«Мысалы, еліміздің заңы бойынша автокөлікті масаң күйде жүргізгені үшін қарастырылатын жаза – екі жылға көлік жүргізу құқығынан айыру. Басқа баламасы жоқ. Сондықтан, жүргізушінің мас болғандығы арнайы сараптамамен дәлелденсе, оның жазасын сот емес, өзге құқық органдары бекітсе де болады деп санаймын. Әрине, ол шешіммен келіспеген жанның сотқа шағымдануына еш кедергі болмауы тиіс» деді Бек Әметов облыс соттарының 2018 жылдың жұмыс қорытындысы туралы өткізген баспасөз мәслихатында.
Әрине, жоғарыда айтылған өзгерістер қайткенде де сот жүктемесін азайту мақсатынан тумаса керек. Өйткені елімізде медиация, яғни дауларды сотқа дейін шешу мәселесі барынша қолға алынғалы соттың жүгі жеңілдеп, бос уақыты көбейді деуге болмайды. Мәселен, республика соттары 2016 жылы 1,4 млн іс қараса, 2017 жылы – 2,6 млн, 2018 жылы – 4,5 млн іс қаралған! Көріп отырғанымыздай, соттардың жұмысы азаймаған, керісінше көбейе түскен. Бірақ бұл ел ішінде дау-дамай көбейді дегенді білдірмейді, бұл керісінше азаматтардың сотқа сенімін, түрлі дауды заң аясында, сауатты шешуге көшкенін көрсетеді. Бек Әметов медиация мәселесіне ерекше тоқталды. Айта кету керек, өткен жылдың соңында облыста Билер кеңесі жөніндегі ереже әзірленіп, облыс әкімінің қаулысымен бекітілді. Ауыл-селода, қалада аузы дуалы ақсақалдар мен аналар, қоғамға сөзі өтетін тұлғалар тұлғалар таңдалып алынып, түрлі дауды түбегейлі шешуге кірісті.
- Соңғы жылдары сот жүйесінде оң реформа көп жүріп жатыр. Бұл реформалар жақсы нәтиже беруде. Судьялардың халық алдында ашық болуы, сот мәжілісінен кейін өзі шығарған шешімнің себебін түсіндіруі, т.б. жария әрекеттер процеске қатысушылардың сот актісімен келіспеушілігін, шағымдарын азайтты, - дейді Бек Әметов.
Дегенмен сот саласында бәрі ойдағыдай деуге болмайды. Мысалы, Тасқала аудандық соты көне ғимараты жартылай жерге шөгіп кеткен, қамыстан буып салған ғимаратта жұмыс істейді. Ал Қаратөбе аудандық сотында мүлдем ғимараты жоқ.
«ХХІ ғасыр, бір-екі жылда тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл толады. Бірақ әлі күнге сот ғимараты жоқ» - дейді Бек Әметұлы. Бүгінде аталған олқылықтың орнын толтыру үшін екі ауданда да жаңа сот ғимаратының құрылысы қолға алынатыны белгілі болды.
Облыстық сот төрағасы пайдаланушыларға көрсетілетін сот қызметтерінің сапасын жақсарту мақсатында өңірдегі 2 сот ғимаратында жақын арада фронт-кеңсе ашылатынын айтып өтті.
Айта кетейік, азаматтық істер қарау бойынша негізгі жүктеме Орал қаласының №2 сотына түседі. Яғни өткен жылы өңірде қаралған 20 419 іс немесе барлық істің 67,5%-ы осы жерде қаралыпты. Сондай-ақ мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты 2018 жылы 4 914 іске шешім шығарды. Бұл барлық қаралған істің 16,2%-ы. Аталған екі соттың үлесі барлық сотта қаралған істің 83,7%-ын құрайды.
Соттың міндеті – дауды шешу. Ал ең жақсы шешілген дау – екі тараптың мәмілеге келуі екендігі даусыз. 2018 жылы татуластыру рәсімдерін қолдану арқылы 1 733 іс бітіпті. Мұның ішінде 1479 іс – медиация арқылы, 34 іс – партисипативтік рәсімдер тәртібімен бітсе, ал 220 іс бойынша бітімгершілік келісім жасалған.
Жоғарыда айтылғандай 2018 жылы әкімшілік істердің түсуі 68-ге немесе 0,5%-ға және қаралған істер 118-ке немесе 0,8%-ға көбейген. Әкімшілік істің көбі, яғни 56%-ы Орал қаласының әкімшілік сотында қаралады. Сондай-ақ Бөрлі, Бәйтерек және Жаңақала аудандық соттарында да жұмыс көп.
Осы кезеңде медиация тәртібімен 1 366 әкімшілік іс қысқартылған екен.
2018 жылдың басында Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов еліміздегі сот жүйесін одан әрі дамыту бойынша жеті басым міндетті саралап берген еді. Сот төрелігіне сенімді арттыру, сот төрелігінің әділдігін, оның жауапкершілігін және тәуелсіздігін, сот шешімдерінің жоғары сапасын және судьялардың біліктілігін арттыру арқылы құқық үстемдігін қамтамасыз ету мақсатын көздеген бұл жұмыстардың басында «Мінсіз судья» жобасы тұр. Судьялыққа кандидаттарды жан-жақты іріктеу, баспасөзге олар жөнінде мәліметтер жариялау, кандидаттың кәсіби дайындығымен қатар, оның жеке басына, қоғамдағы мінез-құлқына, моральдық орнықтылығына, өз ойын жеткізу қабілетіне аса мән беру көзделген.
«Үлгілі сот» жобасы жоғарыда айтылғандай, сот жұмысты оңтайлы ұйымдастыру, сервистер сапасы, сот персоналы, материалдық техникалық қамсыздандыру, жүктеме, ресурстарды тиімді пайдаланумен тығыз байланысты. Тасқала мен Қаратөбе аудандарындағы сот ғимараты құрылысынан бөлек, және бір аудандық сот ғимаратына қосымша сот мәжіліс залы салынбақ. Ал Орал қалалық соты мен Зеленов ауданының №2 аудандық сотының ғимараттары жөндеуден өткізілді.
«Әділ процесс» жобасы аясында сот практикасының әділдігі мен объективтілігіне қоғам тарапынан сенімсіздік туса, оның себебін анықтау, сыбайлас жемқорлық құбылыстарының алдын алу, судьялар қызметін бағалау үшін әр сот процесінен кейін тараптарға қысқаша сауалнаманың сұрақтарына жауап беру ұсынылады.
«Түнгі сот» пилоттық жобасы да ең алдымен азаматтарға ыңғайлы уақытта, әкімшілік сот өндірісін жедел қамтамасыз ету ниетінен туған. Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік соты 2018 жылы осы жоба аясында 415 іс қарап үлгеріпті.
Е-сот немесе смарт сот дегеніміз – халық пен сот қызметкерлерінің ІТ қызметін жан-жақты пайдалануына жағдай жасау. Бұл жоба негізінде сот саласында электронды жүйелерді қолданып, қағаз айналымын барынша азайту мақсат етіліп отыр. «2018 жылы «Сот кабинеті» сервисі арқылы облыс соттарына 30 864 талап арыз, 899 жеке және заңды тұлғалардың өтініші, 15 564 әкімшілік іс пен материал түсті. Яғни, соттарға түскен барлық талап арыз бен өтініш, әкімшілік материалдар мен шағымдар 100 пайызға жуық «Сот кабинеті» сервисі арқылы жолданған.
Өңірде күні бүгін 67 сот мәжілісі залы дыбыс-бейнежазу жүйесімен жабдықталған, бұл 100% қамтылды деген сөз!
Тараптардың сотқа келмей-ақ процеске қатысу мүмкіндігі де іске асты. Азаматтар үйінде, жұмыс орнында немесе шетелде жүріп-ақ сот мәжілісіне гаджет арқылы қатыса береді. Бейнеконференц байланыс жүйесін қолдана отырып қашықтан сот отырыстарын өткізуге де мүмкіндік бар. Әсіресе бейнебайланыс жүйесі барлық қылмыстық атқару жүйесі мекемелеріне орнатылған. Бұл қамау орнындағы сотталушыларды тасымалдамай, қауіп туғызбай, істі қарауға мүмкіндік береді. 2018 жылы осындай 826 сот отырысы өткізілген екен.
Ал «Оңтайлы орта» бағдарламасы қоғам мен соттар арасында тиімді қарым-қатынас орнатуға арналған. «Сапалы нәтиже» жобасы аясында судьялар сот шешімін жариялаған соң, тараптарға не себептен нақ осындай шешім қабылданғанын түсіндіреді. Отбасы мен кәмелетке толмағандардың мәселелерін терең талдау мақсатында кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында «Отбасылық сот» жобасы іске қосылды.
- «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасы - барлық жаққа да тиімді әрі қажетті. Дауларды сотқа дейін медиативтік келісімммен шешу аясын кеңейте беру керек. Орал қаласының №2 сотында «Татуластыру кабинеті» ашылды. Онда татуластырушы-судья жұмыс істейді. Кабинеттің негізгі жұмысы жанжалды реттеуге, тараптар арасындағы қарым-қатынасты реттеуге, жанжалды шешудің өзара тиімді жолын табуға бағытталған. Кабинетте жайлылық пен құпиялылық орнатылып, әңгімелесуге жағдай жасалған. Сондай-ақ Бәйтерек ауданы орталығындағы Достық Үйінде де Татуласу орталығы ашылды, - дейді Бек Әметов.
Батыс Қазақстан облысының соттары 2018 жылы тараптардың татуласуына байланысты медиаторлардың қатысуымен 335 қылмыстық, 1479 азаматтық және 1366 әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қысқартып, аяқтады. Қара қылды қақ жарған билер қазақ тарихында аз болмаған. Яғни дәстүрімізде дауларды баламалы шешу тәсілі көп.
Сондықтан өңірде билер кеңесін құру туралы бастама Батыс Қазақстан облысы соттарында қолдау тауып, 2018 жылы облыстың 108 ауылдық округінде Билер кеңесі құрылды. Осы Билер Кеңесінің араласуымен қазірдің өзінде 4 дау шешімін тапқан екен.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Батыс Қазақстан