Нұрсұлтан Назарбаев шын мәніндегі Елбасы деген ардақты атқа лайық кемеңгер саясаткер екенін тағы да бір дәлелдеді.
Отыз жылға жуық мемлекет басында болып, қаншама қиын-қыстау жағдайлардан шашасына шаң жұқтырмай шыға білген, Қазақстанды тәуелсіздік тұғырына «мәңгілікке» қондырып, әлемдік өркениет көшінің алдыңғы легіне қосқан тарлан тұлға бұл жолы да парасат биігінен таныла білді. Бұл – әлемдік өркениеттің озық үлгісі. Осы тарихи шешім арқылы ол өзінің адамзаттық құндылықтарға, әлемдік демократиялық үрдіске, ұлттық мүддеге адал әлемдік деңгейдегі тұлға екендігін дәлелдеді.
Нұрсұлтан Назарбаев басшылығы кезінде еліміздің білім, мәдениет, ұлттық рухының қаншалықты түлеп өскендігін тарата айтсақ, талай томға жүк болар еді. Тәуелсіздік дәуірінде әлемдік білім нәрінен сусындаған, еркін, тәуелсіз, мүлде жаңа ұрпақ дүниеге келді. Он жыл бойына қазақ әдебиеті мен өнерін, тарихын түгендеген «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша ұлан-ғайыр шаруалар атқарылды. Осы уақыт аралығында Қазақстан археологиясының өркендегені сондай, республика көлемінде бес «Алтын адам» табылған екен. Ал қаншама мәдени ескерткіштер қалпына келтіріліп, сандаған музейлер есіктерін айқара ашты! Астана қаласындағы әлемдік сәулет өнерінің үлгісіндегі мәдени ошақтар қазақ өнерінің шалқарын кеңейтіп тұр. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаладан бастау алған қазақ әліпбиін латын негізіне көшіру, әлемдегі ең озық жүз оқулықты қазақ тілінде сөйлету, қазақтың киелі жерлері, туған жерге тағзым, Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы сияқты қоғамдық сананы жаңа белеске көтеретін қаншама келелі істер қолға алынды. Осы игілікті істің заңды жалғасы болған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының өзінде қаншама терең ойлар мен келешегі кемел шаруалар жатыр. Бір ғана «Дала фольклорының антологиясы» мен «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын заманауи технологиямен жарыққа шығарудың өзі әдебиет пен өнер мамандарына үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Осының өзі-ақ Елбасының жас ұрпаққа әлпештеп, аялап ұстайтын құнарлы асыл мұра қалдырғанының айғағы. Ол өз еңбектері арқылы біз қастерлеп айтатын «Мәңгілік ел», «Ұлы дала елі», «Қазақ елі» сияқты қасиетті ұғымдарды санамызға сіңіре білді. Сол арқылы ұлттың рухын көтеріп, кемел келешекке деген сенімін ұялатты.
Демек, Нұрсұлтан Назарбаев еңбектерінде тереңнен тартып, келешекке қарай алтын арқау болып тартылған ұлттық сананың ұзақ өркендеу жолы жатыр. Қазақстанның тарихын түгендеп, бүгінін бекемдеп, ертеңіне бағдар түзе білген тұлғаға құрмет көрсету биік мәдениет белгісі болу керек. Елбасы сондай құрметке лайық екендігін тағы бір танытып отыр.