Үш айдың ішінде онымен бірнеше рет ауыр жағдайдағы науқастар алыс аудандардан облыстық ауруханаға жеткізілді. Мысалы, таяуда ғана Денисов аудандық ауруханасында жатқан науқасты тікұшақпен көзді ашып-жұмғанша облыстық ауруханаға әкеліп, емін жалғастырды. Осыған дейін бүйрек жетімсіздігі салдарынан өліммен арпалысқан науқастың көзінде жарық дүниеге деген үміт оты жылтырады. Дәрігер-реаниматолог Ирина Шапко 30 жылдан астам уақыттан бері бұл саланың қызметін бес саусақтай біледі.
– Тікұшақ – санавиация қызметі үшін өте қолайлы көлік. Мен отыз жылдан бері ұшақпен де, тікұшақпен де ұшып жүрмін. Біз науқасқа тезірек жетуіміз керек, ерте жеткен сайын оның өмірін сақтап қалуға да үміт көп. Мұндайда тікұшақ тез ұшады әрі ұшақ секілді қону алаңын іздеп жатпайды, аурухананың ауласына қона салады. Ал жаңадан пайдалана бастаған «ЕС-145» тікұшағының іші медицинаның, санавиацияның талаптарына сәйкес жабдықталған. Өте қолайлы, ішінде науқас жататын орын, 2 сағатқа жететін оттегі баллоны, жасанды демалдыру құралы бар. Сонымен қатар ұшаққа қарағанда, бұл тікұшақтың іші жылы. Мен аудандарға үш рет ұшып шықтым, барлығында ауа райының құбылмалығына, желдің күштілігіне қарамастан науқасты сәтті алып келдік, – дейді Ирина Шапко.
Жылдың қай мезгілінде де науқастарды шалғай аудандар мен қалалардан облыс орталығына жеткізу қиын мәселе. Екі араның шалғайлығы мен жолдың нашарлығы қандай қолайлы машина болғанымен, ауыр халдегі адамды алып жүруге мүмкіндік бермейді. Мұндайда бар үміт санитарлық авиацияға артылады. Өткен жылы облыста шалғай аудандардағы науқастарға бару үшін 52 рет әуе кемелері пайдаланылыпты, бірақ соның 18-інде ғана тікұшақ ұшқан.
«ЕС-145» тікұшақтың көп мақсатты моделі болғандықтан, елімізде оны үш бағытта пайдаланады. Табиғат апаттарынан, басқа да оқиғалардан төтенше жағдайлар қалыптасқан кезде адамдарды құтқару үшін тікұшақтың ептілігі сыннан өткен. Денсаулық сақтау саласында алыс елді мекендерден науқастарды орталық ауруханаларға жеткізу үшін санавиация пайдаланып отыр. Үшіншіден, жергілікті әкімдіктер арнайы сұраныс беріп, мамандар егіннің көгін қарағанда, көктемгі су тасқыны кезінде қардың қалыңдығын бақылағанда, тағы басқа қажеттілік кезінде тікұшаққа мінеді.
– Денсаулық сақтау саласы үшін тікұшақтың ыңғайлылығы бірден білінеді. Ұшақ арнайы қону алаңы болмаса аудандарға бара алмайды. Ал тікұшақ аурухана ауласына да қона береді. Енді алдағы уақытта барлық аудандар мен қалаларды аралап, ауруханалардың дәл алдынан тікұшақ қонатын алаңдар салуды талап ететін боламыз. Оған ұзындығы 25 метр, ені 15 метр алаңқай болса жетіп жатыр, тек айналасындағы ағаштарды қырқып, кедергі болмайтындай етсе жарайды, – дейді «Қазәуеқұтқару» компаниясының өкілі Азамат Молдағалиев.
Облыста санавиацияның тікұшақты пайдалануына кесе көлдене тұратын проблемалық мәселе де жоқ емес. «ЕС-145» әлемдегі ең қауіпсіз тікұшақ саналғанымен, оның жанар-жағар май багының көлемі аз. Қостанайдан сонау Торғайға барып келгенше оған тағы да май құюға тура келеді. Ал облыс өңірінде Қостанай мен Арқалықтан басқа жерде тікұшаққа май құятын нүктелер жоқ. Торғайдағы баяғы әуежайдың орны да қалған жоқ.
– Алдағы уақытта облыс өңірінде бірнеше май құю нүктелерін жасауды қолға алмай болмайды. Ол үшін жанар-жағар май цистернамен апарып қойыла ма, қай аудандарда болуы тиіс деген мәселелер шешімін табады деп ойлаймын, – дейді Азамат Рамазанұлы.
Ең басты құндылық – адам өмірі. Сондықтан ажалмен арпалысатын санавиация жұмысының сәтті, нәтижелі болуына қызмет ететін тікұшақтың кедергісіз ұшуы алдағы уақытта жолға қойылатын болады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Egemen Qazaqstan»
ҚОСТАНАЙ