Дүбірге толы дүние
Жұма, 31 тамыз 2012 7:11
Әділеттің күмәнді салтанаты
Өткен аптада Норвегия соты лаңкестік және адам өлтіргені үшін деген айыппен Андерс Брейвикке 21 жыл түрмеде отыру үкімін шығарды. Бұл үкімді біреулер әділеттіктің салтанаты десе, біреулер қанішердің қылмысына сай емес жаза дейді. Әртүрлі пікір әлі жалғасып жатыр
Жұма, 31 тамыз 2012 7:11
Әділеттің күмәнді салтанаты
Өткен аптада Норвегия соты лаңкестік және адам өлтіргені үшін деген айыппен Андерс Брейвикке 21 жыл түрмеде отыру үкімін шығарды. Бұл үкімді біреулер әділеттіктің салтанаты десе, біреулер қанішердің қылмысына сай емес жаза дейді. Әртүрлі пікір әлі жалғасып жатыр
Еркісіз өзің де пікіріңді білдіргің келеді. Бұл сот процесі әлемдік телеарналардан көп көрсетілді. Сол сотқа дейін де қанішер Андерс Брейвик талай телехабарлардың кейіпкері болған. Қазір ол көп адамға таныс тұлғаға айналды. Мойнында 77 адамның қаны бар, өзінің айуандық ісіне бір сәт өкінбей, күлімсіреп тұрған, тіпті түюлі жұдырығын көтеріп «гитлерше» сәлем беру кейпі жаныңды түршіктіреді.
Жаза әділ болсын дейді жұрт. Әділ жазаның мұраты – алда басқалар қылмысқа бармасын, жұрт қылмыс жасағанды ауыр жаза күтіп тұрғанын сезінетін болсын дегенге саяды. Сол жазадан қорыққандар қылмысқа бармаса керек. Брейвикке қолданған жазадан кейін оның қылмысын қайталайтын адамдар сирей қоймайтын шығар-ау.
21 жылға түрмеге жабу Норвегиядағы ең ауыр жаза екен. Өлім жазасы туралы әңгіме жоқ. Тіпті өмірбақи түрмеге жабу да бұл елде көрсетілмеген. Тек әлгі 21 жылды өтеген соң қылмыскердің жазасын одан әрі созу мүмкіндігі ғана бар.
Енді нақты Брейвикке келсек, оның қылмысы, сірә, тарихтағы ең бір сорақы, ең бір жантүршігерлік қылмыстың бірі. Ол ел астанасы – Осло қаласының үкіметтік орамында автокөлікті жарумен қатар, Утейя аралындағы жасөспірімдер лагерінде қарусыз балаларға оқ атып, 77 адамның өмірін қиып, 96 адамды жаралаған. Ол өз әрекетін Еуропаның исламдануына, соңғы жылдары өріс алған мультикультурализмге қарсылық деп есептейді. Бұл жерде жазықсыз балалардың оған қандай қатысы бар дейсің.
Ең сорақысы, біреулердің оған ара түскісі, белгілі дәрежеде ақтағысы келетіні. Әрине, адвокаттардың өз қызметі бар, ол туралы сөз жоқ. Адам құқы деген желеумен кейбіреулер оның ақыл-есі дұрыстығын айқындау керек, ауру болса, күштеп емдеу керек деп, оны жазадан құтқаруға тырысады. Ал қанішердің өзі ешқандай да ауру емеспін, барлық ісімді саналы түрде біліп істедім, деп тапжылмай отыр. Өзін саясаткер санайтын біреулер Брейвиктің Еуропаның исламдануына, мультикультурализмге қарсы күресі орынды екенін айтып, оны ақтау ісіне өзінше үлес қосады.
Енді оның жазасын қалай өтейтіндігі туралы мағлұматтарды оқығанда да оның құрбандығына ұшырағандардың әруағын қорлағандай жағдайға кезігесің. Оған арнап Ила түрмесінен 3,5 миллион еуроға бір блок салған көрінеді. Үш бөлмелі жайдың бір бөлмесі – кабинет, бір бөлмесі – жаттығу залы. Бір сөзбен айтқанда, керекті нәрсенің бәрі бар. Бұл жаза ма, жарылқау ма? Ондай «жазаны» өтеуге құмарлар көп табылар еді-ау. Қылмыскер де адам, оның да құқы бар дегенге қосыласың ғой. Ал қылмысқа лайықты жаза қолданбаса, әділет қайда қалады?
Саяси дүрбелеңнің алдында тұр
Қырғыз парламентінде қызық болып жатыр. Өткен сайлаудан кейін әупіріммен құрылған коалиция күйреді. Одан «Атамекен» және «Ар-намыс» партиялары кетті. Соған орай, үкімет те орнынан түсуге мәжбүр болды.
Коалиция – одақ. Одақтастар кетіскенмен, жауға айналмауға тиіс қой. Кешегі досыңмен бүгін жау болсаң, не абырой қалады? Адамдар арасындағы қарапайым қарым-қатынаста ол сатқындық делінеді. Кешегі достығың жалған болса, онда кім болғаның, ертең саған кім сенеді? Кім сенімен одақтасады?
Бұл елдегі саяси партиялар басшыларына осындай көп сұрақтар қоюға болар еді. Әңгіме тек партиялардың коалициядан шығу ғана емес, олардың басшыларының бір-біріне бет көріспейтіндей қатқыл сөз айтып, ақылға сыйыңқырамайтындай әрекетке барып отыр. Халыққа саяси көшбасшы болады деген партиялар мен олардың басшыларының сиқы осындай болса, оларға сенген халықты аяйсың.
Парламенттегі қарым-қатынас, әдетте, оның мінбері арқылы жүреді: онда әркім өзінің ой-пікірін жариялайды, ол бір-біріне қиғаш келіп жатуы әбден мүмкін. Көпшілік дауыс алғанның сөзі – сөз. Ал Жооғарғы Кенеште бірін-бірі тыңдау қиын. Кейде сөз орнына басқа нәрсені пайдаланады. Жақында бұрынғы ішкі істер министрі, қазіргі депутат Болот Шер (бұрын – Шерниязов) сөз орнына үкімет басшысы Өмірбек Бабановқа конвертке салып екі оқ жіберіпті.
Әдетте біреу таяғын көрсетсе, таяқпен ұрамын дегені, мылтығын көрсетсе, атамын дегені деп қабылданды. Үкімет басшысына оқ жіберудің қалай қабылданатыны белгілі. Рас, депутат Шер кейін мұны өзінше басқаша түсіндіргені бар: айыпты болсам, сол оқтың бірімен өзімді атамын, егер маған жала жапсаң, бір оқпен өзіңді ат дегенім еді депті. Бүйтіп жұмбақтамай-ақ, адамша сөзбен айтса, болмай ма?
Бәрі үкімет комиссиясының тексеруі барысында соңғы «революция» кезінде дүние тонаушылар өздерінің Болот Шерден, «Атамекен» партиясының көсемі Өмірбек Текебаевтан нұсқау алғандарын мойындаған көрінеді. Мұны «Республика» партиясының фракциясы жұртқа таратып жіберіпті. Бұл үшін Шер үкімет басшысына оқ жіберсе, Текебаев граната жіберетінін мәлімдеген. Әзірге зеңбірек жіберетіндер табыла қойған жоқ.
Енді бұл парламент қайтеді? Ондағы партиялар қайта бас қосып, коалицияға біріге ала ма? Қалай дегенде де, бет жыртысқандардың, бір-біріне оқ, граната көрсеткендердің бірігуі қиын-ау. Ал біріге алмаса, парламент таратылады, тағы да сүрең саяси күрес басталады. Одан қиналатын қарапайым халық. Еңбек етіп, бала-шағасының ризығын табу орнына, саясатшылардың дүрмегіне ереді. Бұл дүрмек жақсылыққа апармайды. Қырғыз ағайындар оны талай көрген.
Сөйтсе де бірігуге әлі де үміт бар. Оған Социал-демократиялық партия ұйытқы болмақ. Ол – президенттің партиясы. Президент Атамбаев өз партиясына парламенттік коалиция құруды тапсырды. Бұрынғы премьер-министр Феликс Кулов коалицияға өзінің «Ар-намыс» және «Атамекен» партиясы кіруі мүмкін екенін айтты. Ал СДП-ға жақындау жүретін Ө.Бабановтың «Республика» партиясы да кіремін десе, онымен араздас жоғарыда аталған екі партия қайтпек? Бас тарта ма? Бас тартпағанда, бүгінгі бет жыртысудан кейін бір-біріне қалай қарайды? Бұрын коалициядан сырт қалған «Ата жұрт» партиясының пікірі қандай? Белгісіздік белең алған сәт.
Мамадияр ЖАҚЫП,
«Егемен Қазақстан».