Г.Исимбаева бұл мәселенің өте өзекті екендігін айта отырып, Президенттің тапсырмасына сәйкес осы дертке қарсы күрестің 2018-2022 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы жасалып, қазір ол іске асып жатқанын атап өтті. «Бүгінгі таңда еліміздегі аурулардың арасында ең ауыр дерт – онкологиялық аурулар. 2018 жылы онкологиялық науқастардың барлық саны 180 мыңнан асты. Ауруға шалдыққандардың 60 пайызы еңбекке қабілетті адамдар», дей келіп, ол жыл сайын онкологиялық аурулардан қайтыс болатын адамдар саны 14 мыңға жетіп, қатерлі ісіктерден болатын кісі өлімінің көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 78,3 болып отырғанын мәлім етті. Бұл көрсеткіш Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында республикалық орташа көрсеткіштерге қарағанда бір жарым есе жоғары екен.
Г.Исимбаева онкологиялық науқастардың ем алғаннан кейін бес жылдан артық өмір сүру көрсеткіші небәрі 51 пайызды құрап отырғанын да жеткізді. «Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдерде бұл көрсеткіш 65 пайыздан 80 пайызға дейін жетіп отыр. Осы индикатор онкологиялық көмек көрсету тиімділігінің негізгі көрсеткіші болып табылады», деді ол. Бізде бұрын онкологиялық аурулармен күреске қарсы 2-3 бағдарлама қабылданып, оларға 80 млрд теңгеден астам қаражат бөлінсе де нәтиже көңілдегідей болмай отыр. Оның себептері қатарына қатерлі ісіктерді ерте анықтайтын диагностикалық шаралар сапасының төмендігі, халықты скринингпен қамту 60 пайыз ғана екендігі, дәрі-дәрмектің қымбаттығы және білікті мамандардың жетіспеушілігі және т.б. айтылды. Бүгінгі таңда онкология саласында 126 дәрігер тапшы екен. Барлық дәрігердің 36 пайызы өз жұмысымен қатар, басқа мекемелерде қосалқы қызмет атқаратындығы белгілі болған. «Бұл жұмыс сапасының төмендеуіне әсер ететіні сөзсіз», деді Г.Исимбаева.
Қаралып отырған мәселе бойынша баяндама жасаған Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қатерлі ісік диагнозымен диспансерлік байқауға 181 мыңнан астам пациенттің тіркелгенін айтты. Сырқаттар арасында сүт безінің обыры, өкпе, асқазан, жатыр мойны және тоқ ішек обырлары көбірек. Өлімнің негізгі себептері өкпе, асқазан және сүт безінің обыры екен. Осыларға қарсы күрес туралы айтқанда Е.Біртанов алдымен 2011-2015 жылдар аралығында денсаулық сақтауды дамытудың «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы мен «Қазақстан Республикасында онкологиялық көмекті дамытудың 2012-2016 жылдарға арналған бағдарламасы» іске асырылғанын айтты.
«Аталған бағдарламалардың нәтижесінде өлімді 100 мың адамға шаққанда 102,4-тен 95,8-ге дейін төмендетуге, ерте сатыда анықтауды 50,1 пайыздан 53,5 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік жасалды. 2018 жылдың қорытындысы бойынша «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде өлім көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 92,8-ден 80,96-ға төмендеді», деді ол. Халықаралық сарапшылардың ұсынысымен ерте диагностикалау барынша сезімтал индикаторға өзгертілген. Ем алғаннан кейін бес және одан да көп жыл өмір сүретін пациенттердің үлесі 50,2-ден 51 пайызға артыпты.
Министр «онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспар» төрт бағыттан тұратынын атады. Олар қауіп факторларының профилактикасы және басқару, тиімділігі жоғары ерте диагностика, онкологиялық көмек көрсетудің интеграцияланған моделін енгізу, кадр әлеуеті мен ғылымды дамыту. Кешенді жоспармен жыл сайын тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде қызметтерді, скринингтер, молекулалық-генетикалық тестілеу, сәулелік терапия қызметтерін кеңейтуге 8 млрд теңгеден аса қосымша қаржы көзделген. Сондай-ақ 3,2 млрд теңге сомасында медициналық техникамен жабдықтау жоспарланған. Онкологиялық дерттерді ерте анықтау мақсатымен Қазақстанда қосымша 6 позиторлық-эмиссиялық томография орталығы ашылмақ. 2019 жылдан бастап молекулярлық-генетикалық зерттеулер жасауға қосымша 309 млн теңге бөлінген. Ерте диагностика жасауға жалпы көлемі 1,6 млрд теңге қарастырылыпты.
Үкімет сағатында сөз алған Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлнәр Ықсанова мәселені шешуді кешенді түрде қарастырудың қажеттігін атап өтті. Дәрігер-онкологтардың жұмыс істеуге ықыласы жоқ, өйткені олар еңбекақыны қатардағы учаскелік терапевтпен бірдей ғана алады. Бұл дерттің қауіптілігін ескеріп, онымен айналысатын барлық медициналық қызметкерлердің тарифтік кестелерін қайта қарау керек. Онкологтар емханаларға қызмет етуге де баруға құлықсыз, өйткені оларға қосымша ақы арнаулы клиникаларда ғана төленеді.
«Алдымен осы мәселені шешу керек», деді Г.Ықсанова. Сонымен қатар ол кадрлар дайындау мәселесіне де тоқталып, медициналық ЖОО-ларда онколог терапевттер мен жалпы хирургтар ғана дайындалатынын, ал хирург-онколог болу үшін тек үш-ақ ай дайындықтан өту керектігін айтты. Депутат бұл мерзімнің білікті хирург болуға аз екендігін тілге тиек етті. «Сондықтан онкохирургтарды арнайы дайындайтын топтар ашу керек деп есептейміз», деді ол. Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мәселені түбегейлі зерттегені баяндамашының сөзінен анық көрініп тұрды.
Бүкіл елімізде сәулелік терапия бойынша тек 5 қана осы заманғы жоғары технологиялы аппараттар бар екен. Қалғандарының бәрі моральдық тұрғыдан немесе тозғандықтан ескірген. Осының кесірінен жылына 10 мыңдай сырқат сәулелік терапияға қол жеткізе алмайды. Еліміздің 8 аймағында диагностикалық жабдықтар толықтай ескірген, ал 4-еуінде және Астана қаласында маммографтардың ескіруі 70 пайызды құрайды. Осы фактілерді айта отырып, шешен жабдықтар паркін толықтай жаңарту қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар ол диагностикалық жабдықтарды жөндеу мен жұмыстарын бақылау бойынша орталықтандырылған қызмет көрсету орталығын құру қажеттігін ұсынды.
Баяндамалар аяқталған соң депутаттар министрге көптеген сұрақ қойып, өздерін толғандырып жүрген мәселелерге жауап алды және білікті ұсыныстар жасады. Соның ішінде депутат Айзада Құрманова ұзақ жылдан бері Семей қаласында онкологиялық дерттерге қарсы күрес жүргізуге тиісті Ядролық медицина орталығының неге әлі күнге ашылмай жатқан себебін сұрады. Қазір бұл нысан консервацияға жабылып, қымбат жабдықтар қораптары да ашылмаған күйінде ескіріп немесе тозып бара жатқан көрінеді. Ал құрылыс жүргізу мен жабдықтар алуға 6 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.
Бұл сұраққа Үкімет сағатына қатысып отырған Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ә.Нүсіпова жауап беріп, бұрынғы орындаушымен әлі де сот процесі толық аяқталмағанын, ал балама құрылыстың жобалық-сметалық құжаттарын (ЖСҚ) жасауға 80 млн теңге бөлінгенін жеткізді. Алайда, мәселенің қосалқы тұстарына терең бойлап, көбірек сөйлеген оның жауабы депутаттарды қанағаттандырмады. Сондықтан Г.Исимбаева оған құрылыс қайтадан қашан жүргізілетінін және оған қаражатты кім төлейтінін нақты айтыңыз деп қосымша сұрақ берді. Оған Ә.Нүсіпова ЖСҚ аяқталып, ол мемлекеттік сараптан өткен соң ғана жұмыс басталады, қанша қаражат керектігі де сол кезде белгілі болады деп жауап берді және бұл қаражаттың министрлік тарапынан бөлінетінінен үмітті екендіктерін білдірді.
Басқа да депутаттар осындай өзекті мәселелер көтеріп, қатерлі ісіктің халқымызға тигізіп отырған қасіретіне алаңдаушылық білдірді. Соның ішінде Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығын білікті кадрлармен толықтыру, ауруға ем болатын дәрі-дәрмек бағаларын арзандату тетіктерін жасау, қатерлі ісіктің алдын алу бойынша ақпараттық жұмыстар жүргізу және т.б. мәселелер қамтылды.
Жақсыбай САМРАТ,
«Egemen Qazaqstan»