Азия біріншілігінде Қазақстан атынан 2002-2003 жылы туған 17 спортшы бақ сынады.
2 алтын, 1 күміс және 4 қола медаль иеленген Қазақстан құрамасы командалық есепте бесінші орынға табан тіреді. Бірінші орында Қытай, екінші орында Үндістан, үшінші сатыда Жапония командалары.
2017 жылы Тайландта өткен чемпионатпен салыстырғанда, бұл дода біздің команда үшін сәтті өтті. Өйткені, екі жыл бұрынғы сында қазақстандық спортшылар бір күміс және бір қола медальды қанағат тұтқан.
Бірінші жарыс күнінде Полина Иванова сырықпен секіруден Азия чемпионы атанса, Василиса Фахрутдинрова 2000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден күміс медаль жеңіп алды.
Екінші жарыс күнінде Ефим Тарасов 400 метрге жарысудан үшінші орын иеленсе, Александра Залюбовская осы қашықтықта үздіктер қатарына енді.
Жарыстың үшінші күнінде Адина Мақсұтова көпсайыстан чемпион атанып қоймай, құрлық додасның жаңа рекордын орнатты. Жеті сайыстың бесеуінде жеңіске жетіп, 5345 ұпай жинаған спортшымыз алтыннан алқа тақты.
Сондай-ақ, қазақстандық спортшылар эстафета мен үш қарғып секіруден қола жүлдегер атанды.