Сессия жұмысына Еуропа Кеңесінің, Еуропа Одағының, ЕҚЫҰ-ның, Венециялық комиссияның басшылығы, шетел парламенттерінің, соттар мен конституциялық әділет органдарының басшылары мен мүшелері қатысып жатыр. Сессияның негізгі бөлігі жекелеген мемлекеттердің заңнамалық актілері бойынша Комиссияның қорытындыларын қабылдау мәселелеріне арналған.
Сессия шеңберінде Қазақстан Конституциялық Кеңесінің Төрағасы халықаралық заң қоғамдастығын 2017 жылғы конституциялық реформаның негізгі бағыттарын іске асыру үшін қабылданған заңнамалық және өзге де шаралар туралы хабардар етті. Венециялық комиссия мен бірқатар мемлекеттердің конституциялық соттарының басшыларымен екіжақты жұмыс кездесулері өтті.
Қайрат Мәми Венеция комиссиясының президенті Джанни Букиккиомен Қазақстан мен Комиссияның құқық үстемдігі қағидалары саласындағы ынтымақтастығын талқылады. Сонымен бірге 2020 жылы Алжирде өтетін Конституциялық сот төрелігі жөніндегі дүниежүзілік конференцияның 5-ші Конгресін өткізуге дайындық туралы сөз болды. Жаңа демократия елдері конституциялық бақылау органдары Конференциясының Төрағасы ретінде Қайрат Мәми еуропалық әріптестерді белгіленген Конгреске қатысуға байланысты Қауымдастықтың қабылдаған шаралары туралы хабардар етті.
Комиссия басшылығы жүргізіліп жатқан жұмысқа қанағаттанушылығын білдіріп, Қазақстанмен одан әрі ынтымақтастыққа дайын екенін айтты.
«Егемен-ақпарат»