Жалпы, республика бойынша 2019 жылдың 13 наурызына 33 121 салық төлеуші бюджетке 2018 жылдың 1 қазанында болған жалпы сомасы 7,3 миллиард теңгені құрайтын негізгі қарызын төлеген. Бұл салық төлеушілер бойынша 1,6 миллиард теңге өсімпұл және 208,0 миллион теңге айыппұл есептен шығарылады.
Ал қазірге дейін 8 283 салық төлеуші бойынша 587 миллион теңге сомасында өсімпұл, үш салық төлеуші бойынша 219 мың теңге сомасында айыппұл есептен шығарылып үлгерді.
Жүргізіліп жатқан салықтық амнистия аясында 714,5 миллион теңге негізгі қарызын төлеген Атырау облысының кәсіпорнына 89 миллион теңге өсімпұлы кешірілді. Осы облыста 480 теңге салық берешегін төлеген жеке кәсіпкердің 10 мың теңге өсімпұлы есептен шығарылды.
2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және орта бизнес субъектілері үшін салықтық рақымшылықты жүргізуді қарастыратын Заң күшіне енгені белгілі. Ал 2019 жылдың 8 ақпанынан бастап Бересіні төлеген жағдайда өсімпұл мен айыппұл сомасын есептен шығару қағидалары қолданысқа енген болатын.
Алдын-ала деректер бойынша 2018 жылғы 1 қазандағы жағдайға сәйкес 340,6 млрд теңге салық берешегі бар 90 077 шағын және орта бизнес субъектілері (31 210 заңды тұлғалар және 58 867 дара кәсіпкерлер) рахымшылыққа жатады.
Бұл ретте, шағын және орта бизнес субъектілерінің мемлекеттік кірістер органдарына барудың қажеті жоқ: өсімпұлдар мен айыппұлдар салық төлеушінің өтінішінсіз есептен шығарылады. Оңалту рәсіміндегі және салықтар бойынша төлеу мерзімін ұзартқан салық төлеушілерге қатысты рахымшылық қолданудың тәртібі басқаша.