Аймақтар • 19 Наурыз, 2019

Ерік Асқаров атындағы жас ақындар мектебі ашылды

665 реткөрсетілді

Оқушылар сарайында Ерік Асқаров атындағы жас ақындар мектебі мен аудитория ашылды.

Халқымыздың ұлттық өнерінде өшпес із қалдырып, шолпан жұлдыздай жарқырап өткен жерлес ақын, аудармашы Ерік Асқаровтың туғанына 60 жыл толу мерейтойы құрметіне орай ұйымдастырылған игі шараға марқұмның аяулы жары Нәсіпжан Медіқызы, көзін көрген замандас айтыскер ақындар, зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Бізді өнер, оның ішінде айтыс табыстырды. Ерік жан-жақты дарын иесі болатын. Драматургияға да қалам тербеді. Аудармаман де айналысты. Десек те поэзия әлеміндегі қолтаңбасы айрықша-тұғын» деді жан жары.

Осыдан екі жыл бұрын жас әрі талапты балаларға есігін айқара ашқан облыстық ақындар мектебінің тәрбиеленушілері көптеген мүшәйра мен айтыстарға қатысып, жақсы қырынан танылып жүр. Енді мектеп айтыстың ақтаңгері Еріктің есімін иеленіп, жаңа форматпен түрленеді.

«Көркемсөз» бағыты бойынша тәлімгер, С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының көркемдік жетекшісі Батырбек Шамбетовтың айтуынша, мұнда мектеп оқушылары, студенттер ақындық өнердің қыр-сырын меңгереді. Сонымен қатар жазба ақындар, мүшәйра ақындары, көркем сөз оқу үйірмелері жұмыс істейтін болады.

«Ерік орны толмас ақындардың бірі. 40-тан енді асып, нағыз бабына  келген шағында мезгілсіз опат болды. Мен қазақ теледидарына әдеби драмалық хабарлардың бас редакторы болып келгенімде қарамағымда режиссер болып  5-6 жыл жұмыс істеді. Кейін талантты жазба және айтыскер ақын ретінде өзін мойындатты. «Ер жігітке жеті өнер де аз» демекші, ол сан қырлы тұлға болатын» деді жұртшылық алдында тебірене сөйлеген Айтыскерлер және жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман.

Ақындар мектебі мен аудиторияның салтанатты ашылуы «Қайың де мені көшпейтін елімнен» атты республикалық ғылыми конференцияға жалғасты. Онда Ерік Асқаровтың өмірі мен шығармашылығына арналған баяндамалар оқылып, облыс орталығындағы көшелердің біріне ақынның есімін беру туралы ұсыныс бірауыздан қолдау тапты.

Өмір ЕСҚАЛИ

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар