18 Наурыз, 2019

Жайықта көктемгі балық аулау маусымы басталды

1452 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Атыраулық балықшыларға бөлінген биылғы лимит – 4500 тонна. Аймақтағы 11 балық аулау кооперативі осы жоспарды орындау үшін іске кірісіп кетті. Көктемгі балық аулау маусымы басталған төрт күн ішінде 7,8 тонна балық ауланды.

Жайықта көктемгі балық аулау маусымы басталды

Жайықтағы қиын ахуалдың нақты себебі әлі анықталған жоқ. Соған қарамастан балықшылар жылдағы кәсіптерін жалғастыруды жөн көрген. Өткен сенбіде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев шекара қызметі, полиция, балық шаруашылығының басшыларымен бірге Жайық-Каспий бассейнінің жағалау аумағын шолып шықты. «Балық аз болса да, бар. Ауға сазан, көксерке, қарагөз, табан балықтар түсті», - деді «Амангелді» өндірістік кооперативінің балықшылары.

Өткен жылдың 10 желтоқсанынан бері «Қазгидромет» РММ Жайықтағы су жағдайына мониторинг жасап отыр. Зертханалық сынамалар ластанудың жоғары деңгейін анықтамаған. Экология департаменті мен тұтынушылар құқығын қорғау департаменті де су сынамаларын алды.

ҚР Энергетика министрлігі Атырау облыстық әкімдігімен бірлесіп, тұрақты түрде аймақтың экологиялық ахуалын жақсарту жөнінде кешенді жоспар дайындауда. Жақында вице-министр Сәбит Нұрлыбайдың төрағалығымен ведомствоаралық комиссия құрылып, Атырауға арнайы келіп, жиналыс өткізді. Комиссия Жайық өзенінің түбін тексеріп, қазір балық өліп жатқан жоқ деген қортынды жасады.  

Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, экология департаменті Жайық өзеніне қалдық төгетін табиғат пайдаланушыларға жоспардан тыс тексеру жүргізген. Нәтижесінде «Атырау су арнасы» МҚК-на жүргізілген жоспардан тыс тексеру  шартты тазартылған қалдық суда хлоридтің рұқсат етілген шекті мөлшерден 4 есе көп болғанын анықтады. «Жайық-Атырау бекіре зауыты» РМҚМ, «Атырау бекіре өсіру зауыты» РМҚМ, «Атырау ЖЭО» АҚ-на жүргізілген тексерулерде су сынамаларында ластаушы заттардың мөлшерден асуы тіркелмеген. Департамент Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясымен және Жайық-Каспий бассейні инспекциясымен бірлесіп Жайық өзенінің арнасын, Атырау қаласының жоғарғы, төменгі жақ бөліктерін, нақтырақ айтсақ, теміржол көпірінен Еркінқала ықшамауданынана дейінгі аралықты санкцияланбаған қалдық көздерін анықтау мақсатында қарап шықты. М.Меңдіқұлов көпірі аумағында 5 санкцияланбаған қалдық көзі анықталды. Сынамалар қортындылары хлоридтің рұқсат етілген шекті мөлшерден 1,1 есе асқанын көрсетті. Осы дерек бойынша тиісті шаралар қабылдау үшін Экология департаменті мүдделі мемлекеттік органдарға, соның ішінде Атырау облыстық Полиция департаментіне хат жолдады.

-Өзен жағасын балық өлекселерінен тазарту жұмыстары жалғасуда. Атыраулықтар әр сенбі сайын тазалық шараларына қатысуды әдетке айналдырды. «Таза жағалау» сенбілігінің нәтижесінде 52 тонна қоқыс, 4,3 тонна өлі балық жиналды. Балықтардың салмағы өлшеніп, қылмыстық іс материалдарына тіркелді,-дейді Азаматтық орталықтың бөлім меңгерушісі Сымбат Жандарбек.

Жалпы өткен жылдың желтоқсанынан бері Жайықтан 114,1 тонна өлі балық жиналды. «Қырылған балықтардың басым бөлігі  жасанды түрде өсірілген, яғни өзендегі бекіре тұқымдас балықтардың табиғи популяциясына қатысы жоқ. Жайықтағы балық қорының табиғи популяциясына жиналып алынған жалпы салмағы 11,3 тонна қара балықтар жатады», - дейді облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы.

Басқарма басшысының айтуынша, Жайық өзенінде ғылыми зерттеу жүргізуге жергілікті бюджеттен 80 млн теңге бөлініп отыр. Жайық, Қиғаш өзендерінің проблемалық мәселелерін, ихтиофаунасын зерттеу ісі қолға алынады. Тендерге қазақстандық қана емес, шетелдік ғылыми-зерттеу топтарына да қатысуға болады.

Аймақтың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы, су сапасы барлық жауапты мемлекеттік органдардың айрықша бақылауында. Су маржандарының жаппай қырылуы «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының да назарында.

Бақытгүл БАБАШ,

«Egemen Qazaqstan»

АТЫРАУ