Негізінен, аймақтағы шағын және орта бизнес саласы халықты жұмыспен қамтып отыр деуге болады. Мысалы, Алматы облысында осы салада 245 000 адам еңбек етеді екен. Ал осы секторда өндірілген өнім жалпы өңірлік өнімнің үштен бір бөлігін құрайды. Былтыр жеке бизнес төлеген салық мөлшері 108 млрд теңге болыпты. Демек, шағын өндірісте шаруа анық жолға қойылған. Әсіресе, аудан орталықтарындағы кішігірім өндірістің аймақ үшін маңызы зор. Дайын өнімнің бағасы арзан әрі жұмыс күшіне сұраныс туады.
Осындай бір-екі шағын зауытты тілге тиек етіп көрсек. Мысалға, Көксу ауданының Лабасы ауылдық округындағы май шығаратын зауыттың іргесі 1967 жылы қаланған екен. Ауылдағы дайын өнім шығаратын осы шағын өндіріс соңғы 20 жыл бойы қаңтарылып тұрған-ды. Жеке инвестор мен мемлекеттің тізе қосуынан кейін қайта жаңғыртылып, іске қосылды. Кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы 100 миллион теңге көлемінде берілген қаржыға Ресейден заманауи қондырғылар сатып алынды. Алғашқы өнімін де шығарып үлгерді. Кәсіпорында жасалған түрік айраны, құрғақ сүт және ысталған шұжық нарыққа жөнелтіліп жатыр.
– Зауыт толық қалпына келгеннен кейін сүт өнімдерінің барлық түрін шығарамыз. Шикізатты жақын маңдағы ауылдар мен көрші аудандардан сатып алмақшымыз. Өндіріс тәулігіне 40 тонна сүт тұтынатын болады. 20 адамға жұмыс береміз, – дейді сүт зауытының басшысы Бақыт Арқабаев.
Ал Алакөл ауданында балық өнімдерін шығаратын зауыттың жұмысы көңіл қуантады. Күніне 800 кило балық өңдейтін «Golden fish» зауыты жаңа технологиямен жұмыс істейді екен. Қазір мұнда көксеркенің сүбесі нарыққа шығарылады. Басқа да үш түрлі балық өнімін шығарып, тұтынушылар сұранысына ие болған. Жақын күндері зауыттың жаңа цехы іске қосылып, алабұға мен мөңке балықты өңдеп, сазанның жон еті мен уылдырық дайындауға кіріспек.
«Golden fish» ЖШС 40 адамды жұмысқа қабылдаған. Көктемге қарай зауыттың өнім дайындау қуатын күніне 2 тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Қажетті балық Алакөлден бөлек, Зайсан, Балқаш көлдерінен де тасымалдануда.
Жалпы өткен жылы Алакөл ауданында өндірілген ауыл шаруашылығы өнімі табысты болып, шаруалар 35,6 млрд теңге таза пайда тапты. Аудандағы салық түсімі 103 пайызға орындалып, 5 млрд 771 млн теңгені құрады.
– 2018 жыл біз үшін табысты болды. Аудан диқандары 83,3 мың гектар жерді игеріп, 205 мың тоннадан астам астық жинады. Мал шаруашылығы да қарқынды дамып, асыл тұқымды мал басы артып келеді. Төрт түлікті көбейтіп, ет пен сүт өндірген шаруаларға 663,5 млн теңге субсидия берілді, – дейді Алакөл ауданының әкімі Әлібек Жақанбаев.
Өңірдегі шағын зауыттарды тиімді өндіріс көзіне айналдырудың маңызы зор. Жоғарыдағы екі мысал соның дәлелі. Жалпы, Алматы облысында шағын және орта бизнестің үлесін биыл 28,5 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Былтыр бұл салада 100 жаңа нысан ашылды. Нәтижесінде 31 мың адамға жұмыс табылды. Бұл «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының да өңірде табысты жүзеге асып жатқанының бір көрінісі.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
Алматы облысы