Қазақстан • 19 Наурыз, 2019

Б. Сапарбаев жұмыскерлердің лайықты жалақы алу құқықтарын қорғауды ұсынды

992 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапарбаев еңбек қатынастарын реттеудегі негізгі мәселелерді шешуге арналған міндеттерді атады. Бұл ретте ол ең алдымен жұмыскерлердің еңбек уақыты және лайықты жалақы алу құқықтарын қорғау керек екенін айтты.

Б. Сапарбаев жұмыскерлердің лайықты жалақы алу құқықтарын қорғауды ұсынды

«Мемлекеттік еңбек инспекторларының тексерулері жұмыс берушілердің көбісі еңбек заңнамасының талаптарын сақтамайтынын көрсетті. Өткен жылы еңбек инспекторлары 12 мың бұзушылықты айқындады» деді Б.Сапарбаев.

Оның айтуынша, жұмыскерлердің алдында жалақы бойынша берешекті өтеу мәселесі ерекше бақылауда. 2018 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары жалақы бойынша 1,2 мың кәсіпорында 3,7 млрд теңгеден астам сомаға жалақы бойынша берешекті айқындаған. Ден қою бойынша қабылданған шаралар нәтижесінде 32 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалып, оларға 3,2 млрд теңге төленген.

«Бүгінгі күні жергілікті атқарушы органдардың мәліметтері бойынша берешек 1,7 млрд теңгені құрайды, оның 75% оңалтудағы банкрот кәсіпорындарға (1,3 млрд теңге) тиесілі. Жұмыс істейтін кәсіпорындар бойынша 1,4 мың жұмыскердің алдындағы берешек 410 млн теңгені құрайды. Ең көп берешек Ақтөбе (83,2 млн теңге), Жамбыл (72,3 млн теңге) Қарағанды (51,8 млн теңге) облыстарында» деді министр.

Сондай-ақ ол әкімдіктер жұмыс берушілерді берешекті өтеу графигін белгілей отырып, жұмыскерлердің жалақы қорын мақсатсыз пайдалану фактілері бойынша бақылауды қатаңдату қажет екенін атап өтті.

«Жалақы бойынша берешекті өтеудің нәтижелілігін арттыру мақсатында Министрлік мемлекеттік еңбек инспекторларының ұйғарымын сот орындаушыларының атқару құжаттарының тізбесіне қосу мәселесін шешуде. Бұл оларды сот шешімдерімен теңестіруге және олардың мәжбүрлеп орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта заң жобасы Парламент Мәжілісінің қаралуында» деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Министрліктің ақпаратына сүйенсек, бейресми еңбек қатынастарының сақталуына назар аударуға тура келеді. Соңғы 2 жыл ішінде еңбек инспекторлары еңбек шарттарын жасаспай жұмыскерлердің еңбегін пайдаланған мыңнан астам жұмыс берушілерді айқындады.

Аталған проблеманы ескере отырып, Министрлік 2018-2019 жылдары «Еңбек шартын жаса» атты жалпы республикалық акцияны жүргізуге бастамашылық жасады. Өткен жылы акция шеңберінде 40 мыңнан астам еңбек шарты жасалды.

«Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауын орындау шеңберінде Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жалақысы төмен жұмыскерлердің жалақысын арттыру бойынша жұмыс жүргізуде. Әкімдіктердің ақпараты бойынша 2019 жылы 14 наурызда 184,6 мыңнан астам жұмыс берушілер 958 мың жалақысы төмен жұмыскерлердің жалақысын арттырды, оның 1690 кәсіпорны ірі кәсіпкерлік, 2,5 мың - орташа, 180 мың шағын кәсіпкерлік субъектілері» деді ол.

Сондай-ақ көрсетілген кәсіпорындар бойынша жалақысы төмен жұмыскерлердің орташа жалақы мөлшері 33% арттырылды ( 43 мыңнан 57,5 мың теңге дейін). Шымкент қаласында кәсіпорындардың қамтылуы төмен, онда 33 ірі кәсіпорын ғана жалақысы төмен жұмыскерлердің жалақысын арттырды (жалақысы төмен жұмыскерлері бар 97 кәсіпорын), Маңғыстау облысында – 22 (91).