27 Шілде, 2012

Лауазымына қуат берер қайраткер

418 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Лауазымына қуат берер қайраткер

Жұма, 27 шілде 2012 7:29

Сәрсенбі күні Үндістанда жаңадан сайланған президент Пранаб Мукерджи қызметіне кірісті. Ол бұдан бес жыл бұрын сайланған елдің бірінші әйел президенті Пративха Патилді алмастырды.

Басқа жердегідей сол таққа отыруға даңғаза дайындық жасал­ған жоқ. Сайланғанына 2-3 күн болған Мукерджи бұрынғы прези­денттің өкілдігі біткен күні, 25 шілдеде қызметіне кірісті де кет­ті. Жалпы, бұл елде президент сай­лауының да тауқыметі онш­а­лық­ты көп емес. Ол ел парламенті палаталарының депутаттарының, штаттар мен одақтық аумақтар заң шығарушы жиналыстары мү­шелерінің басқосуында сайланады. Жаңа президентті 4659 депутат, сайлауға қатысқандардың 69 пайызы қолдады.

Жұма, 27 шілде 2012 7:29

Сәрсенбі күні Үндістанда жаңадан сайланған президент Пранаб Мукерджи қызметіне кірісті. Ол бұдан бес жыл бұрын сайланған елдің бірінші әйел президенті Пративха Патилді алмастырды.

Басқа жердегідей сол таққа отыруға даңғаза дайындық жасал­ған жоқ. Сайланғанына 2-3 күн болған Мукерджи бұрынғы прези­денттің өкілдігі біткен күні, 25 шілдеде қызметіне кірісті де кет­ті. Жалпы, бұл елде президент сай­лауының да тауқыметі онш­а­лық­ты көп емес. Ол ел парламенті палаталарының депутаттарының, штаттар мен одақтық аумақтар заң шығарушы жиналыстары мү­шелерінің басқосуында сайланады. Жаңа президентті 4659 депутат, сайлауға қатысқандардың 69 пайызы қолдады. Үлкен сенім, үлкен жеңіс. Және ол жай келген жоқ, парламенттің бұрынғы спи­ке­рі 64 жастағы Пурно Агиток Сангма бәсекеге түскен. Оның қартайды дейтіндей 77 жастағы қаржы министрі Мукерджиге қа­ра­ғанда мүмкіндігі көптеудей сияқ­ты көрінген. Бірақ үндістан­дық халық қалаулылары елдің саяси өміріне көптен бері араласып келе жатқан, қандай қызмет ат­қар­са да, жаман аты шықпаған қай­раткерге қол көтерді.

Рас, бұл елде президент қыз­меті мәртебесі кейбір елдердегі­ден біршама өзгешелеу. Нағыз билік үкіметтің, оның басшысы­ның қо­лында. Ішкі-сыртқы саясатты жасайтын да, жүзеге асыратын да атқарушы билік. Президентке не­гізінен ресмилік, мемлекет атынан өкілдік білдіру міндеті жүктелген. Сөйтсе де конституция бойынша ол елдің бірінші азаматы, мемл­е­кеттің басшысы, ұлттық қарулы күштердің Бас қолбасшысы саналады. Парасатқа жүгіне отырып, қызмет атқарса, оның елдің ішкі-сыртқы саясатына айтарлықтай ықпал етуіне мүм­кіндігі бар. Му­керджидің жақ­тас­тары одан соны талап ете­тіні де анық.
Жақтастары дегенде, оны қазіргі биліктегі «Біріккен про­грес­тік альянс» (БПА) коалициясы ұсынды. Бұл коалицияның не­гізін елдің ең беделді саяси партия­сы «Үндістан ұлттық конгресі» (ҮҰК) құрайды. Оның партияда да, үкіметте де, үлкен беделі мен ықпалы бар. Сондықтан да Мук­реджидің президенттің қызметте де бұл салаларға араласуын ұлт­тық қажеттілік десе де болады. Және біраз сарапшылардың пікі­рін­ше, ол президент лауазы­мы­ның мәртебесін өз беделімен жаңа биікке көтереді.
БПА биікте болған соңғы 8 жылда ол алдымен қорғаныс ми­нистрі, сонаң соң парламент тө­менгі палатасының спикері, одан кейін сыртқы істер министрі, ал бүгінгі күні қаржы министрі болды. Осы қызметтеріне қарап-ақ оның қайраткерлік ауқымын аң­ғар­ғандайсың, елдің осы саладағы саясаты, ондағы табыстары Му­керд­жидің атымен тікелей байланысты.
Мукерджидің президент болып сайлануы Үндістандағы саяси күштердің арасалмағын біршама өзгертті. ҮҰК партиясының Мукерджидей бір тұлғалы қайраткері тұлғалы лауазымды иемденіп, пар­тияның беделі біршама көте­ріл­ді. Сонымен бірге бұл партия­ның ішкі құрылымы өзгеріп, жас­тармен күшейтілді деуге болады. Оны басқару Рахуль Гандиге жүк­телмек. Айта кетейік, бұл атақты Индира Гандидің немересі, Раджип Ганди мен БПА-ның қазіргі жетекшісі Соняның баласы. Тек­ті­лердің тұяғы.
Халықаралық ауқымдағы са­рап­шылардың пікірінше де Үн­ді­с­тандай алып елдің басшылығына лайықты тұлға келді.

Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».