Жиында аймақтық және қазақстандық интеграторлар деректерді автоматты түрде өңдеуге арналған заманауи технологияларды және жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолданатын озық цифрлы инновациялық шешімдерді таныстырды. Қазақстанның өнеркәсіп саласындағы көшбасшылары саналатын Arcelor Mittal, Қазцинк холдинг, Chemtech сынды компаниялардың басшылары өнеркәсіпті цифрландыруға бағытталған әлемдік трендтерді ортаға салып, өндірістік үдерістерді ұйымдастыруға арналған жаңа технологияларды енгізу төңірегінде ой алмасты.
− Соңғы жылдары цифрлы трансформация дәуірі қарқынды дамып келеді. Көптеген ұйымдар бүгінде дәстүрлі бизнес үлгілерінің өзгеруін бастан өткеріп, цифрлы технологиялар көмегімен бәсекеге қабілетті болуға талпынуда. Қазақстан 2050 жылға дейін ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуды жоспарлап, «Цифрлы Қазақстан» стратегиясына басымдық беріп отырғанын ескеретін болсақ, елдегі өндіріс саласының трансформациядан өтіп жатқандығы ерекше маңызға ие, – деді Майкрософттың Қазақстанның серіктестер арнасын дамыту жөніндегі менеджері Наталья Матасова. Оның айтуынша, өнеркәсіптік мекемелерге IT мамандар ұсынатын бағдарламалар мен цифрлы негіздегі жобалар бағасы жағынан да қолжетімді.
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ қаржы директорының орынбасары Нестор Комарицкийдің айтуынша, бүгінгі жаңа технологиялар ірі өнеркәсіп ошақтарындағы қауіпсіздікті қадағалап отыруға мүмкіндік береді.
− Біздің мекеме қызметкерлердің қауіпсіздігін бірінші орынға қояды. Бүгінде жаңа технологиялар арқылы адамдардың қауіпсіздігін сақтауға арналған түрлі қанатқақты жобалар бар. Біз де бұл үдерістен қалыс қалмаймыз. Бір ғана мысал, бейнебақылаудың көмегімен зауытқа кірген әр адамның қауіпсіздік ережелерін қаншалықты сақтағанын анықтауға болады. Бүгінде компанияда 4 мыңға жуық орын автоматтандырылған. Ал жалпы алғанда өндіріс ошағының толықтай, яғни 100 пайыз цифрлануы үшін әлі 20-25 жыл керек. Ең бастысы, тұрмысымызға жаңадан енген технологиялық төңкерістің кәсіпкерлік салаға берер оң ықпалы барын ұғынған абзал, – деді ол.
Жиында Қазақстан экономикасының жетекші индустриялық секторында робот техникасын қолдану мысалында жасанды интеллект мүмкіндіктері де таныстырылды.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»