V мерейтойлық байқауға Қазақстанның әр аймағынан 150-ден астам қатысушы келеді. Осы жылы байқау кәсіби ұжымдар, жоғары оқу орындарының хореография факультеттері мен кафедраларының ансамбльдері арасында өтеді.
Байқау бағдарламасы аймақтық ансамбльдердің репертуарымен, хореографтардың жаңа ізденістерімен танысуға, жарқын орындаушыларды анықтауға, қатысушыларға қазақ биі саласындағы шығармашылық жетістіктерімен, кәсіби тәжірибемен және біліммен өзара алмасуға мүмкіндік береді.
Үш күнге созылатын байқауда қатысушылар үшін қазақ биінің жетекші педагогтарының шеберлік сыныптары, «Қазақ биі» деректі фильмі, Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі, профессор Тойған Ізімнің жеке коллекциясынан сахналық костюмдер көрмесі және Қазақ ұлттық хореография академиясының Қазақ биі зертханасының тұсаукесері өтеді.
Жеңімпаздар 29 наурыз күні «Астана Балет» театрында өтетін гала-концертте жарияланады.