18 Наурыз, 2019

Шымкенттің жаңа тынысы

1100 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Премьер-Министр Асқар Мамин мегаполисті дамыту және абаттандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасымен танысу әрі қаланың шеткері аймақтарының проблемаларын шешу үшін жұмыс сапарымен Шымкент қаласына барды.

Шымкенттің жаңа тынысы

Тоқыма өнеркәсібі дамиды

А.Мамин тұрғын үйдің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, жол инфра­құ­рылымын жаңғыртуға, ин­дус­трия­лан­дыруды дамытуға және ме­гаполис­ті басқарудың жаңа тиімді ше­шім­дер­ін жа­сауға бағытталған жобалар­ды іс­­ке асыру мысалында қаланың әлеу­мет­тік-экономикалық дамуымен та­ныс­ты.
Мегаполис аумағын кеңейту аясында қалаға қосылған «Тұран» шағын ауданында Премьер-Министрге қолайлы өмір сүру жағдайлары мен көлік қаты­насын қамтамасыз етуге бағытталған инфрақұрылымдық жобалар таныстырылды. Оның ішінде жеке инвестиция­лар есебінен көпқабатты тұрғын үйлердің, әлеуметтік және коммерциялық нысандардың құрылысы, сондай-ақ жалпы ұзындығы 33,7 шақырым бола­тын 13 магистралдық автожол салу қа­растырылған. Бүгінгі таңда шағын ауданда 4 мыңға жуық адам тұрады, алай­да қала әкімдігінің мәліметінше, бар­лық инженерлік желілерді жүргізу және жеке тұрғын үй құрылысы үшін 3 мыңға жуық жер телімін бөлу шағын аудандағы тұрғындар санын 70 мыңға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

«Шымкент Сити» тұрғын үй кешенін салу жобасы баспананың қолжетімділігін арттыруға және жалпы қаланы абат­тандыруға бағытталған. Бүгінгі таңда 2 мыңға жуық пәтер пайдалануға берілген. Биыл 3863 пәтер салу жоспарланып отыр, бұл несиеге, жалға берілетін тұрғын үй бағдарламалары бойынша, соның ішінде көп балалы отбасыларға сатылады. Тұрғын үй ауданында қажетті әлеуметтік инфрақұрылым: мектеп, балабақша, емхана, дәріхана, сонымен қатар дема­лыс саябақтары қарастырылатынын айта кеткен жөн. 

Сонымен қатар «Шымкент Сити» әкім­шілік-іскерлік ауданының аумағында са­лынатын жаңа «Конгресс-орталықта» мил­­лион тұрғыны бар қаланың қажет­ті­лік­тері мен заманауи трендтер ескерілген.  

«Қа­ра­пайым заттар экономикасы» сала­ла­рының дамуына жеке инвестиция­ларды тарту бойынша атқарылып жатқан жұ­мыстармен танысу мақсатында Пре­мьер-Министр «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағына барды.

А.Мамин АЭА аумағында кәсіп­орын бас­шыларымен бизнестің өзекті мә­се­лелерін, ШОБ-ты қолдау бағдарлама­ларының тиімділігін, сондай-ақ тоқыма өнер­­кәсібін дамытуды тереңдету келе­шегін талқылады. Бүгінде «Оңтүстік» АЭА аумағында 13 жоба іске асырылған, 1 396 жұмыс орны құрылған. 2021 жыл­дың соңына дейін 92,2 млрд теңгеге 18 жаңа жоба іске қосылатын болады, 1580 жұмыс орны ашылады. АЭА-да шы­ға­ры­латын өнім Қазақстанның ішкі нарығына жеткізіледі, сондай-ақ Орталық Азия, Еуропа, Қытай елдеріне экспортталады. 

Премьер-Министр «Әлем-БТ» шұлық бұйымдары фабрикасына, «Lux Shoes» аяқ-киім шығарушы фабрикасына барып, киімнің, былғары бұйымдардың эле­менттерін, оның ішінде аяқкиім мен оның құраушы бөліктерін тігу үдері­сі­мен танысты. Бұдан өзге, А.Мамин шы­ғарылатын өнім түрлерімен танысып, дайын өнімнің сапасын бағалады.

А.Маминге ведомствоаралық өзара іс-қимылды жақсарту, мемлекеттік жә­не жекеменшік сектор өкілдерін тарту арқылы халық өсімін ескере отырып, қа­ла ортасының өзекті проблемаларын жедел режімде шешетін «Шымкент ак­селераторы» жобасы таныстырылды. Сонымен бірге акселератордың қаланың дамуына мультипликативті әсерін, оның ішінде жаңа жұмыс орындарын ашу, бизнес-ахуалды жақсарту, ШОБ-ты дамыту, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қыз­меттер сапасын арттыру тәрізді жә­не басқа да әлеуметтік маңызы бар мә­се­лелерді жедел режімде заңнамаға өзге­рістер енгізбей және қосымша бюджет бөлмей шешу арқылы тигізетін болады.

Кешенді жоспар қабылданады

Премьер-Министр Асқар Мамин жұ­мыс сапары аясында Шымкент қала­сының активімен қаланың әлеуметтік-эко­номикалық дамуының өзекті мәсе­лелері жөнінде кеңес өткізді.

Кеңесті аша отырып, Премьер-Ми­нистр Мемлекет басшысының Жар­лығымен Шымкент қаласына респуб­ли­калық маңызы бар қала мәртебесі беріл­генін атап өтті. Елбасы Шымкент қала­сының әлеуметтік-экономикалық, инфра­құ­рылымдық және өндірістік дамуына ерекше көңіл бөледі. Бұл бағытта Прези­дент Шымкентті дамытудың және құрылыс жүргізудің 2023 жылға дейінгі кешенді жоспарын дайындап, бекі­туді тапсырды.

«Бүгінде Шымкент еліміздің мил­лион тұрғыны бар жетекші өнер­кәсіп­­тік, экономикалық және мәдени орталық­тарының бірі. Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясының съезінде Үкіметке және әкімдіктерге елдің ірі қалаларының шеткі аймақтарын абаттандыруға және проблемаларын шешуге ерекше назар ау­даруды тапсырды», деген А.Мамин қала әкімдігіне жаңа және салынып жат­қан аудандардың тұрғындарының өзекті мә­селелеріне көбірек көңіл бөліп, бірден үн қату қажет екенін, ең бастысы бұл проб­лемаларды шешу керек екенін баса айтты.

Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әб­ді­ра­­хымов Шымкентті дамытудың жә­не құ­ры­лыс жүргізудің 2023 жыл­ға дейін­гі кешенді жоспары жобасын ес­ке­ру­мен қаланың ағымдағы жағ­дайы мен даму келешегі туралы баян­дады. Қалада бір­қатар әлеуметтік маңы­­зы бар және инфра­құрылымдық нысан­дардың құ­ры­лысы жоспарланған. Халықтың әлеу­меттік әлжуаз топ­тарының тұрғын үй мә­селелерін шешу үшін биыл «Сен жалғыз емессің» жобасы іске асырылып жатыр, оның аясында демеушілер есебінен бас­панасы жоқ аз қамтылған отбасылар үшін тұрғын үйлер салу жоспарланған.

Қаржы бірінші вице-министрі Б.Шол­панқұлов, Ұлттық экономика вице-министрі С.Жұманғарин, Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қ.Өскенбаев, Энергетика вице-министрі М.Мырзағалиев, Мә­дениет және спорт вице-министрі Е.Қо­жағапанов, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Е.Нысанбаев, Денсаулық сақ­тау вице-министрі О.Әбішев, Білім жә­не ғылым вице-министрі Т.Ешенқұлов кешенді жоспар шаралары экономиканың жекелеген бағыттарының дамуына және оны іске асыруды қаржылық қамтамасыз ету мәселелеріне қалай ықпал тигізетіні туралы баяндады. Баяндалған ақпаратқа сәйкес, жоспарда қала экономикасын одан әрі дамыту, тұрғын үй мәселелерін шешу, ТКШ жаңғырту, қажетті инженерлік инфрақұрылым жүргізу, жылумен, газбен қамту, сондай-ақ білім және денсаулық сақтау саласындағы қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бойынша іс-шаралар қарастырылған. Сонымен қатар әуе қатынастарын дамыту мәселелері ту­ралы «SCAT» әуе компаниясының пре­зи­денті В.Денисов өз ой-пікірін жеткізді.

Кеңес барысында Премьер-Министр Шымкент қаласында жеңіл өнеркәсіпті дамыту әлеуеті зор екенін, осы жұмыс сапары барысында барып көрген, АЭА-да орналасқан кәсіпорындар оған дәлел бола алатынын атап өтті.

Ал талқылау қорытындысында қысқа уа­қыт ішінде кешенді жоспарды қа­былдау бойынша барлық қа­жетті ресімдерді аяқтауды тап­сыр­­ды. Бұл орайда, халықтың өмір са­пасын жақсартып, табы­сын арт­тыруға ерекше көңіл бөлі­нуі тиіс.

Нұршат ТӨКЕН,

«Egemen Qazaqstan»