қытай мен Ресейге ғана емес, сондай-ақ, Польшаға да тасымалдай аламыз» деді Нариман Ильясов.

Іс-шара барысында екі тараптың кәсіп иелеріне арналған В2В форматындағы кездесулер ұйымдастырылды. Нәтижесі ретінде ынтымақтастықты ары қарай дамытып, оны нығайтуға бағытталған бірқатар құжаттарға қол қойылды. Форумға қатысушылар бұл басқосудың қос елге де тиімді болатындығына сенім білдірді.

Айта кетерлік жайт, Қазақстан мен Польша арасындағы тауар айналымы 1 млрд. АҚШ долларынан астам соманы құрайды. Қазақстанға Польша фармацевтикалық, косметикалық өнімдер мен қантты тасымалдайды. Ал Қазақстан минералдық өнімдерді, көмір мен бидайды экспорттайды. Бүгінгі таңда елімізде 200-ден астам польшалық компаниялар қызмет етеді