Қарапайым заттар экономикасын дамыту аясында Үкімет халық тұтынатын тауарларды, сондай-ақ шикізат пен бастапқы қайта өңдеу өнімдерін өндіруді қолдайды. Бұл тәсіл толық қосылған құн тізбектерін арттыруды қарастырады. Бұл туралы Үкімет үйінде өткен брифингте Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр айтты. Бұл мақсаттарға Үкімет бөлген 600 млрд теңге өнеркәсіп өндірісі мен агроөнеркәсіп кешенін дамытуға және қолдауға бағытталатын болады.
Министр Роман Скляр атап өткендей, бағдарлама нәтижесінде 2025 жылға қарай барлық 365 өнімнің өндіріс көлемі 2,4 есеге артып, нарықтағы импорттың үлесі 59%-тен 37%-ке дейін төмендейді. Олардың ішінде 247 азық-түліктік емес өнеркәсіп өнімдері бойынша өндіріс 1,5 млрд доллардан 3,1 млрд долларға дейін (немесе 2 есеге) өседі және импорт үлесі 82%-тен 59%-ке дейін төмендейді деп күтілуде. Тауарлардың тізімі келесі критерилерді ескере отырып, айқындалды. Атап айтқанда, импортқа тәуелділіктің жоғарылығы (5 млн. доллардан астам), отандық шикізаттың қолжетімділігі, қажетті құзірет пен технология бар, қайта өндірудің болмауы, тауар сапасын бағалайтын сынақ базасының болуы сияқты ерекшеліктер ескеріліп отыр.
«Үкімет халыққа қажет дайын шикізат өндірісін ғана емес, қажетті шикізат пен бастапқы өңдеу өнімдерін өндіруді қолдайды. Бұл тәсіл қосылған құн тізбектерін арттыруға арналған. Мысалы, «қант қызылшасы – қант – кондитерлік өнімдер», «жемдік дақылдар және ірі қара мал – жас ет және қатырылған ет – етпен тез дайындалатын тағамдар мен шұжық өнімдері» және тағы басқалар. Баламалы түрде азық-түлік өнімдеріне жатпайтын тауарларды да дамыту қарастырылып отыр. Мысалы, оған «мақта – мата – киім-кешек» сияқты өнімдер жатады», - деп хабарлады министр.
ИИДМ басшысының айтуынша, жеңіл және жиһаз өнеркәсібі мен құрылыс материалдарын дамытудың жол карталары әзірленіп, бекітілді. «Қарапайым заттар экономикасының» негізгі тауарлары осы салаларға жатады.
Шикізатпен қамтамасыз етуде жоғары маржиналды өнімдерді өндіру үшін қажетті шикізат базасын дамыту шаралары қарастырылған. Жеңіл өнеркәсіпте мақта, жүн өңдеу, жасанды және синтетикалық материалдарды өндіруді ынталандыру. Құрылыс материалдары бойынша еліміздің шикізат әлеуетін талдау жоғары сапалы өнімдер өндіру үшін жүргізілетін болады. Сонымен қатар, ішкі нарықты қорғау үшін кедендік әкімшілендіру мен техникалық реттеу құралдарын жетілдіру жоспарланып отыр. Осы салалардың өнiмдерiн сатуды ұлғайту үшін және қолданыстағы кәсiпорындардың жүктемесін арттыру мақсатында реттелетін сатып алуларда қазақстандық қамту үлесiн жыл сайын 20 пайыздық тармаққа ұлғайту ұсынылады. Ішкі нарықта отандық өнімдерді насихаттау және олардың халыққа қолжетімділігін арттыру мәселесінде отандық тауарлардың бөлшек желілерде ұсынылуын арттыру шаралары әзірленеді. Кәсіпорындарды жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз ету аясында мемлекеттік білім беру тапсырысын жасауда бизнестің салалық қажеттіліктері ескерілетін болады. Сондай-ақ, алдыңғы қатарлы технологияларды пайдаланып, аталған жобаларды іске асыру үшін осы салаларға инвестиция тарту шаралары жасалатын болады.