Шынында Қазақстанның мүмкіншілігі өте зор, бай мемлекет қой. Президент енді сол мүмкіншіліктің бәрін халықтың әл-ауқатын күрт арттыруға бағыттағаны қандай қуаныш. Біз, әсіресе көп балалы аналар үшін қуандық. Енді әр балаға 21 мың теңгеден көмек көрсетілетін болды. Бұл аз қамтылған отбасылар үшін үлкен көмек, мен оны өмірдің жарқын екенін көрсетуге жол ашатын нұрлы сәуле деп айтар едім.
Елбасы өзінің сөзінде жергілікті жолдарды салу мен жөндеуге бюджеттен 350 млрд теңге бөлінетінін айтты. Ол облыс пен аудан ішіндегі жергілікті жолдардың сапасын арттыруға жұмсалып, 2025 жылға қарай осындай жолдардың 95 пайызы жоғары деңгейге жеткізілетіні айтылды. Мәжіліс депутаттары аймақтарға шығып, сайлаушылармен кездескен сайын осы мәселе қозғалып, біз оны шешуге өз тарапымыздан үн қосатынбыз. Бірақ бұл мәселе өзінің түбегейлі шешімін таппай, іс қаржының тапшылығына тіреліп, тоқтап қалатын. Енді орасан зор көлемде қаражат қарастырылып отырған соң жолдардың түпкілікті жөнделетінінен үміттіміз. Бұл да ауыл мен селоларда тұратын халықты қуанышқа бөлері сөзсіз.
Елбасы өзінің сөзінде денсаулық сақтау саласына да үлкен назар аударды. Бұл саланы дамытуға 120 млрд теңге қарастырылып отыр. Президенттің шағын және моноқалаларды дамытуға да көңіл бөліп, оларды өркендетуге жыл сайын 10 млрд теңге бөлуді тапсырғанын да үлкен жетістік деп санаймын. Осындай елді мекен тұрғындары үнемі өздерінің коммуналдық қызметтерге зәру екенін айтып жүретінін талай жерде көрген едік.
Енді барлық әлеуметтік мәселені шешуге 2 трлн теңгеден астам орасан зор көлемдегі қаражаттар бөлініп отырғанда «қаржы жетпейді» деп айтуға атқарушы органдар ұялатын шығар деп ойлаймыз. Әрине, бұл жерде қаражатты үнемді және тиімді жұмсауға тиісті орталық атқарушы органдар басшылары мен жергілікті әкімдердің жауапкершілігі арттырылуға тиісті. Президент бұл мәселеге де жіті назар аударып, «Халыққа көмек» жобасын қолға алып отыр. Бұл мәселеде біздің партиямыз да «Нұр Отанға» қолғабыс жасап, Мемлекет басшысының тапсырмаларының дұрыс орындалуын қадағалауымыз керек деп санаймын. Өйткені мемлекеттік бюджет бәрімізге де ортақ, халықтың қамы үшін бөлінетін қаражаттың пайдалы іске жұмсалуы бәрімізге де тиімді.
Жамбыл АХМЕТБЕКОВ,
Мәжіліс депутаты