Айта кетейік, «Нұрлы жер», «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламалары арқылы 2017 жылы облыс бойынша баспанаға мұқтаж 1500 адамға пәтер берілді. Ал 2018 жылы 3 500 отбасы жаңа қонысқа ие болды. Орал қаласында 24, Ақсай қаласында 2 көп қабатты үй тұрғызылса, аудандарда 104 үй салынды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста 432,2 мың шаршы метр баспана тұрғызылды.
Таяу жылдары тұрғындар саны жарты миллионға жетеді деп жоспарланған Орал қаласында тұрғын үйге сұраныс азаятын түрі жоқ. Сондықтан да қала маңындағы аумағы 450 гектар жерде жаңадан «Ақжайық» шағын ауданын салу туралы шешім қабылданды. Мұнда 150-ден астам үйдің құрылысы басталады. Қазіргі уақытта құрылыс орнына инженерлік-коммуникациялық желілер тартылуда.
– Тұрғын үймен қамту бұрыннан түйткілді мәселе ғой. Кішігірім мысал келтірсем, пәтерге қол жеткізген бір отбасының үлесіне жаңадан кезекке тұрған үш отбасыдан келеді, – деген еді жақында ел-жұрт алдында есеп берген облыс әкімі Алтай Көлгінов.
Бүгінде тұрғын үйге мұқтаж жандар мемлекеттік «7-20-25» бағдарламасы арқылы баспаналы болу мүмкіндігіне қол жеткізді. Бұл бағдарлама өңірде жақсы қолдау тапты. Өңірде «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» 68,6 мың клиенті бар. Бұл салымшылардың өз депозиттеріне жинаған қаражат мөлшері 34,6 млрд теңгені құрайды.
– Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» салымшыларына 1100 пәтер пайдалануға беріледі, – деді жақында жаңа ғимаратқа көшкен банк филиалының қоныстойында облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев. Нақтырақ айтсақ, өңірде биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 9 үйдің құрылысы жоспарланған.
Әрине, соңғы кезде жиі көтеріліп жүрген көп балалы аналар, аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қолдау мәселесі өңір басшысының 16 ақпанда өткен есептік кездесуінде егжей-жегжейлі айтылды.
«Тұрғын үй кезегінде тұрған мұқтаж жандарды баспанамен қамтамасыз ету үшін өңірде кешенді шаралар атқарылып жатыр» деп мәлімдеген А.Көлгінов «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған 432 мың шаршы метр тұрғын үй көлемі өткен жылмен салыстырғанда 40 мың шаршы метрге артық екенін жеткізді. Жалпы, өңірде соңғы 3 жылда 1 миллион шаршы метр тұрғын үй халық игілігіне пайдалануға берілді.
Сондай-ақ апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлерді жою бағытында да қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Облыс аумағында 132 апатты үй болса, оның 41-і Орал қаласында тіркелген. Бүгінде апатты 11 үй қиратылып, орнына 7 жаңа үй салынуда.
Осындай оң бастамалардың игілігін жастар қауымы да көріп жатқаны қуантады. 2018 жылы Ақжайық өңірінде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша 508 маман ауылдық жерге тартылып, 304 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы берілген еді. Соның ішінде 432 жас маман 1,4 млрд теңге көлемінде баспана несиесін алыпты. Өңір басшысы Алтай Көлгінов 2019 жылы жас мамандар мен жас отбасыларды тұрғын үймен қамту мақсатында нақты жұмыс жүргізілетінін айтып, уәде берді.
– Тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі өте маңызды. Үкіметке «Нұрлы жер» арқылы 40 мыңға жуық пәтер салуды тапсырамын. Ол аренда жүйесіндегі пәтерлер және әлеуметтік аз қамтылғандарға арналады. Бұл үшін
7 жыл қатарынан жыл сайын 50 млрд теңге бөлінеді. Ол үшін «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкіне» қосымша қаржы керек, – деген еді «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде сөйлеген Президент Нұрсұлтан Назарбаев.
Аз қамтылған, көп балалы, көмекке шын мұқтаж жандарды баспанамен қамту – мемлекеттік билік органдарының ғана емес, кәсібі алға басқан қалталы азаматтардың да парызы. Жақында өңірде жарияланған «Мейірімді көктем» акциясы қоғамның әлеуметтік әлсіз топтарына халық болып қайырымдылық көрсетуге шақырады.
– Отбасы – қоғамның жай ғана бір бөлігі емес, бүкіл мемлекеттің негізі. Сондықтан өңірімізде дәстүрлі «Мейірімді көктем» жобасын жүзеге асыруды ұсынып, белсенді қатысуға шақырамын. Аталған жоба көп балалы отбасыларды және мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға бағытталған. «Мейірімді көктем» аясында ұйымдастыру орталығы құрылады. Бұдан бөлек облыста осы санаттағы азаматтарға кеңес беру, әлеуметтік, құқықтық және материалдық көмек көрсетуге бағытталған мыңнан астам түрлі іс-шара өткізіледі. Біздің міндетіміз – жүйелі түрде жекелей және әр отбасыға қолдау көрсету. Бұл акцияда әлеуметтік жәрдемақы, білім саласына қатысты сұрақтар, жұмыспен қамту, тұрғын үй және басқа да мәселелер шешімін табады, – дейді облыс әкімі.
Жақында сенатор Бірғаным Әйтімова елдегі ірі құрылыс компаниялары басшыларына үндеу тастап, аз қамтылған отбасылардың пәтер мәселесіне көмектесуге шақырған еді. Бір қызығы, осыған ұқсас жоба әлемде бұрыннан бар екен. Мысалы, Түркия елінде жаңа салынған үйдің әр қапталынан (подъезінен) бір пәтер аз қамтылған, көп балалы отбасына тегін беріледі. Өз кезегінде ол отбасы сол қапталдың тазалығына, тәртібіне жауапты болады. Көршілеріне көмектеседі, қарияларға дәрі, дүкеннен азық-түлік әкеле қояды. Сол үшін азын-аулақ жалақы да алады екен. Осы арқылы бізде жиі мәселе болатын ПИК (пәтер иелері кооперативі) міндеттерінің де біразы шешімін тапқан көрінеді.
– Мұндай отбасыларды түрікше гөревли (görevli) деп атайды. Түркияда ресми тіркелген гөревлилер саны – 49 583 екен. Ал тіркелмегендерін қосқанда 70 мыңға жуық дейді. Жалпы, бұл қызметті французша – консьерж (consierge), ағылшынша – суперинтендант (superintendant) деп атайды, әлемдік практикада бар үрдіс, – дейді бізге Түркияда докторантурада оқып, отбасымен бірнеше жылдан бері тұрып жатқан Мұхит Төлеген.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Батыс Қазақстан облысы