19 Наурыз, 2019

Шымкент қаласында Наурыз-керуен жүріп өтті

860 реткөрсетілді

Наурыз мерекесі қарсаңында Шымкентте Наурыз-керуен жүріп өтті. Керуен тізбегінде түйелер, ат арба, күймелер мен автокөліктер болды. Зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар, әжелер, этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері, театр әртістері мен жастар, барлығы 100-ден аса адам құрамына енген керуеншілер әуелі Наурыз алаңына жиналды.

Жиналған көпшілік жыл басының басты дәмі – Наурыз көжеден дәм татты. Күбіден түскен май мен табада піскен ыстық нан, бауырсақтан ауыз тиді. Ақсақалдардың ақ батасын алған көш-керуенді Шымкент қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамуддин Рысбай мен ардагер журналист Байдулла Қонысбек бастап шықты. Мерекелік іс-шарада қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов, қоғам қайраткері Байдулла Қонысбек жұртшылықты Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтап, ізгі ниеттерін білдірді.

– Наурыздың тарихы 5 мың жылдан жалғасып келеді. Бұл мереке Орта Азия мемлекеттерінде кең көлемде тойланады. ЮНЕСКО көлемінде 2009 жылдан бері бүкіл дүниежүзілік мереке болып аталып келеді. Бүгін де Салт-дәстүр орталығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйытқы болуымен осынау игі іс-шара өтуде. Еліміздің ырысы мол болсын! Қазақстанды мекендейтін 100-ден аса этнос өкілдерінің татулығы берік болсын! – деді М.Қалмұратов.

Бірінші қатарда қос түйе, одан кейін күймелер, аттылардың соңынан жастар қаз-қатар тізбектеліп, «Ақ бүрку» рәсімін өткізу үшін дендросаябаққа тоқтады. Қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлауды көздеген керуеншілер жол-жөнекей халық әндері мен күйлерінен шашу шашып, бауырсақ таратты.

Айрықша сән-салтанаты жарасқан көш-керуен  соңында Қазақстан халқы Ассамблеясы  ғимаратының алдына табан тіреді. Арнайы дастархан жайып, қала тұрғындарына Наурыз көже таратылды. Сондай-ақ түркі халықтарының Наурызды тойлаудағы ерекшеліктерін айшықтайтын көрме мен концерттік бағдарлама жұртшылықтың назарына ұсынылды.

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Қостанайда киік мүсіні орнатылды

Аймақтар • 17 Тамыз, 2019

Ұқсас жаңалықтар